10.09.2025
15:41
582
Білімді болсаң, 85 мың теңге алмайсың - министр

Білімді болсаң, 85 мың теңге алмайсың - министр

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова журналистердің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

БАҚ өкілі министрден: «85 мың теңге көлемінде жалақы алатын 780 мың азамат бар. Оларға қандай кеңес бересіз?» – деп сұрады.

Светлана Жақыпованың айтуынша, ең алдымен әр азамат өзінің кәсіби деңгейін көтеруге ұмтылуы керек.

Бұл жерде 85 мың теңге алмау үшін, біріншіден, оқу керек, еңбектену керек. Өзіңнің біліктілігіңді арттыру қажет. Сол арқылы басқа жұмысқа орналасып, 85 мың теңгеден жоғары жалақы табуға болады, – деді министр.

Сонымен қатар ол табысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетілетінін айтты.

Егер отбасы қиын жағдайға тап болса, мысалы, үйдегі жалғыз табыс көзі 85 мың теңге болып, анасы бала күтімімен отырса, мемлекет ол отбасын қиын жағдайда қалдырмайды. Егер отбасының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, оларға атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бүгінде заң бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалып отыр, – деді Жақыпова.

Министр әлеуметтік көмекке ілінбей қалған азаматтардың да қолдау ала алатынын атап өтті.

Егер осындай жағдай болса, азаматтар әлеуметтік басқармаларға барып арыз береді. Қызметкерлер жағдайын тексеріп, есептеп шығады. Егер мұқтаж екені расталса, көмек міндетті түрде көрсетіледі, – деді министр.