Бейжіңде 8-ші жыл сайынғы «Абай оқулары» өтті

12 Тамыз 2023, 07:10 714

Бейжіңде ұлы ойшыл, ақын, дала әдебиеті мен мәдениетінің реформаторы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушысы Абай Құнанбайұлының күні атап өтілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, іс-шара аясында қытайлық оқушылар мен студенттер Абай өлеңдерін қазақ және қытай тілдерінде оқыды. Сондай-ақ Бейжің халық аспаптар оркестрінің әртістері мен Қытай ұлттары орталық университетінің студенттері қазақ және қытай ұлттық музыкалық аспаптарының сүйемелдеуімен Абай әндерін орындады.

Жыл сайын қытайлық жұртшылықты Абайдың еңбектерімен таныстыру арқылы рухани ағарту іс-шараларын өткізу, ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қою, оның шығармаларын оқу челлендждерін ұйымдастыру Бейжіңнің әдебиет, өнер және көркем сөз әуесқойлары арасындағы жақсы дәстүрге айналды.

Іс-шараның қонақтары ҚХР-да аккредиттелген бірқатар дипломатиялық миссиялардың басшылары, мемлекеттік органдардың, Қытайдың академиялық және шығармашылық зиялылары, қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық БАҚ журналистері болды.

Перизат Саденова
Бөлісу: