Қазақстанда жастар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде 14–35 жас аралығындағы 5 миллионнан астам азамат бар. Бұл - ел халқының үштен біріне жуық әлеуетті күш. Соған қарамастан, жастардың қоғамдық-саяси процестерге қатысу деңгейі әлі де төмен. Олар түрлі әлеуметтік бастамаларды көтеріп жүргенімен, бұл ұсыныстар көп жағдайда шешім қабылдау деңгейіне дейін жетпей жатады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында еліміздегі ең ірі және ықпалды жастар ұйымдарының бірі - «Жастар Рухы» нақты ұсыныс білдірді. Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы жастардың қоғамдық-саяси белсенділігіне қатысты көзқарасын білдірді.
Оның айтуынша, саясат - бұл тек заң қабылданып, құжат бекітілетін ресми алаң ғана емес, жастардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін кеңістік.
Бүгінгі таңда интернеттің жылдамдығы, жол сапасы, жұмыспен қамту - мұның барлығы саяси шешімдердің нәтижесі. Сондықтан біз сырттан бақылаушы емес, осы үдерістің белсенді қатысушысы болуымыз керек, - деді ол.
Абылай Құрметұлы «Жастар Парламенті» заң шығару процесін тәжірибе жүзінде үйренуге арналған шынайы мектеп болуы тиіс екенін атап өтті.
Саясат - бұл біздің күнделікті тіршілігіміздің күретамыры. Білім алу, жұмыс табу, интернетке қол жеткізу, инфрақұрылым сапасы – бәрі де саяси шешімдерге байланысты. Сондықтан мен «саясатқа қатысудың жасы емес, жаны бар» дер едім. Қазір жастар бейжай емес. Олар «неге бұл заң қабылданды, ал мынау неге қабылданбады?» деп сұрай бастады. Бұл - азаматтық сананың оянғанының айғағы. Бірақ сұрақ қою жеткіліксіз. Жауап іздеу, шешімге ықпал ету - бұл бүгінгі жастың міндеті. Білім – қару, ақыл – нысана, ал саясат – сол арқылы бағыт көрсететін құрал. Біз бұл үдерісті сырттай емес, іштен сезінуіміз керек. Заң қалай жазылады? Кім қарайды? Қайда бекітіледі? Мұны көзімен көріп, жүрегімен түйсінгенде ғана жастарда терең түсінік қалыптасады, - деді ол.
Сондай-ақ жастар бастамасы нақты өзгеріс әкелетінін іс жүзінде дәлелдегенін айтты.
Былтыр «Жастар Рухының» бастамасымен вандализмге қарсы петиция жарияланды. Мәжіліс депутаттары бұл үндеуді қолдап, артынша заң қабылданды. Президент қол қойды. Соның нәтижесінде табиғатты бүлдіргендерге салынатын айыппұл екі есеге артты. Бұл – біздің жас болсақ та, нақты өзгеріске ықпал ете алатынымыздың айқын дәлелі, - деді Абылай Құрметұлы.
Осы орайда ол «Жастар Парламентін» құру бастамасын нақтылап, бұл жобаның маңызын кеңінен тарқатты:
Бұл жай ғана мінбер немесе декларация емес. Бұл - жастар еркін ой айтып, идеядан іске, пікірден нақты нәтижеге жететін ортаға айналуы тиіс. Бұл - заң шығару үдерісін жете түсінуге, нақты тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін өмірлік мектеп. Бұл құрылымға мектеп оқушысы да, университет студенті де, колледж шәкірті де, зауыттағы жұмысшы да, өз ісін енді бастаған жас кәсіпкер де қатыса алар еді. Бастысы – жүректе жалын, бойда намыс, ойда елге қызмет етем деген арман болса жеткілікті.
Абылай Құрметұлы өз сөзінде соңғы сайлауда дауыс бергендердің төрттен бірі жастар болғанын еске салды.
Бұл жай ғана демография емес, бұл - демократияға деген дайындықтың дабылы. Сондықтан бізге жастардың үнін еститін, пікірін заңға айналдыра алатын алаң қажет. Жастар Парламенті арқылы жастар сайлау науқанының барлық кезеңін басынан өткеріп, дауыс беру, үгіт-насихат, пікірсайыс, шешім қабылдау тәжірибесін ерте бастан меңгерер еді. Осы лагерьде отырған жас мәслихат депутаттары да бұл бастаманы қолдайды деп сенемін. Себебі сіздер де кезінде дәл осындай сеніммен алғашқы қадам жасадыңыздар, - деді Абылай Құрметұлы.
«Жастар Рухы» республикалық жастар-саяси лагері жыл өткен сайын мазмұны мен маңызын арттырып келеді. Ұйым төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, бұл платформа тек белсенді студенттерге ғана емес, мәслихат депутаттарына, қоғамдық пікір көшбасшыларына, спортшылар мен блогерлерге, эко-белсенділерге дейін кең ауқымды аудиторияны біріктіретін ортаға айналған.
Лагерь 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Басты ерекшеліктердің бірі - шараның әр жылы еліміздің түрлі өңірлерінде ұйымдастырылуы. Бұған дейін лагерь Ақмола (2022), Алматы (2023) және Түркістан (2024) облыстарында өтті. Биылғы «Bir Tolqynda» лагері Алтайдың баурайындағы Шығыс Қазақстан өңірінде ұйымдастырылып, 500-ге жуық жас делегатты қабылдады. 2025 жылғы лагерьдің айрықша тұсы - еліміздің 20 өңірінен жұмысшы мамандық иелерінің шақырылуы болды. Түрлі саланың өкілдері бір алаңда бас қосып, өз идеяларын ортаға салып, маңызды мәселелерді талқылап, шығармашылық әрі креативті ойларын нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік алды
Лагерьдің басты құндылықтарының бірі - ашық диалог алаңдары. «Bir Tolqynda» форматында жастар заң шығарушы органдардың өкілдерімен, спикерлермен еркін пікір алмаса отырып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Бұл - жай әңгіме емес, нақты шешімдерге бастайтын тиімді механизмге айналып отыр. Соңғы жылдары осы алаңда көтерілген бастамалардың кейбірі заңнамалық деңгейде қолдау тауып, нақты жобалар түрінде жүзеге аса бастады.
Биыл лагерьдің негізгі мазмұны Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өрбіді. Лагерь аясында ҚР Мәжілісі мен «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жаңа бастаманы - «Жұмысшы жастар аманаты» жобасын таныстырды. Жоба жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамту, білім алу мен біліктілікті арттыру сияқты нақты бағыттарды қамтиды. Жастар жиі бастама көтергенімен, олардың ұсыныстары жоғары деңгейге жетпей қалып жататыны жасырын емес. Ал мұндай лагерлік формат - тікелей диалог арқылы жастардың үнін шешім қабылдайтын орталарға жеткізудің нақты жолы болып отыр. Осы жылы да бұл тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеді: диалогтан - нәтижеге дейінгі аралық қысқарды, - дейді
Ақерке Искандерованың айтуынша, «Жастар Рухы» лагері бір реттік акция емес. Соңғы төрт жылда дәл осы алаңнан бастау алған бірнеше идея нақты жобаға айналып, іске қосылған. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Дамира Баймағанбетова – «Алюминий Казахстана» кәсіпорнының тау-кен инженері болып қызмет атқарады. Өндірісте еңбек етіп жүрген жас маман жұмысшы жастардың шынайы өмірі мен қазіргі жағдайына тоқталып, бірқатар өзекті ұсыныстарын жария етті.
Біздің жұмысымыз көпшілікке көріне бермейді. Біз сахнаға шықпаймыз, жаңалықтарға жиі ілікпейміз. Бірақ дәл осындай жандардың арқасында елдегі кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр. Біз – өндірістің тірегі саналатын еңбек адамымыз, – деді ол.
Дамира Баймағанбетова еңбек етіп жүрген кәсіпорын - Қазақстанда глинозем мен алюминий өндіретін жалғыз мекеме.
Біз өндіретін өнім бүгінде дүниежүзінің түкпір-түкпіріне таралған. Әлемнің әр үйінде, әр отбасында біздің еңбектің бір бөлшегі бар: алюминийден жасалған қасықтан бастап көлік дискілеріне дейін. Қазір осы залдағы жарықтың өзінде де алюминий бар. Бұл жай ғана металл емес – бұл мыңдаған адамның маңдай тері, – деді ол.
Осы орайда Дамира Баймағанбетова жұмысшы жастың тек өндірісте ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді болуына жағдай жасау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда көптеген компанияларда шығармашылық, спорттық немесе волонтерлік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік жоқ. Ал дәл осындай орта жастарды сенімді, көшбасшы, саналы тұлға ретінде қалыптастырады.
Ол жұмысшы жастарға арналған үш нақты ұсыныс ұсынды:
Әр кәсіпорында жастар комитеттерін құру – өзара байланыс пен жаңа идеяларды дамыту үшін.
Жас мамандарды спорттық және волонтерлік жобаларға тарту – олардың жұмыс күнін мазмұнды ету үшін.
Әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту, қаржылық сауаттылықты арттыру – бұл бағытты мемлекеттік және партиялық бағдарламалармен ұштастыру («Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам»).
Жұмысшы мамандығы – бұл кездейсоқ таңдау емес. Бұл – саналы шешім, жауапкершілікті мойнына алуға дайын адамның таңдауы. Біз күнде ерте тұрып, зауытқа, шахтаға, құрылысқа барамыз. Біз мемлекеттің нағыз іргетасымыз. Еңбек адамының үні естілуі керек. Және бұл үн тек өндірісте емес, ел болашағын айқындайтын шешімдерге де әсер ете алуы тиіс, – деді Дамира Баймағанбетова.