Қалада оқып, ауылда еңбек етіп жүрген жас маман Бексұлтан Мұратбекұлы – бүгінде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылындағы Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясында тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Ауылда өсіп, ауылдың тұрмысын жанына жақын көрген жас маманмен El.kz интернет порталының тілшісі тілдесіп, әңгімеге тартты.
Ауылдың болашағына білім арқылы үлес қосып жүрген жас ұстаз ауылда өсіп, ауылдың тұрмысын жанына жақын көргендіктен, туған жерінде балаларға сапалы білім беруді өзінің абыройлы міндеті деп санайды. Сондай-ақ ауылдың тыныс-тіршілігі Бексұлтанға жақын көрінеді.
Бексұлтан Мұратбекұлы үшін ауылға оралу – жай ғана жұмыс емес, көзқарас пен құндылықтың айғағы. Ол көпшіліктің «ауылда мүмкіндік аз» деген стереотипін бұзуды мақсат етеді.
Ауылда да өмір бар екенін дәлелдеу – мен үшін маңызды. Жастардың көбі қалаға ұмтылғанымен, мен керісінше ауылдан өз орнымды таптым. Мұнда қоғамға пайдалы болып, жас ұрпаққа білім беру – мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді жас ұстаз.
Жас маман мұғалім болуды бала кезден армандаған. Оның қызығушылығы әсіресе тарих пәніне ерекше болған көрінеді.
Өткенді білу арқылы болашақты түсінуге болатынын ерте сезіндім. Сол себепті жүрегім тарихшы болуды қалады. Бүгінде сол арманым орындалып, жас ұрпаққа тарихтың қыр-сырын үйретіп жүрмін, – дейді ол.
Бексұлтанның айтуынша, ауыл мектебінде оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы өте жақын.
Мұнда әрбір баланы жеке танисың. Олардың қуанышы да, қиындығы да сенің алдыңнан өтеді. Бұл ұстазды тек білім беруші ғана емес, үлкен жауапкершілік иесі болуға жетелейді, – дейді ол.
Жас ұстаз үшін мектепке күн сайын келудің өзі бір қуаныш.
Таңертең балалармен жылы амандасып, аздап қалжыңдасамын. Сол сәтте олардың күлкісі мен шаттығы менің көңіл-күйімді көтеріп, күнді жақсы бастауға сеп болады, – дейді Бексұлтан.
Ол үшін әрбір оқушының жүзіндегі шаттық – ең үлкен сый. Балалардың ықыласы мен сенімі ұстаздың еңбегіне қанат бітіреді. «Мұғалім болу – тек білім беру емес, сонымен бірге балаға қуаныш сыйлау, оның арманын қолдау» деген қағиданы жас мұғалім басты ұстаным еткен.
Ол тарих сабағын балаларға қызықты әрі түсінікті жеткізуге ерекше мән береді. Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі әдістерді қолданады.
Тарихты жалаң дерекпен емес, өмірмен байланыстыра түсіндіргенде ғана балалар оны жақынырақ қабылдайды. Сол үшін ойын элементтерін, сұрақ-жауап тәсілін жиі қолданамын. Тарихи оқиғаларды оқушылардың бүгінгі өмірімен салыстырып айтқанда, олар сабақты қызыға тыңдайды, – дейді ұстаз.
Осылайша, тарих пәні балалар үшін тек өткеннің оқиғасы емес, қазіргімен үндесіп жатқан құндылықтарға айналады әрі оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың есте сақтау қабілетін де күшейтеді.
Жас педагог үшін ең маңыздысы – білімді қызықты әрі жеңіл жеткізе білу ғана емес, балаларға өмірлік көзқарас қалыптастыру.
Әрқашан көңілді жүруге тырысамын. Өмірде қиындық болмай тұрмайды, бірақ кез келген жағдайдың жақсы жағын іздеуге дағдыландым. Сол оптимизмімді оқушыларға да сіңіргім келеді, – дейді.
Ол үшін мұғалім тек білім беруші емес, сонымен қатар шәкірттеріне өмірлік бағыт-бағдар көрсететін тұлға. Сондықтан ол оқушыларға әрдайым мотивация беруді әдетке айналдырған.
Оқушыларға әрқашан айтарым: «Білім – сендердің болашақтарыңа ашылатын есік. Еңбектенсеңдер, талмай ізденсеңдер, биіктерді бағындырасыңдар». Бұл – менің ұстаздық жолдағы басты ұстанымым. Бала армандай білсе, сол арманға жету үшін білімді серік етуі тиіс, – дейді ол.
Жас ұстаздың айтуынша, оқушыға сенім ұялатып, қанат бітіру – білім берумен қатар жүретін маңызды іс. Өйткені нағыз ұстаз шәкірттің болашағына жол көрсетуші шамшырақ болуы тиіс.
Сондай-ақ Бексұлтан шәкірттеріне және әлеуметтік желідегі оқырмандарына үнемі мотивация беруге тырысатынын айтады. Бүгінде ол ауыл мұғалімі ретінде көпшілікке әлеуметтік желісі арқылы танылған. Түрлі мотивациялық бейнежазбалар салып, желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленуде.
Мұғалімнің ең үлкен қуанышы – шәкіртінің жетістігі екені айқын.
Маған шабыт беретін – оқушыларымның жетістігі. Олардың қуанышы мен алға жылжуы – мен үшін ең үлкен сый. Әрбір оқушының жетістігі мені одан әрі еңбек етуге ынталандырады, – дейді Бексұлтан Мұратбекұлы.
Оқушылардың әрбір қадамы – тек жеке жеңіс қана емес, ұстаздың да еңбегінің жемісі. Сондықтан да жас маман шәкірттерінің жетістігін өзінің ең үлкен марапаты санайды. Жас маманның айтуынша, ұстаздық тек білім берумен шектелмейді.
Жақсы мұғалім – тек білім беруші емес, ол – жол көрсетуші, қолдаушы, мейірімді жан. Мұғалім әрқашан ізденісте болуы керек деп ойлаймын. Ізденген ұстаз ғана шәкірт жүрегіне жол таба алады, – дейді ол.
Осы ұстанымымен жас педагог ауыл мектебінде балалардың болашағына бағыт беріп, қоғамға пайдалы ұрпақ тәрбиелеуді басты міндет санайды. Оның болашаққа қойған мақсаты айқын.
Алдағы арманым – жаңа жобалар жасап, шәкірттерімді үлкен жетістіктерге жеткізу. Ауылдан шыққан оқушылардың да әлемдік деңгейде ой өрбітуіне үлес қосқым келеді, – деді.
Бексұлтанның бұл мақсаты – ауыл мектебінің мүмкіндігі шектеулі деген түсінікті өзгертіп, ауылдан да әлемді мойындататын ұрпақ тәрбиелеуге болатынын дәлелдеу.
Ол қала мен ауыл мектебінің өзіндік ерекшеліктерін салыстыра отырып, әрқайсысының артықшылықтары бар екенін айтады.
Қалада мүмкіндік көбірек, қосымша орталықтар, түрлі үйірмелер мен жаңа технологияларға қолжетімділік жоғары. Ал ауыл мектебінде қарым-қатынас өте жақын әрі шынайы. Мұнда әр балаға жеке көңіл бөлуге мүмкіндік бар. Бұл ұстаз бен оқушы арасындағы сенімді нығайтады, – дейді ол.
Жас ұстаздың пікірінше, ауыл мектебінің басты күші – балаға деген жанашырлық пен әр оқушыға жеке назар бөлу мүмкіндігі. Әріптестеріне әрдайым табандылық пен ізденістің маңызын еске салады.
Жас мұғалімдерге айтар кеңесім – ешқашан ерінбеу, үздіксіз білім алу. Тәуекел етуден қорықпау керек. Ұстаздық жол – үлкен жауапкершілік пен ізденісті талап етеді, – деді.
Алдағы уақытқа деген жоспары да айқын.
Алдағы 10 жылда өзімді тәжірибелі ұстаз ретінде, шәкірт тәрбиелеп, қоғамға пайдасы тиетін азамат ретінде көремін. Ең бастысы – өз ісімді сүйіп, шәкірттерімнің сенімін ақтау, – дейді жас педагог.
Оның бұл ұстанымы – ауылдан шыққан балаларға шабыт беріп қана қоймай, ұстаздықтың қоғамдағы мәртебесін де асқақтатады. Жас педагогтың мақсаты – ауыл мектебінен де әлемді мойындататын ұрпақ тәрбиелеу. Бұл жолда ол білімді де, мейірімді де, ізденісті де серік етіп келеді.