Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстандағы NEET санатындағы жастардың үлесі (яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін әрі оқыту курстарынан өтпейтіндер) 6,2% болды. Салыстырар болсақ: 2024 жылы бұл көрсеткіш – 6,5%, ал 2023 жылы 7,3% еді. Жалпы республика бойынша төмендеу байқалғанымен, кейбір өңірде жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы Inbusiness.kz-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Қай аймақта жағдай күрделі?
Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректеріне сәйкес, ең жоғары NEET деңгейі Ұлытау облысында тіркелген – мұнда әрбір оныншы жас еңбек пен білім жүйесінен тыс қалған (10,4%). Ұқсас жағдай Маңғыстау облысында (10%), Қарағанды облысында (7,9%) және Жетісу өңірінде (7,6%) тіркелген. Бұл көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден шамамен екі есе жоғары.
Ал кейбір өңірлерде керісінше жағдай жақсарған. Мәселен, Түркістан облысында NEET үлесі 5,8%, ал Шығыс Қазақстан облысында небәрі 4,2%.
Жастар саны және олардың жұмыспен қамтылуы
2025 жылдың басында Қазақстанда 14 пен 34 жас аралығында 5,82 млн жас бар. Бұл ел халқының шамамен 28%-ын құрайды. Оның ішінде 3,67 млн қалада, ал 2,15 млн ауылда тұрады. Жастардың ең көп шоғырланған өңірлері:
Алматы қаласы – 713 мың,
Түркістан облысы – 671 мың,
Астана қаласы – 482 мың.
Жалпы жастардың 3,74 миллионы экономикалық белсенді саналады, яғни жұмыс істейтін немесе жұмыс іздейтіндер. 2025 жылдың бірінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1% болды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен тең, әрі 2023 жылғыдан (3,5%) төмен. Дегенмен абсолютті түрде 117,9 мың жас әлі де жұмыссыз жүр.
Жұмыссыздық ең жоғары өңірлер
Ел бойынша жалпы жағдай тұрақты болғанымен, мегаполистерде жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші жоғарырақ:
Алматыда – 4,1% (ел бойынша ең жоғары),
Астанада және Жетісу облысында – 3,8%,
Алматы облысында – 3,1%,
Түркістан облысында – небәрі 1,9% (республикалық деңгейден екі есе төмен).
Бұл айырмашылық жастар үшін ірі қалалардағы еңбек нарығының бәсекелестігі жоғары екенін, ал халқы тығыз орналасқан өңірлерде жұмысқа орналасу мүмкіндігінің шектеулігін көрсетеді.