Білім күнінде 11 мыңнан астам полицей қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кеше еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. Осыған байланысты ІІМ жаңа оқу жылының басталуына орай мерекелік іс-шаралар өткізілген жерлерде қоғамдық тәртіпті сақтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Әр оқу орнына екі полиция қызметкері және полиция департаменттері мен бөлімдерінің басшылығынан жауапты адамдар бекітілді. Патруль нарядтары мектептерге мүмкіндігінше жақын жерлерде болды.
Жалпы қоғамдық тәртіпті қорғауға 11 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды (қалаларда – 5518, аудандарда - 5908).
Сондай-ақ 7-11 сынып оқушылары үшін полиция қызметкерлері құқықтық сауаттылықты арттыру, қауіпсіздік шаралары мен жол жүрісі қағидаларын түсіндіру бойынша 6 мыңнан астам дәріс өткізді.
Білім күні қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмеді. Сонымен қатар кешкі және түнгі уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізілді, - деп хабарлады полицияда.