05.05.2025
11:05
1116
«Бір адамды жабылып ұрып жатты». Шерзат Болаттың сотында куәгердің жауабы тыңдалды

«Бір адамды жабылып ұрып жатты». Шерзат Болаттың сотында куәгердің жауабы тыңдалды

Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Болаттың қаза табуына байланысты атышулы іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі отырыс айыпталушы тарап өкілдерінің журналистерге наразылық білдіруімен басталды.

Олардың айтуынша, кейбір куәгерлер мен айыпталушылардың рұқсатынсыз фото және видео түсірілім жүргізіліп, ол материалдар әлеуметтік желілерге жарияланған. Осыған байланысты олар соттан журналистерді залдан шығаруды сұрады. Судья процесте қатысып отырған журналистер мен мобилографтарға ескерту жасады.

Куәгер ретінде тыңдалған Талғар қаласының тұрғыны Сәкен Әкежанов оқиға болған күні мылтық дауысын естігенін және бір топ адамның бір адамды соққыға жыққанын көргенін айтты. Алайда олардың кім екенін нақты тани алмаған. Куәгер өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Айыпталушы тарап куәгердің тергеу кезінде берген жауабына сілтеме жасап, жәбірленушінің қолындағы затты жұлып алып, кейін оны сол затпен ұрғанын жеткізді. Адвокаттар заттың мылтыққа ұқсастығын сұрағанда, куәгер: «Білмеймін, байқаған жоқпын», — деп жауап берді.

Айта кетейік, бұл іс бойынша барлығы 9 адам айыпталушы ретінде танылған. Сот процесі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр.