Бір мезетте 6 сурет салып, қазақстандықтарды таңқалдырған суретші

18 Қараша 2022, 17:35 11476

Суретші Әсел Бекжанмен сұхбат

Суретші Әсел Бекжан әлеуметтік желі арқылы жастар арасында тез танылған дарынды өнер иесі. Ол салған суреттері арқылы біршама жетістікке жетіп үлгерген. Портретші әрі өнертану ғылымдарының магистрінен сурет салудың қыр-сырын біліп, сұхбат алдық. 

- Алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстыра кетсеңіз.

- Туған қалам – Алматы. Жасым 9-ға келген кезде отбасыммен бірге Астанаға көшіп келдік. Ата-анамның арқасында балалық шағымды бақытты өткіздім. Отбасымызда алты ағайындымыз. Ата-анам – кәсіпкер. Астана қаласында қағаз өнімдерін шығаратын бизнесі бар. Өзім үйдің үлкенімін. Менен кейін сіңлім мен екі інім бар.

Біздің әулетте менен басқа шығармашылықпен айналысатын ешкім жоқ. Десе де бауырларымның маған қарап сурет салуға деген қызығушылығы артты. Оларды өнерге баулып, шабыттандыра алғаныма қуаныштымын.

Оқуға түспес бұрын ата-анам маған есепші мамандығына тапсыр деп кеңес берген еді. Алайда суретші мамандығын таңдағанымда бетімді қайтармай, керісінше сенім артып, қолдау көрсетті. Себебі сурет салғанды кішкентай кезімнен жақсы көремін. Балабақшада, мектепте оқыған кезде барлығы бойымдағы сурет салуға деген қабілетімді байқайтын еді.

- Суретке деген қызығушылығыңыз қашаннан басталды?

- Әр адамның балалық шағында құштар болатын өзінің қызығушылығы болады. Ол сурет салғанды, ән айтқанды, би билегенді ұнатуы мүмкін. Бастысы баланың таңдаған бағытында дамуына кедергі жасамау керек.

Өзімнің суретке деген қызығушылығым 5 жасымда басталды. Ешқашан сурет салуды тастаған емеспін. 12 жасымда өнер мектебіне, 16 жасымда колледжге, кейін университетке оқуға түстім. Кәсіби деңгейде суретші болу үшін ұзақ уақыт оқу керек. Көбісі суретшілерге көп оқудың қажеті жоқ деп ойлайды. Қалай болғанда да жақсы нәтижеге қолжеткізу үшін білім мен тәжірибе бірге ұштасуы қажет.

- Суреттің қай жанрында көп саласыз?

- Кәсіби суретші болғандықтан, көптеген техникамен, бояумен жұмыс істей аламын. Алайда гиперреализм бағытындағы суреттерді салғанды жақсы көремін. Қазақтың тарихи тұлғалары мен танымал адамдардың портретін салған ұнайды.

- Бір портретті салу үшін қанша уақытыңыз кетеді?

- Ол суреттің түріне байланысты. Біреуін 2 сағатта салып тастасам, екіншісіне 1 күн уақытым кетуі мүмкін. Ал егер майлы бояулармен жұмыс істейтін болсам, үлкен суретті 1 ай саламын. Суреттерімнің арасында бір жыл бойы салып келе жатқан туындым да бар.

- Суреттеріңіз сатыла ма?

- Иә, сатылатын авторлық картиналарым да бар. Тапсырыс бойынша да жұмыс істеймін.

Менен мотивация алып, өнеріме қызығатын жастар көп. Оларға тәжірибеммен бөлісу арқылы сурет салуды үйрететін онлайн мектебім бар. Оны қосымша табыс көзі десе де болады.

 

- Әлеуметтік желіде Абылай хан, Әлихан Бөкейханов, Дінмұхамед Қонаев,  Қасым-Жомарт Тоқаев, Димаш Құдайберген, Генадий Головкиннің суретін салған видеоңыз 1,5 миллионнан астам қаралым жинап, ел арасында қызу талқыланды. Сізге бір мезетте 6 суретті бірден салу туралы идея қайдан келді? Аяқпен сурет салу қиын болмады ма?

- Бір кездері әлеуметтік желі қолданушысының 6 суретті бірден салған видеосын көріп қалған едім. Сөйтіп, оның сурет салу тәсілін өзім де қайталап көргім келді. Бірнеше суретті бірге салу үшін қолдарым мен аяқтарымды 1 апта бойы жаттықтырдым. Осылайша жақсы нәтижеге қолжеткізе алдым деп ойлаймын.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от АССОЛЬ | ХУДОЖНИЦА (@assolyaa)

Танымал тұлғалардың портретін 25 қазан Республика күніне орай салып шықтым. Сондықтан Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан тұлға Абылай хан, Әлихан Бөкейханов, Дінмұхамед Қонаев,  Қасым-Жомарт Тоқаев, Димаш Құдайберген, Генадий Головкинді таңдап алдым. Олардың әрқайсы мен үшін де, халық үшін де қымбат жандар.

Әрине, бір уақытта 6 портретті салу оңайға соққан жоқ. Сурет салу барысында миым мен денемді 100 пайыз іске қосқандай сезіндім. Маркермен сызып салған кездегі әр қимылымды бақылап отырдым. Егерде суреттің бір кішкене болсын қате салып жіберсем, суреттің барлығы құртылып, еңбегім еш кетер еді.

- Табысты суретші болудың сыры неде?

- Жалқаулық – табысқа жетуге кедергі болатын қасиеттердің бірі. Адам биіктен көріну үшін үнемі өзінің білімін, кәсібилігін, тәжірибесін жетілдіріп отыруы тиіс. Жаңа дүниені бастап көруден қорықпауы қажет.

Суретшілерде «Қолды үнемі жаттықтырып отыру керек» деген ұстаным бар. Тек күн сайын сурет салу арқылы ғана өз шеберлігіңізді жетілдіре аласыз.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз суретін салғаныңыз үшін сізге хат жіберіп, алғысын білдіргді. Қандай әсерде болдыңыз?

- Мемлекет басшысын салған суретім ел арасында тез тарап кетеді деп күткен жоқпын. Ол Instagram әлеуметтік желісінде 4 миллион қаралым жинады. Суретімді Президенттің өзі де көріп, тіпті алғыс хатын жіберді. Хатты көргенде өте қатты қуандым. Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегімді елеп, алғысын білдіргені мен үшін үлкен мәртебе. Алғыс хатты оқып, сол кездегі әсеріммен бөліскен видеом әлеуметтік желідегі парақшамда бар.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от АССОЛЬ | ХУДОЖНИЦА (@assolyaa)

- Онлайн мектебіңізді қашан аштыңыз? Қанша шәкіртке білім беріп жатырсыз?

- Оны тамыз айында ғана аштым. Қазір 50-ге жуық шәкіртім бар. Олардың саны күн өткен сайын артып келеді. Барлығы дерлік менің сабақ беру әдісімді жақсы көреді. Сурет салуды кішкентай баладан бастап ересектерге дейін үйретемін. Гиперреализм бағытын таңдап, жеке брендін қалыптастырғысы келетін студенттерім де бар.

Кейбір шәкірттерім онлайн сабақтан бөлек, офлайн кездесуге шыққысы келіп жатады. Сабақты көзбе-көз кездесіп өткісі келетіндерге сурет салып, жаттығуға арналған орынды өзім іздестіремін. Қолымнан келгенше бар білгеніммен бөлісіп, үйретуге тырысамын.

- Сіздің шығармашылығыңызда адамға ерекше әсер беретін картинаңыз, Кенесарының портреті. Ол суреттің ерекшелігімен бөлісе кетіңізші.

- Кенесары ханды көзге арналған бояумен салып шықтым. Бейнероликтен байқасаңыздар, ханның портретін келтіру үшін кішкентай адамның бейнесінен салып шықтым. Мұндай сурет салу стильі менің суреттерімнің ішінде танымал. Қазір тұтынушылардың көбісі осындай картиналарға тапсырыс береді.

- Сұхбаңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: