Білімділер сайысы

21 Сәуір 2017, 08:00 5959

Журналистикадан IX республикалық пән олимпиадасы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы  бойынша IX республикалық пән олимпиадасы өтуде. Олимпиада бағдарламасы бойынша Сыр өңірінен тарихынан сыр шертетін, археологиялық зерттеулер кезінде табылған көне заман мұраларын сақтап, зерттейтін "Археология жəне этнографиялық ғылыми-зерттеу орталығы" жұмыс жасап келеді. 

Орталықтың көрме залы 2011 жылдан бастап археологиялық қазбалар барысында табылған экспонаттар, тематикалық билбордтар мен Сыр елінің тарихи-мəдени ескерткіштері көрермен назарына ұсынылуда. Көрме залы бірнеше бөлімге бөлінген. Бірінші бөлімінде Арал маңына жүргізілген археологиялық зерттеулер тарихына үңілдік. Тамыры тереңде жатқан ортағасырлық Жанкент қаласы жайлы мағлұматтар қабырғаларда бой көтерген. Сондай-ақ, бірнеше тарихи дəуірлердің нысаны ретінде зор ғылыми маңызға ие болған Шірік рабат археологиялық экпедициясы жайлы да көп мағлұматтармен қанық болдық. Академик С.П.Толстов енгізген "Батпақтағы қалалар", Сырдарияның төменгі ағысындағы оғыз қалалармен таныстық.  

Арал өңіріндегі көпжылдық археологиялық ізденістерді қорытқан еңбектер де көрініс тапты. Аралдың кепкен табанына жүргізілген зерттеулер, Арал-Асар қонысы жəне Кердері мавзолейі туралы сөз қозғалды. Көрме залының екінші бөлімі Шірік рабат мəдениетіне арналған. Залда Сырдың төменгі ағысындағы архитектуралық ескерткіштер атап айтқанда, ХV-XVI ғасырлардағы Сырлытам мавзолейі, XIX ғасырда Кəрібай мавзолейі, XIX ғасырда Қалжан Ахуы, Сараман Қоса  медресесі, Орақ мұнарасы туралы мəліметтер келтірілген. Сонымен қатар, көрме Сыр өңірінің сақ өркениеті: қалалар мен бекіністері, ғибадатханалар мен кесенелері, суармалы егіншілік, қолөнері мен сыртқы өркениеттермен байланыс, асарлар саны 50-ден асатын Жетіасар мəдениеті туралы деректерімен де құнды. 

Сондай-ақ, 1959, 1960-1961 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының негізінде ашылған оғыз кезеңіне жататын ортағасырлық қалалар жайлы сыр шертетін құндылықарымызды насихаттайтын бұндай мұражайлардың болуы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет  үшін үлкен мəртебе. Барлығы жеті бөлімнен тұратын көрме залы туралы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша өтіп жатқан ІХ республикалық пəн олимпиадасына келген қатысушылар тың мəліметтермен қанықты. Университет мұражайында тарихи жəдігерлердің сақталуы Қызылорданы əлемге танылуына мүмкіндік ашады.

Бөлісу: