Спорт

Бибісара кейсі: қазақ тілі қоғамдық бағалаудың жаңа өлшеміне айналды

30.06.2026 09:35
Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Шахматшы Бибісара Асаубаева мен мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров шамамен бірдей уақытта жалақы мәселесін көтерді. Екеуі де әлеуметтік желіде жазба жариялап, тиісті қаражаттың төленбей жатқанын айтты. Қызығы сол, халық «Шайдоровқа ақша беру керек» деді де, Асаубаеваға келгенде «қазақша үйренгісі келмейтін спортшыға не үшін ақша төлейміз?» деп даурықты. Міне, осы кейс арқылы қазақ тілінің күш алып жатқанын, жарнама тіліне айналғанын талдап көрелік.  

Хейт неден басталды?

Иә, мұнда мойындау керек бір жайт бар. Threads желісінде шахматшыға хейт жауды. Ақша мәселесінің ақ-қарасын ешкім толық аша алған жоқ. Бір білеріміз, қарсы тарап қазақ тілі «қаруын» сәтті пайдаланды. Бибісара Асаубаеваның қазақша білмейтіні, «үйренгісі келмейтіні» бұрыннан белгілі. Мүдделілер оның осы жауабын дер кезінде «қиып», жанған оттың ортасына тастай салды. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде қазақша сөйлеуді талап ететін, шегелеп сұрайтын менталитет қалыптасқан-ды. Сөйтті де оның 2023 жылы Instagram-да желі қолданушысының қазақша үйренуге қатысты сұрағына берген жауабын қайта жүктеді.

@omirkorsetedi Қор болған, ана тілім! Бибісара Асаубаеваның әлеуметтік желіде “қазақ тілінде неге сөйлемейсіз?” деген сұраққа жауабы ғой. Қандай платформа арқылы тікелей эфирге шыққанын білмеймін. Осы бөлігі тарап жүр. Тілді білмесе, Қазақстан атынан жарысқа шығармай қоятын заң болса бізде, шіркііін))) Бірақ, қайдам…#өзойым#өміркөрсетеді#өмірдіңжаңалықтары #шахмат#бибісараасаубаева #қазақстан #аста ♬ оригинальный звук - Өмір көрсетеді

Кестем өте тығыз. Отбасымызда бәрі негізінен орыс тілінде сөйлейді. Қазақ тілін үйренуге уақытым жоқ. Айталық, сәуір айында үш турнирге қатыссам, мамыр айына екі турнир жоспарланған. Бұл жерде шахматты немесе тіл үйренуді таңдауым қажет. Бірақ тырысып жүрмін, – деген еді Бибісара  (24.04. 2023/ «Өмір көрсетеді» TikTok парақшасы).

Десе де бұл шахматшының қазақ тіліне немқұрайды қарайтынын жуып-шаймайды. Өйткені биыл сәуірде берген сұхбатында (SauBall Youtube арнасы) өткен жылы қазақша үйренуге уәде бергенін айтады. Енді «Үміткерлер турнирінен» кейін қазақшаға күш салатынын жеткізеді. Әрине, Асаубаеваның қайбір жылы Ресей асқанын, кішкентай кезінен Павлодарда тұрғанын, кейіннен Маңғыстау облысы атынан өнер көрсеткенін білеміз. Дегенмен осы уақытқа дейін оның көпшілік алдында қазақша сөйлегенін көрмедік. Бұл да әлеуметтік желідегі сынның күшеюіне әсер етті. 

Аталған сұхбатта спортшы барынша ақталып көрді. Бапкерлерінің бәрі орыс екенін, екі жасынан өгей әкесінің (ұлты шешен) тәрбиесін алғанын айтты. Сол әңгімеден түсінгеніміз, оның  әкесі қазақша сөйлейді. Жыл сайын қазақша үйренуін, түп-тұқиянын тануы керек екенін түсіндіреді. Айтпақшы, Асаубаева қазақша үйренейін десе, елімізде қазақша шахмат теориясы туралы кітаптар аз екенін де қосты.

Қазақша қойған сұрақты, не айтып тұрғанын түсінемін. Бірақ көп сөйлемеймін. Өйткені акцентімнен ұяламын. Тіпті, ағылшын тілін үйренгенде  де қиналдым. Аэропорттан жол табу үшін амалсыз үйренуге тура келді, – деді ол SauBall Youtube арнасына берген сұхбатында.

Ал Threads желісіндегі хейттің беті қатты болғаны соншалық, кейін өзі Telegram-да репетитор жалдағанын, бірақ «жеккөрушілік пен хейттен кейін қазақша үйренуге ықыласы азаятынын» жазады. Жалпы, осы тұста сұрақ туады. Біз заң жүзінде кімнен болсын қазақша сөйлеуді талап ете аламыз ба? Спортшыдан қазақша жауап беруін сұрау орынды ма?  

Қоғам сұранысы мен заңның арасы

Әрине, көкейдегі сауалды журналист, медиа тренер Есенгүл Кәпқызына қойдық.

Құқықтық мемлекет дегеніміз – заңға бағыну деген сөз. Бізде Мемлекеттік тіл туралы заң бар. Бірақ «мемлекеттік тілді білу – әркімнің міндеті» деген міндет жоқ. Осы тұрғыдан келгенде тілімізді тістеп қаламыз. Мысалы, Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сонда осы елде 30-40 жыл өмір сүресіз, бірақ қазақша бірауыз сөз білмейсіз. Бұл өзіңіз тұрып жатқан елге деген құрметтің жоғы. Бибісараның өнерін құрметтейміз, талантын құрметтейміз. Бибісара Англияда жүріп, «мен ағылшын тілін үйренбеймін, бірақ осы елдің атынан сөйлеймін» десе, ағылшындар еш құптамас еді. Ресейде жүріп, «орыс тілінің маған қажеті жоқ, татар не башқұрт тілінде сөйлей берейін» десе, орыстар оны мың жерден талантты болса да қабылдамас еді, – деді Есенгүл Кәпқызы.

Есенгүл Кәпқызы/ фото: Qaz365.kz

Оның айтуынша, осы тұрғыдан келгенде оқырманның ашу-ызасын тудырмау үшін спортшы аздап «тамырды басқаны» дұрыс.

Оқырманның этикасын талдап отырған соң, оқырманның аузына қақпақ бола алмаймыз. Қандай реакция танытады, не істейді жауап бере алмаймыз. Оқырманның ашу-ызасын тудырмау үшін осындай кезде сыпайылап «қазақ тілін үйренуге уақытым болмай жатыр, бірақ репетитор жалдадым», «уақытымның не күнімнің осындай бөлігін қазақ тіліне бөлемін» деуі керек. Сонда оқырман осындай жауапқа қуанар еді, – деді медиасарапшы.

Ал қазақ тілін білмейтін спортшыға не басқасына қазақша сұрақ қою турасында мемлекеттік тілдің құралға айналып бара жатқаны туралы айтты.

Мемлекеттік тіл құралға айналып бара жатыр. Ұлтараздық құралына, кез келген кезде журналистердің құралына айналып бара жатыр. Құрал етудің өзі дұрыс емес. Оны құрал етпейін десең, мемлекеттің тілдік саясаты да дұрыс емес болып тұр. Мысалы, өткенде заңдағы «орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады» дейтін тармақ үшін қаншама шу көтерілді?! Сондықтан «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек» деген бап керек сияқты, – деді Есенгүл Кәпқызы.

Қазақшаны қанша уақытта меңгеруге болады?

Осынша шудан кейін қазақша үйренудің мерзімі туралы сіз де ойландыңыз, білем. Ал, ендеше, тіл үйренгісі келетіндерге құлаққағыс болсын, мұны да арнайы маманнан сұрадық. Ашығы, қазақ тілі репетиторы да тіл үйрену үшін ниеттің рөл ойнайтынын айтты.

Кез келген тілді меңгеру, алдымен, адамның ниетіне тікелей байланысты. Екіншіден – қабілетіне, үшіншіден – жауапкершілігі мен еңбектенуіне (дисциплина) байланысты. Ал осы қасиеттер бойында тоғысқан адам 3-4 айдан кейін ауызекі тілде қарым-қатынас жасай алады. Жалпы, тіл оқыту әдістемесі негізінде бір тілдік деңгейге (А1, А2, В1, В2 секілді) 3 ай уақыт кетеді. Өз тәжірибеме сүйенсем, 0 деңгейімен келген шетелдік азаматтар, өзге ұлт өкілдері 3-4 айда қарапайым сөйлемдермен диалог құрай алады, – деді жоғары санатты оқытушы Ердігүл Дәдібасқызы.

Маман 5 жылдан бері қазақ тілінен репетитор болып қосымша жұмыс істейді. Әлеуметтік желідегі парақшасында да белсенді. Білікті оқытушыдан қазақша сұхбат бере алатындай деңгейге жету үшін қанша уақыт керек екенін де сұрап білдік.

Бибісара орыс мектебінде оқыса да, мектепте қазақ тілі қосымша пән ретінде кіреді. Көп жағдайда орыстілді қазақтардың базалық деңгейі (А1-А2) болады, олар түсінеді, бірақ сөйлемейді. Яғни тілдік практиканы дамытпайды немесе қажетсінбейді. Сұхбат беру үшін, әрине, кемінде В1, В2 деңгейді меңгеруі тиіс. Әсіресе, бұл спорттық терминдері бар ресми сұхбат болса кемінде бір жыл тілдік курсты оқуы қажет, – деді маман.

Демек, журналистер шахматшының маусым айнынан бері репетитор жалдағанын қаперге алып, келер жылы жазда сұхбатқа шақырып, қазақша жауап беруін сұрауына болады.

«Ынта болса, қазақша сөйлеу қиын емес»

Қош, Бибісара қазақшаға мән бермесе де, қазақшаға судай спортшылар жетеді. Каратэші Софья Берульцева, еркін күрестен бапкер Александр Гольцман, боксшы Ангелина Лукас, экс-боксшы Марина Вольнова бар.

@sportministri

ВИКА - АЛТЫН ЖҮЛДЕГЕР! 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Виктория Графеева Қытайдың Гуянг қаласында өтіп жатқан әлем кубогының финалында Тайвань өкілі Лин Юй-Тинмен қолғап түйістіріп, жеңіске жетті. Есеп: 3:2. Қарсыласы - Париж Олимпиадасының чемпионы әрі әлемдік бокстағы ең тәжірибелі спортшылардың бірі. Виктория кездесудің алғашқы секундтарынан-ақ белсенділік танытып, қарсыласына лайықты қарсылық көрсетті. Кездесудің соңына дейін жан берісіп жұдырықтасқан отандасымыз жеңісті жұлып алды. Құтты болсын, қазақ елі!

♬ оригинальный звук - Аслан Каженов

Мәселен, еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановтың жары, күрес шебері Мәриям Қайпанова қазақша үйреніп жүргенін айтқан-ды. Жарыс сайын қазақшасы шыңдала түскен бір спортшы болса, ол – боксшы Виктория Графеева. Жақында ол Қытайда өткен турнирде топ жарды. Жарыстан соң журналистерге берген сұхбатын қазақша бастады. Осы тұста спортшымен сөйлесіп, қазақшаны қалай үйренгені туралы сұрап көрдік. Жоғарыдағы репетитор сөзіне тұздық болсын, Виктория қазақшаны мектепте үйреніпті.

Мектептегі қазақ тілі сабағында грамматиканы меңгеріп алдым. Жеңіл-желпі сөйлем құрап үйрендім. Қазақша таныс емес сөзді естісем, мағынасын білуге асығатынмын. Достарымның дені – қазақтар. Сол тұста орта әсер етті. Әрине, керемет сөйлеймін демеймін. Кейбір сөзді қате айтамын, акцентім бар. Бірақ, мейлінше өзіме етене жақын болып кеткен тілде жауап беруге, дұрыс сөйлем құрауға тырысамын. Мұнымды жұрт бағалайды, қолдайды, – дейді боксшы ару.

фото: Threads желісінен скриншот/ халық боксшы Графееваның сұхбатты қазақша бастағанына қарап, Бибісараны сынап жатыр

Түсінгеніміз бойынша, оның репетиторы жоқ. Ынтамен, қызығушылықпен өзі үйреніп жүр. Әрі халық та оны алақанына салып, барынша қолдау көрсетеді.

фото: Threads желісінен скриншот

Оған қоса боксшы қазақша сөйлегісі келетін кейбір спортшыға не қарапайым адамға болсын қысым көп екенін жасырмады. Бірде екпін дұрыс емесіне, бірде жалғауды дұрыс жалғамағанына мін тағатындар табылады. Оның айтуынша, соңында осынша қысымнан қазақтың өзі орысша сөйлеп кететін кез болады.

Деколонизация және қазақ тілінің жаңа мәртебесі

Иә, қазақша сөйлейтін спортшыға құрмет бөлек. Спортшыны жер-көкке сыйғызбай мақтайды, барынша көтереді. «Бәленше қазақша үйреніп жатыпты» деген күннен бастап әлеуметтік желідегі парақшасына жазылып, қадамын бақылайды. Демек, қазір қазақ тілі жарнаманың тіліне айналды. Бұл трендке бизнес өкілдері, алпауыт компаниялар бой үйрете алмай жатса да, қоғамның адуыны қатты.

Есіңізге түсіріңізші, кәсіпқой бокстан елдің атын шығарған Геннадий Головкин қалай «қазақтың сары баласы» атанды? Ол сөздің басын «Ассалаумағалейкум, Қазақ елінен» бастап, «Алға, Қазақстанмен» аяқтайтын. Одан кейін «әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақпын» дейтін. Сөйтетін де, жас-кәрінің ықыласына бөленетін. Мұнда Головкин елін сүйетін ұл ма, әлде сол тұстағы PR менеджері мықты маман ба деген сұрақ турады?!. 

...Арыға бармай, берідегі «Қайрат» футбол клубының жастарын еске түсірейік. Мысалы, қақпашы Темірлан Анарбековтың қазақшасы мәз емес. Бірақ қиналып тұрса да, қазақша жауап береді. Жай жауап бермейді, шын жүректен тырысады. Содан да болар жұрт мақтайды, қолдайды, әлеуметтік желідегі парақшасына жазылады. Осынша цифрды көрген жарнама берушілер оған ұсыныс тастап, өзіне шақырады. Сәйкесінше, шотына қомақты қаржы да түседі, бар қазаққа ортақ ұлға  айналады.

@fc_kairatfan Темирлан Анарбеков “ЛУЧШИЙ МОЛОДОЙ СПОРТСМЕН ГОДА”🏆🌟❤️‍🔥 Темир и очень милый жест с его стороны к Шере, СПАСИБО ЧТО НЕ ЗАБЫЛ ПРО ШЕРУ И ВЫДЕЛИЛ И ЕГО ТОЖЕ🙏🏻❤️ #темирлананарбеков #шерханкалмурза ♬ оригинальный звук - 💛🖤

Тағы бір мысал ретінде дзюдошылар Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынованы, UFC файтері Шавкат Рахмоновты алайық. Спортшылар халықаралық арнаға сұхбат берсе де, қазақша сөйлейді. Елімізде орысша сұрақ қойған журналиске қазақша жауап қайтарады. Мұны халық пафос емес, ұлтын сүйген ұл-қыздың шынайы көңілі ретінде бағалайды.

Бұл құбылыстардың бәрі – деколонизация, сол процестің бір бөлігі. Ал спортшы кейде өзіне нагетив жинап алады. Бибісараға келетін болсақ, бұл әрекеті спортшының имиджіне кері әсер етеді. Біз имиджге бір рет нұқсан келсе, қанша жеңіспен жуып шайсаң да кетпеуі мүмкін екенін көрдік. Отарлық  санадан, барлығынан аралып жатқан ұлтқа – қазаққа деген құрмет, ел алдында жүрген танымал спортшының әрекеті маңызды, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, қазір қандай да бір үлкен жетістікке жеткеннен кейін «Қазақстанның атын шығарып жатырмын» деп міндетсіну ішкі аудиторияға өтпейді. Өйткені қоғамда «еліңді, тіліңді құрметтемесең, кешір, жеңісіңнің бізге қажеті жоқ» дейтін месседж пайда бола бастады.

Threads желісінен скриншот/ жеңіл атлет Аделина Земс өзі туралы ақпаратқа қазақша жауап берді

 Айтқандай, процесс басталды, ол процесті тоқтату мүмкін емес. Жанкүйер спортшыға емес, спортшы жанкүйерге бейімделуі керек. Оның бірден бір жолы, әрине, қазақ тілін үйрену. Сайрап кетпесең де, қазақ тілінде сөйлеу, ауызекі сөйлеп, қолдап қою. Реті келсе, қазақша сұхбат беруге тырысу. Кез келген елде тілін үйреніп жүргеніңді жариялау – жұрттың саған деген сүйкімін ашатын фактор. Спортшылар соны түсінуі керек. Өкінішке қарай, кейбір спортшылар мұны түсінбей жатыр. Бірақ PR-ына көңіл бөліп, жеңісінің маңызын арттырғысы келген спортшы тілге, ұлтқа деген құрметін көрсетеді.  Жасырын емес, жасанды емес, шынайы көрінуі керек. Сол кезде мұндай мәселелер туындамайды, – дейді Руслан Меделбек.

Байқағаныңыздай, тек спортта ғана емес, бизнесін не блогын қазақша жүргізетіндерге де қолдау бар. Мысалы, Танягүл никнеймімен танымал блогер Татьяна Алексеевнаның TikTok парақшасында 300 мың оқырманы бар. Ол қазақша сөйлегені үшін, менталитетті бойына сіңіре алғаны үшін әлеужеліде миллионнан астам қаралым жинап отыр. Мұндай мысал көп. Бұрынғыдай дәмханадан қазақша мәзір сұрағаның үшін басың дауға қалатын заман өтті. Қазір қазақша жазбайтын, сөйлемейтін бизнес иесінің жұмысы өрге баспайтын шақ келді. Халықтың зығырданын қайнататын болсаң, көзді ашып-жұмғанша кәнсілге ұшырайсың.

Оқи отырыңыз