"Би Құдаймен байланыстырады, Сюцай - қазақтың ілімі". Омар Жәлел көпті шулатты

5 Қыркүйек 2023, 09:31 2155

Белгілі ғалым, Абайтанушы Омар Жәлел билеуге қатысты және өзі айналысып жүрген Сюцай іліміне қатысты ойын бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақтың бас биі атанған Омар Жәлел бұған дейін заманауи биімен жұртты қайран қалдырса, одан соң тойдағы қазақы әндерге билеп, көпшіліктің көңілін көтерді. Одан кейін Билер алқасы Омар Жәлелді би деп мойындаудан бас тартқанын жазған едік.

Омар Жәлел бала кезінен билеп, вальс билеуді әскерде жүргенде үйренгенін айтты. Сондай-ақ би билегенде Құдаймен байланысқа шығатынын жасырмады.

Өйткені мен еркін өмірге дайындалдым. Биді өнер деп қабылдаймын. Ал өнер - Құдайдан. Құдаймен байланысқа шығу үшін адам дүниені ұмыту керек. Билеген кезде денені ұмытамыз. Осы қылығым арқылы мен қоғамның миына сыймай жатырмын. Қоғам менің байсалды, ішпейтін, жемейтін образымды жасап алған. Тойда билеуге қорыққан адам ертең жау келгенде  қорқып шықпай қалады, - деді ол.

Қазіргі таңда Омар Жәлел Сюцай іліміне ден қойған. Сюцайдың бизнес екенін де атап өтті. 

Менің мақсатым - иллюзияда жүрген адамдарды ояту, шындықты үйрету. Сюцай - қазақтың өз ілімі. Тек аты ғана бөлек. Егер оны "ізгілік әлемі" деп қазақша атаса, ит-құс, дайын еместердің бәрі келуші еді. Сюцай деп атаған себебі, мұнда қорқынышын жеңген адамдар ғана келеді. Қазір Сюцай халықаралық мектебінің тренерімін. Сабақ бергеніме орай ақы аламын. Бұл - бизнес, - деді Омар Жәлел.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: