Бейсен ағаның рухы Талдықорғанда мәңгі қалып қойғандай – Есболат Айдабосын

18 Мамыр 2023, 10:35 3165

Бүгін журналистика саласында өзіндік із қалдырған Бейсен Құранбек секілді нар тұлғалы азаматтың өмірден өткеніне 3 жыл болды. Өмірден өтсе де, ол туралы естеліктер жақындарының жанында мәңгі сақталары хақ. Бейсен туралы айтылмаған естеліктер қаншама... Бейсен Құранбектің шәкірті, әріптес інісі Есболат Айдабосын Бейсен туралы естеліктерімен бөлісті.

El.kz: Бейсен Құранбекпен әріптес қана емес, бауырдай жақын араласқан жандардың бірі – өзіңіз. Бейсен мырзамен алғаш танысқан кездеріңіз есіңізде ме?  

Есболат Айдабосын: Әрине, есімде. 2002 жылы Астанада таныстық. Кіл заңгерлер жиналып бір мәселені талқылаған, сол жиында алғаш көрдім. Ол кісі «Хабар» агенттігінің тілшісі болатын, мен «Қазақстан» ұлттық арнасының  жаңалықтар қызметінде тағлымдамадан өтіп жүрген жас маман едім. Журналистер отырған қатарға қарай беттеп бара жатқанымда біреу «Қасым, Қасым» дейді маған. Қарасам қарсы алдымда шашын шекесінен қайырған жылы жүзді жігіт тұр. Жасы менен үлкен, бойы да ұзын екен. Сол қолында «Хабар» агенттігінің көк түсті микрофоны, оң қолын маған ұсынады.

– Қасым Аманжолсың ба? – дейді күлімсіреп.

– Жо-жоқ... Ол емеспін, – дедім сасқалақтап. Қол алысып амандастық,

алақаны жалпақ әрі етті екен. Жүзі қандай жылы болса алақаны да сондай жұп-жұмсақ.

– Е-е, ұқсайды екенсіңдер-ей! Атың кім, батыр?

– Есболат...

– О, атың күшті екен, мен Бейсенмін.

Сөзі шапшаң, қимылы ширақ. Танып тұрмын. Мені журналист Қасым Аманжолұлымен шатастырып алғанын да біліп тұрмын. (Қасым ол тұста «Қазақстан» ұлттық арнасында Сәуле Әбілдәханқызы екеуі «Ақжүніс» хабарын жүргізетін. Эфирге енді-енді шығып жүрген кезі.) Екеуміздің одан кейін не жайында сөйлескеніміз есімде жоқ. Әділет вице-министрі Ирак Елекеевтен қатар тұрып сұхбат алдық. Ұзақтау сөйледі. Тақырыптан ауа жайылып бара жатқан соң кимелеп бір сұрақты қойып кеп қалдым, спикер сөзінен жаңылып барып қайта жалғады. Сұхбаттасып болған соң Бейсен аға қасыма келді.

– Батыр, жарайсың! Дұрыс сұрақ қойдың, – деп әуелі мақтап алды.  

– Бірақ сөйлеуші айтар ойын толығымен аяқтағанша сөзін бөлмеу керек, шатасып қалады. Бұл – бір, монтаж кезінде тап сол жерін эфирге берер болсақ сенің дауысың кедергі келтіреді, ол –  екі. Ал, аман бол! – деп қолын ұсынды.

Жып-жылы, жалпақ алақанды тағы ұстадым. Ширақ басып кете барды. Состиып мен тұрмын. Ескертпесіне аздап ыңғайсызданып, тіпті намыстанып қалғандаймын. Бірақ қарсы дау айтар қауқар қане?! Микрофонды алғаш ұстап, телесюжет жазуға енді төселіп жүрген кезіміз, екінің бірі, егіздің сыңары ескерту айтып кете беретін, соның бәріне бас шұлғып қана жауап беретін кезіміз. «Хабар» агенттігінің сайыпқыран тілшісі Бейсен Құранбекпен алғашқы таныстығымыз осылай басталған.

El.kz: Бейсен Құранбекпен бірге 2018 жылы Қарекет бағдарламасын тізгіндедіңіз. Одан бөлек тағы қандай жобаларда бірге жұмыс істедіңіз? Әріптесі ретінде қандай естеліктерімен бөлісе аласыз?

Есболат Айдабосын: 2006 жылы алғаш рет сапарлас болдық. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапармен барды, Бейсен аға «Хабар» агенттігінен, мен «Қазақстан» ұлттық арнасы атынан бардым. Президенттің кестесі тығыз, бірде – анда, бірде – мында... Телеоператор, фотографтар шапқылап жүр, ақпараттық сайт тілшілері барған жерінде ноутбугын аша салып, естіген-көргенін тездетіп теріп ақпарат жөнелтіп жатыр, газет қызметкерлері телефонмен хабарлай салады. Ал бізге – телеарна тілшілеріне жаңалықтардың түскі және кешкі шығарылымына сюжет беру керек. Уақыт қауырт. Бейсен ағама қараймын, ол кісі сыр алдырмайды. Мұндай қарбалас майданның талайын көрген батырдай маңғаз, тым сабырлы. Ұрланып қойын дәптеріне көз жүгіртемін, әрбір жеріне түрткен деректері болмаса, жүйелі жазған мәтін көрінбейді. Құдды Атырауға жұмыспен емес, қыдырып келгендей. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мейрамбек Төлепберген екеуі елді үйіріп алып кезек-кезек әңгіме айтады. Әңгімелері қызық, тыңдай бергің келеді. Бірақ жауапкершілік деген мазасыз қасиет түртпектеп жан таптырмай барады. Астанадағы әріптестер қайта-қайта қоңырау шалып, олар да салмақты ауырлатып қойды. Ақыры топтан жырақтап түртіншектеп жаза бастадым. Президент барған әр нысаннан ең кемі төрт-бес сөйлемдік мәтін құрастырылды. Атырау балық зауыты мен мұнай өңдеу зауытында тұрып екі стэндапты таспаға басып алдық. Түскі төрттің әлетінде президент  іссапарын қорытындылап журналистерге сұхбат берді. Соны жаза салып, Атырау телеарнасына тарттым. Операторлар қалды, өйткені президенттің сапары аяқталмаған, әлі бірер нысанның жұмысымен танысады. Атыраудағы меншікті тілші Саламат Сағымпазұлы екеуміз екі компьютер алдына қонжидық. Нәтижесінде жаңалықтардың кешкі бестегі шығарылымына шағын сюжет, 19.30-дағы қорытынды жаңалықтарға толыққанды 5-6 минуттық репортаж бердік. Эфир біте салып астаналық әріптестер хабарласты. Бәрі мақтап жатыр: «Президентпен жүріп екі стэндап жазып сюжет бердің», – дейді бірі, «Сен Астанаға келуің керек, бізге керексің», – дейді екіншісі. Бір кезде Саламат келді ентігіп. «Хабардың қорытынды жаңалықтарын көрдім, эфирден ештеме өтпеді. Бейсекеңдер үлгермей қалды-ау», – дейді. «Ендігі Құл-Мұхаммед қырып жатқан шығар», – деп тағы төндірді. (Мұхтар Құл-Мұхаммед ол кезде президенттің баспасөз хатшысы) Не қуанарымды, не өкінерімді білмей қалдым. Әлгінде ғана мойындағы зіл-батпан жауапкершіліктен құтылып, жеңілдеп қалған кеуде масайраса болар еді. Бейсен Құранбек секілді президент пулында әбден ысылған журналистен озып, одан бұрын хабар беру кімнің болсын кеудесін көтеріп-ақ тастайтын дүние. Бірақ өйте алмадық. Кешкі асқа барғанда да алдымен сол кісіні көзіммен іздедім. Қарасам Бейсекең қаннен-қаперсіз, дастарқанның гүлі болып әңгімені соғып отыр.

– Батыр, қалай, үлгердің бе? – дейді.

– Беске – бір сюжет, кешке бір сюжет жібердік, – деп Саламат жауап берді менен  бұрын. Дауысынан мақтаныш лебі еседі.

– Өй, жарайсыңдар, біз «Жеті күнге» бір-ақ беретін болдық. Сендер бүгін оздыңдар бізден. Кел, отырыңдар, – деп ығысып орын беріп жатыр. Қиналып қынжылып тұрған жоқ, керісінше риза. Өзі үшін емес, өзге үшін разы.

El.kz: Осыдан екі жыл бұрын Бейсен Құранбектің мақалалары мен еңбектері жазылған «Парасат биігі» атты кітап шығардыңыз. Өткен жылы футзалдан Бейсен Құранбек атындағы турнир ұйымдастырдыңыз. Алда Бейсен мырзаның құрметіне тағы да қандай шаралар ұйымдастыру жоспарыңыз бар?

Есболат Айдабосын: Бейсен аға дүние салғалы екі кітапты құрастырып, баспадан шығаруға атсалыстым. Біріншісі – «Біздің Бейсен» кітабы. Бұл жинаққа ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтқан жеделхаты, министрлер, әкімдер, депутаттар, журналистер, дос-жаран, таныс-білістің жазған естеліктері, әлеуметтік желідегі жоқтау жазбалары енгізілді. Екіншісі кітап  «Парасат биігі» деп аталды. Оған Бейсен Құранбектің сонау тоқсаныншы жылдары «Спорт» газетіне жариялаған мақала-репортаждары, азамат болып қалыптасқан тұста қағазға түсірген ой-толғамдары, әр жылдары баспасөзге шыққан сұхбаттары топтастырылды. Бұл оның өмірі мен шығармашылығына, адами болмысына қызыққан жандар үшін аса құнды дүние болары сөзсіз. Осы екі кітапты шығару барысында мені екі жайт таңғалдырды.

Біріншісі – Бейсен Құранбекке деген халықтың махаббаты. «Өмірдің өлшемі – ӨЛІМ! Кімнің кім екені өлгенде белгілі болады»  – деп өзі жазғандай Бейсен Құранбектің кім екенін дос та, дұшпан да өлгенде бір-ақ түсінгені рас.  Күреңбел өңірінде туған ұлын жоқтап күллі қазақ күңіренді.

Екіншісі – Бейсен ағаның өзіне деген «салақтығы». Ол достың қадірін асырып, көршінің көшін тартуға қандай шебер, елгезек болса өзіне келгенде сондай шабан болған адам. Үнемі «елге болсын» деп тұратын. «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы жылағанның жасын сүртіп, жығылғанның қолтығынан демегені баршаға аян! Марқұм телеарнадан тыс өмірінде де талай адамға қолғабыс етті, игілікті істердің басы-қасында болды. Қолынан келсе қаржы-қаражатын беріп жәрдемдесті, кейбіріне сөз көмегі тиді. Бейсен Құранбектің қолдауымен талай адамның кітабы шыққанын да білеміз. Кейбір зерттеуші-ғалымдарға шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін өз қалтасынан жалақы төлегені де бар. Сөйтіп, ел үшін қызмет етіп жүріп өзінің жазған-сызғанын түгендемеген екен. «Неге бұлай?» деп осы сауалға жауап іздеп біраз ойландым. Менімше ол еліне-жұртына сенген секілді. Артынан ерген іні-қарындастарына, достарына сенді. Өзі жаққан шырақтың сөнбейтініне, іздеушісі көп боларына күмәнданбады. Сондықтан өзін емес, өзгені көтермеледі. Күндердің күні өзінің қадірін сол өзгелер асырарын білді, соған шығар күндей сенді. Мұндай сенім екінің біріне бұйыра бермес бақыт, біле білсек.

Иә, рас айтасыз, бүгінде Бейсен Құранбекті ұмыттырмайтын, елдің есіне салып тұратын бірнеше жобаның негізі қаланды. Кітаптар шықты, дипломдық, курстық, ғылыми жұмыстар жазылды. Талдықорғанда футбол турнирі, оқушылар арасындағы білім олимпиадасы дәстүрлі түрде өтеді. Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы Бейсен Құранбек атындағы студенттер стипендиясын тағайындады.  Талдықорғандағы баспасөз үйіне Бейсен Құранбектің аты берілді. Қасындағы тұрғын-үйдің қабырғасына ағаның ғазиз бейнесі (мурал) салынды. Күнде жұмысқа келе жатқанда сол сурет қарсы алады, қайтқанда шығарып салады.  Қалаға қыдырып келген, іссапарлап жүрген өзге өңірдегі азаматтардың біразы осы муралдың алдында суретке түседі.

El.kz: Бейсен Құранбек көпке үлгі, өнеге, ұстаз болған жан. Ұстаз Бейсен сізге қандай ақыл-кеңесін жиі айтып отыратын еді?  

Есболат Айдабосын: Қайсыбірін айтайын, тым көп. Адамның еркіне қол сұқпайтын. Бастық екенмін деп, немесе үлкен екенмін деп билеп-төстеп сен үшін шешім қабылдай салмайтын. Менен «немен айналысқың келеді? Шығармашылық па қызмет пе?» деп сұрады. Мен «жазушы болғым келетінін» айттым. «Болды, олай болса ештемеге алаңдамай кіріс» деді. Бір романды жазып бітірсең бір миллион теңге беремін, оны кітап қылып шығару, тұсаукесерін жасауды өзім ұйымдастырам деп ынталандырған да. Кейде өнегені сөзбен, кейде іспен көрсететін. Бір күні кабинетіне кіріп барсам шұқыланып телефоннан смс хат жазып отыр екен. Қолымен нұсқап отыр дегендей ишарат жасады. Отырдым. Жазып болған соң оқыды. «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасына жазыпты. Сол кезде жерді шетелдіктерге сатуға қарсы митинг үдеп тұрған. Алдында ғана Бейсен аға да жердің сатылуына қарсымын деген сөз жазылған фотосын жариялаған. Шамасы сонысы Астанадағыларға жақпай, олар ұлттық арнаның басшылығы арқылы ықпал етіп әлгі жазбасын алдырып тастауды сұраған секілді. Бейсен аға әлгі хатында жазбасын ала алмайтынын, егер осы үшін қызметтен кету керек болса дайын екенін әдемілеп жеткізіпті. Менің көзімше хатты төрағаның телефонына жіберді де, бүкіл телефондарын сөндіріп тастады. 

 Бейсен ағаның дертті болып жүрген кезі. Көңілін сұрап бардым. «Сенің «Қателігің» жақсы болды-ей, кеше күні бойы осы жайлы ойландым», – деді амандық-саулық сұрасқан соң. «Жетісу» телеарнасының эфирінен шығып жүрген авторлық бағдарламам жайлы айтып отыр. Әрбір шығарылымды YouTube-тен көріп жүр екен. «Жақсы шығып жатыр», – деп мақтау айтты, «мына жерін бүйтсең», «ананы шақыр, мынаның да бір айтары бар», «мынау қызметтегі адам, көп ашыла қоймас» дегендей ақыл-кеңесін де ұмытпады.

«Өзімше сенің сұрақтарыңа жауап бердім, менен сұхбат ала қалса не деймін деп ойландым», – деді бір кезде.

– Сұхбат алайын да олай болса? – деп жабыса кеттім.

– Жо-жоқ, менікі жәй әншейін ғой. Кейін көрерміз, алдымен оңалып алайын. Мысалы, бірінші сұрағың – адамзат қателігі не дейсің. Менімше адамзаттың ең басты қателігі – бірін-бірі «жеп» жатыр. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына», – дейді. Хайуан екеш хайуан да ұялас, үйірлестерін таласа да өлтірмейді, өлтірсе де етін жемейді. Ал, адам хайуаннан асқан жыртқыш болып кетті. Екінші – ұлт қателігі. Қазақтан ауызбірлік кетіп қалды. Бөліне-бөліне бөлшек емес, молекулаларға айналып кеттік. Рулық тұрғыда бөлінеміз, діни тұрғыда бөлінеміз, саяси көзқарас, гендерлік сипат, әлеуметтік жағдай, әлемде не бойынша бөлінуге болады, соның бәрі бізде бар. Елге бас болады деген азаматтар, жалындаған жастар бір-бір діни, саяси, қаржылық топтардың басшысы мен қосшысы болып жүр. Олар сол топтарда жүре берсін-ау, бірақ солар неге бір-бірімен қырғи-қабақ, неге ұлтқа пайдалы бір мүддеге жұмылмайды? Бірі бір дұрыс іс қылса екіншісі қисайып, ілік іздеп отырғаны. Міне біздің ұлттың қателігі. Үшінші – біздің қателік қайсы дейсің? Біздің қателік – жауапкершілікті сезіне алмағанымызда деп ойлаймын. Әр дәуірдің, әрбір буынның өз міндеті болады. Біздің бір міндет – бізге дейінгі қазақ азаматтарының бойындағы кемшілік атаулыны өзімізде тұншықтырып, сендерге үлгі көрсетіп кетуіміз керек еді. Соны істей алмадық. Сендерді тура жолға салып кетуіміз керек еді. Сол қолымыздан келмеді. Біздің ағаларымыз жік-жікке бөлінетін, біз сол дерттің қоздырғышын жас күнімізде жұқтырдық та өзіміз де дертті болдық. Сол дерттен емделмеген күйі сендерге жұқтырдық. Өзімнен мүшел жас кіші жігіттердің бөлінуге бейімділігін байқап қалсам алдымен өзімді кінәлаймын, бұл олардың емес, мына біздің қателік, – деп үнсіз отырып қалды.

– Төртінші –  менің қателігім. Ойбой менің қателігім деген мынадай екен, – деп қолын бойынан асыра өлшеп көрсетті. – Бала күннен бергі қателігімді жіпке тіздім. Тым көп қателісіппін. Соның ең алғашқысы мынау: Мен шал мен кемпірдің баласы болдым. Өз әке-шешемді мойындамадым, әлі де солай. Біреуін көке, екіншісін тәте деймін. Мектепте оқып жүргенде атам қайтыс болды. Асын берген соң «сен біздің үйдің баласы едің» деген әңгіме шыға бастады. Мен қарсы боолдым. Кәдімгідей шайқастық. Баламын ғой, өзімше бұлқан-талқан болып жүрмін. Сол кездегім қателік болған екен. Сол кезде туған әке-шешемді мойындай салуым керек еді, олардың жүрегін бекер-ақ жараладым. Бармасам да «әке-шеше» деп айта салуым керек еді. Оларға сол ғана керек екен. Мен соны айтпай қойдым ғой қырсығып, «көке, тәте» деп кеттім. Кейінннен ержетіп, сүйек қатайған соң қиын болады екен, айта алмай қалады екенсің. Айта алмаған соң арада суықтық пайда болады екен. Осылайша олар өз балаларын «балам» дей алмай, мен өз анамды «ана» дей алмай қалдым. Бұл менің өмірімдегі бірінші қателігім, – деп сөзін аяқтады.  

El.kz: Қарекет пен Айтуға оңай бағдарламаларында Бейсен Құранбек әр кейіпкердің болмысын ашып, айқын түсіндіретін. Жалпы эфирге қалай дайындалатын, кейіпкерлерімен қалай жұмыс істейтін?

Есболат Айдабосын: Бейсен аға ізгі мінездің энциклопедиясы секілді құбылыс мен үшін. Оның тұла бойы – адамды жақсылыққа жетелейтін қасиеттердің қоймасы. Байыппен қарасаң бір басынан бәрін табасың. Шешім қабылдап, мінез танытар жерде батыл, «суық» ақылға салар сәтте  сабырлы, ұлықтар мен бай-бағланның алдында бүгежіктеп жасқанбайтын өжет, өзінен атақ-дәреже, мансабы төмен жұртпен сөйлесе қалса кеуде кермес қарапайым, жаурағанға пана болған қамқор, қиналғанның қажетін ашар жомарт, сөйлесе шешен, ел алдына шықса көсем, іс бастаса епті, қызметте демократ, қоғамдық өмірде дипломат... Қария көрсе қамкөңіл бола біледі, баланың да, дананың да тілін табады. Айтқанын тыңдатады, өзі де өзгені тыңдай біледі. Қысқасы, данышпан Абай айтқан толық адамның барлық сипаты бар: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайраттың иесі еді. Сол себепті менің Бейсен ағама қойған атым – Парасат. Әлгі өзім құрастырған кітаптың да атын «Парасат биігі» деп әдейі атадым.  

Адам ана құрсағынан парасатты болып тумайды. Өсе келе, жүре бара қалыптасады. Кез келген биікке жету үшін етектегі сай мен шұңқырдан, төскейдегі жыра-жықпылдан, қия-қырқадан өту керек. Бейсен ағамыз да парасат биігіне жетер жолда талайды өткерді, талай мінезді көрді, жақсыдан тәлім теріп, өнеге жиды. Жаманнан жиреніп, шынықты, ширады. Ақыры өз биігіне шықты. Журналист ретінде, кәсіби маман ретінде, жалпы адам, азамат ретінде «Бейсен биігі» деген ұғымды қалыптастырды.  

El.kz: Бейсен Құранбек қайтыс болған кезде оны бағып-қаққан әжесінің денсаулығына ауыртпалық болмасын деген оймен хабар берілмегені жөнінде ақпарат бар. Бұл туралы білуіңіз бар ма? Қаншалықты рас деген сұрақ?

Есболат Айдабосын: Үлкен кісі ғой. Ол кезде төсек тартып жатып қалған. Жанын жаралап қайтеміз деп естіртпегені де рас, бірақ ана жүрегі сезеді ғой. Сезсе керек. «Қаланы қала қылып тұрған құрылысы, зауыты, табиғаты емес –  адамдары» дегенді Бейсен ағам көп айтатын. «Егер сол қалада мықты мамандар көп болса – мықты қала, жақсы адамдар көп болса – жақсы қалаға айналады» деуші еді. Талдықорған қаласының да басты қазынасының бірі өзі екенін соны айтып отырғанда білмеген болар, бәлкім білді. Әйтеуір бүгінде біз соны толықтай біліп те, сезініп те жүрміз. Ол кеткенмен оның рухы Талдықорғанда мәңгі қалып қойғандай.

Миражан Махан
Бөлісу: