Бейжіңде Қазақстанмен екіжақты сауданы ұлғайту жолдары талқыланды

11 Тамыз, 14:45 342

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Коммерция министрлігінің Сыртқы сауданы дамыту бюросының директоры Лю Дяньсюньмен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ өзара сауданы дамыту саласындағы алмасуларды тереңдету жөніндегі жоспарларды белгіледі.

Қытайлық тарап ҚХР-дың сыртқы сауданы ынталандыру жөніндегі саясатының ағымдағы ахуалы мен даму перспективалары туралы, сондай-ақ сауда-экономикалық алмасуларды тереңдетуге бағытталған бірқатар көпжақты іс-шараларды өткізу жоспарлары туралы хабарлады. Лю Дяньсюнь қытайлық тараптың 2024 жылғы 23-25 тамызда Астанада өтетін Қазақстандағы Қытай тауарларының 19-шы көрмесіне дайындық барысы туралы хабарлап, көрме шеңберінде жоғары экспорттық әлеуеті бар қазақстандық өнімдер үшін көрме аймағын орналастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы атап өтті. Қытайлық тараптың ҚР және ҚХР аумақтарында бірлескен іс-шараларды бірге өткізуге дайын екендігін жеткізді.

Өз кезегінде Ш. Нұрышев сұхбаттасты ҚХР-мен сауданы ілгерілету бойынша ҚР Үкіметі қабылдаған шаралармен таныстырды, сондай-ақ сауда қызметін ынталандыру үшін бірлескен іс-шараларды өткізуді құптады. Ол соңғы жылдары ҚР мен ҚХР арасындағы өзара сауданың серпінді дамуын, оның ішінде 2023 жылғы қорытындысы бойынша өзара сауданың рекордтық 41 млрд долларға жетуін хабарлады. Қазақстан Елшісі қытайлық тараптың ағымдағы екіжақты сауданың өсу қарқынын сақтау үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігіне назарын аударды, сондай-ақ екі елдің бизнес-топтары арасында байланыс орнатуға және тауар айналымы көлемін арттыруды ынталандыруға, ҚР мен ҚХР арасындағы тауар позицияларының санаттарын ұлғайтуға бағытталған бірлескен көрмелер мен конференциялар өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Лю Дяньсюнь қазақстандық тарапты 2024 жылғы 25 қыркүйекте Чжэцзян өлкесінің Ханчжоу қаласында өтетін «3-ші Жаһандық цифрлық сауда көрмесіне» қатысуға шақырды. Ол аталған іс-шара тараптардың электрондық сауда саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

2003 ж. құрылған Сыртқы сауданы дамыту бюросы ҚХР Коммерция министрлігіне тікелей бағынады. Бюро ұлттық сыртқы сауда және экономикалық саясатты іске асырумен, сыртқы сауданы дамытуға байланысты мемлекеттік қызметтерді ұсынумен, Қытайда да және шетелде де ірі сауда-экономикалық алмасулар мен көрмелерді ұйымдастыру арқылы шетелдік кәсіпорындармен ынтымақтастыққа жәрдемдесумен, сондай-ақ бизнес-оқытуды және импорт пен экспортты ілгерілету жөніндегі мамандандырылған жұмысты дамытумен айналысады.

Қазақстандағы қытай тауарларының 19-шы көрмесі 2024 ж. 23-25 тамыз аралығында EXPO Center Astana-да өтеді. Биыл көрме көлемі 6 мың шаршы метрді құрайды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: