Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин Шанхай мастерс жарысының екінші айналымына жолдама алды

5 Қазан 2023, 17:28 577

Әлемнің 302-ракеткасы қазақстандық Бейбіт Жұқаев Шанхай (Қытай) мастерс турнирінің екінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, бұл 22 жастағы Бейбіт Жұқаевтың өз спорт жолындағы алғашқы мастерс жарысы.

Іріктеу сайысынан кейін негізгі жарысқа өткен Бейбіт бірінші айналымда әлемнің 252-ракеткасы италиялық Стефано Наполитаномен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Бейбіт Жұқаев үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы ресейлік Карен Хачановпен кездеседі.

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған, дүниежүзілік рейтингте 245-орында Михаил Кукушкин бастапқы кездесуін әлемнің 81-ракеткасы франциялық Александр Мюллермен сәтті өткізді.

Бірінші партияда тай-брейкте франциялық спортшы 7:6 (8:6) есебімен басым түсті. Дегенмен содан кейін Кукушкин ойын тізгінін өз қолына ала білді – 6:3, 6:2.

Михаил Кукушкин екінші айналымда әлемнің 33-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванспен шеберлік байқасады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: