Білім гранттарының конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау жалғасуда

20 Шілде, 14:39 797

13 шілдеде басталған білім беру гранттарының конкурсына құжат қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары демалыс күні де жалғастыруда. Құжаттарды кез келген жоғары оқу орны (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта жүзеге асырылатындығын атап өтті. Сондай-ақ, ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді.

Биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант тиесілі. 

Алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген. Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар.
 
Отандық жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын; 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом) тапсыру керек. Сондай-ақ, жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.
 
Елімізде биыл 139 мыңға жуық талапкер ҰБТ-да шекті балл жинаған. Олар грант конкурсына қатыса алады.

Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: