Бибигүл Жексенбай студенттерге Шайсұлтан Шаяхметов атындағы стипендия тағайындауды ұсынды

8 Ақпан, 13:03 800

Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында Қазақстан тарихында ұлтқа қызмет еткен мемлекет, қоғам қайраткерлерін жеке тұлға ретінде зерделеу жұмыстарын қолға алу бойынша жұмысты жүйелеу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Қазақстанның кеңес одағы кезіндегі тарихында терең білім, қажырлы еңбегі және табандылығымен Қазақстанның ұлттық мүдделерін батыл қорғап, еліміздің әртүрлі саласынының дамуына баға жетпес үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері жеткілікті. Сенатор ұлттық білім, ғылым жүйесін қалыптастыруға және қазақ тілін дамытуға зор үлес қосқан Шайсұлтан Шаяхметов та осындай өнегелі жан екенін атап өтті.

Шайсұлтан Шаяхметов - 1960-1986 жылдар аралығында қазақ жерінде 500-ден аса қазақ мектебінің негізсіз жабылып, аралас мектепке айналғанын тоталитарлық жүйеден қаймықпай, ашық жазған тұңғыш саясаткер. 1992 жылы 18 қаңтарда қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш «Білім туралы» заңын Ш.Шаяхметов әзірлеп, сол «Шаяхметовтің заңы» еліміздегі мемлекеттік емес оқу орындарының құрылуына, жекеменшік балабақша, мектептердің ашылуына негіз болды, - дейді Бибигүл Жексенбай.

Сенатордың айтуынша, Шайсұлтан Шаяхметов «Болашақ» бағдарламасының негізін қалап, 1989-1991 жылдары министрлік 15 шет мемлекеттің министрлігімен, жоғары оқу орындарымен байланыс жасаған.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына бастамашы болған, мемлекеттік тілді жедел оқыту орталығын ашуға мұрындық болған тұңғыш ұлт қайраткері. Қазақ терминологиясының тәуелсіздік жылдарында дамуына да үлкен үлес қосты. Осы уақытқа дейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ұлықтау, еңбегін бағалау назардан тыс қалды, - деді Бибигүл Жексенбай.

Сенатор көрнекті тарихи тұлғалардың өмірбаянын жоғары оқу орындарының бағдарламасында белсенді түрде зерттеуді ұсынды. Атап айтқанда, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері үшін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы стипендия тағайындау туралы мәселені қарау керек. Депутат сонымен қатар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығын толыққанды ұлттық ғылыми институт ретінде қайта құру, сондай-ақ Алматы қаласындағы педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың республикалық институтына Ш.Шаяхметовтың есімін беруді ұсынды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: