"Биліктің кінәсі зор". Депутат ең төменгі зейнетақы 57 мыңға өмір сүру мүмкін емесін айтты

18 Қазан 2023, 11:50 5703

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов зейнетақы жүйесін қайта жаңғыртуды талап етті. Ол вице премьер Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында ең төменгі зейнетақыға өмір сүру мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елдегі зейнетақы мөлшері негізінде сол елдің экономикалық даму деңгейін, демографиялық жағдайды және әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясатты анықтауға болады. Қарапайым халықтың әл-ауқаты қаншалықты жақсарып жатқаны мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің артуынан байқалады.

Қазақстанда 30 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе ретінде – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін айтуға болады. Еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып отыр. Шын мәнінде, 30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстанға зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек. Бұл ретте ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтудің маңызы зор. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет, деді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, зейнетақы жүйесіндегі тиімді өзгерістер – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайының, өмір сүру сапасының азда болса артуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп арттыруды тапсырып келеді. Биыл ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтерілсе, келесі жылы 85 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылды. Ал, осы ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып бекітіледі. Сондықтан да, зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру – Үкімет алдындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болуы қажет деп есептеймін, деді Әділ Жұбанов.

Себебі, мемлекет азаматтардың ең төменгі жалақы деңгейінен төмен емес зейнетақы алуына кепілдік беруі қажет. Әлемнің кейбір елдерінде адамның зейнетақысы белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен болса, онда мұндай зейнеткерге әлеуметтік үстемеақы төлеу тәжірибесі бар.

Ең төменгі зейнетақыны алатын кім деген сұрақ туындайды? Ол, еңбеқ өтілімі жоқ, зейнетақы қорына ақшасы салынбаған адам. Ондай адамдар көбіне ауылдық жердің тұрғындары. Ауыл тұрғынында еңбек өтілімі  қайдан болады, егер сол кездегі мемлекет басшысы жасап тұрған совхоздар мен колхоздарды күшпен таратып, енді біз етті Бразилия, Аргентинадан аламыз десе?,  деді депутат.

Депутат  халықтың осындай жағдайға тап болғанына биліктің де кінәсі зор екенін айтты.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: