Қазақстанның білім беру жүйесі үнемі қозғалыста, ал реформалар оның даму тетігіне айналды. Бірақ кез келген өзгеріс – бір күннің ісі емес. Бұл туралы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің 12-ші Білім және ғылым министрі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы болған Күләш Шәмшидинова El-Women жобасына берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
- Күләш ханым, Сізбен бүгінгі сұхбат кездейсоқ жазылып жатқан жоқ, осыдан бірер күн бұрын сіздің “Үздік” атты жаңа кітабыңыз қолыма түсіп, бірден өзіңізді іздедім. Өйткені дәл қазіргі уақытта Қазақстанда бала тәрбиесі, баланы оқыту, ғылымға баулу секілді мәселелер аса өзекті болып тұр. Ал, мынау кітапта осы мәселелер қамтылған екен. Айтыңызшы, Сіздің қазіргі білім беру жүйесіне, баланы тәрбиелеу әдістеріне көңіліңіз тола ма?
- Жалпы Қазақстандағы білім жүйесінің құрылымына қарайтын болсақ, бұл толық жүйе. Бұл жерде балабақша, мектеп, қосымша білім беретін ұйымдар бар. Екінші айтатын мәселе, бұл жерде мемлекеттік қана ұйымдар емес, сонымен қатар мемлекеттен тыс ұйымдар да бар. Яғни, мемлекеттік емес, жекеменшік ұйымдар да бар. Бұл жерде көбіне реформа, реформа дейсіз, сіз де қазір реформадан бастап отырсыз. Білім жүйесі де өмір сияқты өзгеріске ұшырап отырады. Өзгерістер болып отырады. Міне, сондай өзгерістерді бізде халық реформа деп қабылдайды. Шын мәнінде бұл реформа емес. Реформа деген – бұл жүйелі түрде құрылымды өзгертетін, білімнің мазмұнын өзгертетін, бағалау жүйесін өзгертетін, түбегейлі өзгерістер болатын дүние.
Білім саласында мұндай реформалар бірден жүрмейді, біртіндеп жүреді. Реформаны сонау 2002 жылы алғаш рет Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясы нәтижеге бағытталған стандарт қабылдаудан бастады. Бұл сол кезден бастап ақырындап білімнің мазмұнын өзгертуге байланысты реформа басталды деуге болады. Міне, бұдан кейінгі мәселе 2016 жылы енгізілген жаңа стандарт 2002 жылы басталған идеяның жалғасы болатын. Ондағы мәселе неде еді? Білімнің өз философиясы бар. Біз 2002 жылға дейін баланы неге оқытамын деген сұраққа жауап беріп келдік. Яғни, бұл деген сөз білімнің философиясы неге оқытамын дегенде стандарттың өзі құрылған кезде стандартқа кіре беріс стандартталады. Содан кейін оқу процесінің жүретіні, қандай құрал-жабдықтар пайдалатыны стандартталады. Ал қазір дүние жүзінде не үшін оқытамын деген сұраққа жауап береміз. Бұл білімнің парадигмасының өзгергені, мұндай жағдайда нәтижеге стандарт қойылады. Нәтижеге стандарт деген сөз, сіз қандай оқу бағдарламасымен жұмыс істейсіз, сіз қандай оқулық пен қандай құрал-жабдықты пайдаланасыз, бұл мұғалімнің, ұстаздың құзыретіндегі дүние. Бұрын «Неге оқытамын?» деген сұраққа жауап іздесек, қазір «Не үшін оқытамын?» деген сұраққа жауап береміз.
Себебі, 20 ғасырдың аяғы мен 21 ғасырдың басында түбегейлі технологиялық өзгерістер көбейіп кетті. Жаңадан шыққан технологиялар бірден адамзаттың өміріне, экономикаға, өндіріске кіріп кетті. Яғни, көп нәрсені өзгертетін бұл – технология. Технологиялар тек еңбек нарығын өзгертіп қойған жоқ, адам мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты өзгертті. Міне, осыған байланысты заңның өзі өзгереді. Мұндай жағдайда математика мен химияны жатқа білу жеткіліксіз. Яғни, ең негізгі мәселе функционалдық сауаттылық деген не деп қарапайым жауап беретін болсақ, бұл – алған біліміңді өмірде пайдалана білу. Сондықтан да білім саласындағы реформалар осының айналасында жүретін болады. Осы уақытқа дейін мұғалімдер «маған автономия бермейсіңдер» деді, содан кейін 2016 жылғы стандарт сол автономияны берді. Қай оқулықты пайдаланғың келеді, қай құралды пайдаланғың келеді, қандай әдіспен оқытасың, шешім қабылда. Мен де кеңес үкіметі кезінде мұғалім болдым. Бұрынғы стандартта қанша бақылау жұмысы болады, қанша диктант болатыны жазылып тұратын. Қазір қанша бақылау алатынын мұғалім өзі шешуі керек. Сондықтан да реформаға көңілім тола ма, жоқ па деген сұраққа бірден жауап беру қиын. Бұл өте толыққанды жүретін дүние. Білім саласында кешігіп қалу деген бар. Мәселені бірден түсіне қоймаймыз, оны түсінген бойда жауап іздеуге кешігеміз. Кез келген білім жүйесінде осындай кешігулер болып тұратынын айтқым келеді.