16.09.2025
18:17
437
Бибісара Асаубаева беделді турнирде жүлдегер атанды

Бибісара Асаубаева беделді турнирде жүлдегер атанды

21 жастағы гроссмейстер Бибісара Асаубаева Самарқандта өткен беделді FIDE «Үлкен швейцар» турнирінде үшінші орын алып, әлемдік шахмат тарихына өз атын алтын әріппен жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турниріне жолдама сарапқа салынған тартысты додада Бибісара соңғы турға дейін жеңіске жету мүмкіндігін сақтап келді. 11-тур алдында ол көшбасшылар – Екатерина Лагно (FIDE, 2505) мен Вайшали Рамешбабудан (Үндістан, 2452) жарты ұпайға ғана қалыс қалып, 7 ұпаймен қытайлық Тань Чжунъи (2531) және Сун Юйсиньмен (2409) үшінші орынды бөлісіп тұрған еді. Соңғы шешуші партиясы украиналық Анна Музычукпен (2535) тең аяқталып, нәтижесінде Бибісара 7½ ұпай жинап, сенімді түрде үздік үштікке енді. Оның жүлдесі – 25 мың АҚШ доллары.

Турнирдің жеңімпазы атанған Вайшали Рамешбабу (8 ұпай) өз жетістігін қайталады – ол 2023 жылы да «Үлкен швейцарды» ұтқан болатын. Екінші орынды Екатерина Лагно (8 ұпай) иеленсе, Бибісараның қол жеткізген «қоласы» қазақстандық жанкүйерлер үшін нағыз мереке болды. Бұл жетістік Асаубаеваның жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп қана қоймай, оған 2026 жылғы үміткерлер турниріне FIDE Women’s Events 2024-2025 рейтингтік жүйесі арқылы жолдама алу мүмкіндігін арттырды.

Қазіргі таңда Бибісара тек Анна Музычук, Лэй Тинцзе және Харика Дронаваллиден төмен тұр. Алайда «Үлкен швейцардың» қорытындысы 2025 жылғы соңғы турнирлер қарсаңында күштердің теңгерімін өзгертуі мүмкін.

Қазақстандық өзге шахматшы қыздар да соңғы турда жақсы нәтиже көрсетті. Меруерт Камалиденова (2349) нидерландтық Элине Рёберсті (2377) жеңіп, ТОП-23-ке еніп, 3 000 доллар жүлдеге ие болды. 14 жастағы Елназ Қалиахмет (2299) украиналық Анна Ушенинодан (2409) ұтылса да, әйелдер гроссмейстері нормасын орындап, 15 жасқа толар алдында тарихи жетістікке жетті. Ал Ксения Балабаева (2383) өзбекстандық Гульдона Каримованы (2324) жеңіп, қайсар мінезін көрсетті.

FIDE Women’s Grand Swiss 2025 қорытындысы:

Вайшали Рамешбабу (Үндістан, 2452) – 8 ұпай ($40 000)

Екатерина Лагно (FIDE, 2505) – 8 ұпай ($31 000)

Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2505) – 7½ ұпай ($25 000)

Тань Чжунъи (Қытай, 2531) – 7½ ұпай ($21 000)

Сун Юйсинь (Қытай, 2409) – 7½ ұпай ($18 000)
[…]

Меруерт Камалиденова (Қазақстан, 2349) – 6 ұпай ($3 000)

Елназ Қалиахмет (Қазақстан, 2299) – 5 ұпай

Ксения Балабаева (Қазақстан, 2383) – 5 ұпай