«Білім бөлімі басшысы 680 млн теңге жымқырған». Министр пікір білдірді

20 Ақпан, 14:01 955

Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімінің басшысы 680 млн теңге көлемінде бюджет өаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Осы жағдайға байланысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет брифингінде журналистер министрден «соңғы кездері білім саласындағы жемқорлықтың артуына не себеп?» екенін сұрады.

Оқу-ағарту мен жемқорлық бір-біріне сәйкес келмейтін ұғымдар. Сондықтан былтыр Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігімен бірлесе отырып, осы саладағы мәселелерді зерттеуге кірістік. Сол бағытта Жол картасы әзірленді. Мен бірнеше рет мектеп басшыларымен, білім басқармаларымен бірлескен кездесулерді, семинарларды өткіздік. Қазір көп анықталып отырған жағдайлар 2020 жылдан бастап жіберілген көп қателіктер шығып жатыр. Жалпы бұл салада жемқорлық атымен болмауы тиіс. Бұл бағытта барлығымыз бірлескен жұмыс істеуіміз керек, - деді министр.

Айта кетейік, Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Ол Іле ауданының орта мектептерінде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша жалақы аудару арқылы 680 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікті.

Сонымен қатар, ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырып, оған заңсыз жалпы сомасы 4.9 млн теңге жалақы төлеген.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Миражан Махан
Бөлісу: