Бетпақдаланы жеті жарым күнде кесіп өттім – Дос Көшім

29 Қазан 2022, 06:30 5951

Саясаткер Дос Көшіммен сұхбат

Дос Көшім. Елге белгілі саясаткер. Ұлтшыл. Қоғам қайраткері. Журналистер өте жақсы көретін азамат. Себебі Досекең сұхбат беру үшін жайлы орын іздемейді. Қай жерде жүрсе де жауабы дайын. Еркін ойлы. Жалтақты білмейді. Осыдан үш ай шамасында Бетпақдаланы жаяу кесіп өтіпті. 1983 жылдан Кеңес одағының «Адам және шөл» деп аталатын ғылыми-спорттық экспедициясының құрамында Қарақұм (550 ш), Сарыесік Атырау (180 ш), Мойынқұм (150 ш), Қызылқұм (620 ш), тағы басқа шөлдерден жаяу өтіп, әлемдік рекордтар жасаған кісі. Зейнет жасына шықса да үйреншікті әдетін қоя алмай, қазақтың сайын даласын аралап кетуден жалықпайды. Бұл жолы  Сәкен Сейфуллин салған сара жолмен Бетпақдаланы қиып өткен. Бір заманда ақтардан қашқан большевик ақын қызылдардың билігі орнаған оңтүстікке жету үшін інісі екеуі салт атпен Бетпақдаланы дәл осы жолмен жүріп өткенін жазбаларынан оқыдық.

Сұхбаттасу үшін қоңырау шалғанымызда Досекең, сонау Қызылорда өңіріне ағасының 80 жылдық мерейтойына барып, тойдан соң саятшылық құрып жүр екен.  Жапандалада (байланыс бар жерде) ұялы телефонмен сұхбат құрдық.  Досекеңді іздеген себебіміз, Бетпақдаланы жаяу кезіп, тылсым табиғатпен «сырласып» қайтыпты. Не көрді, не сезді,  қиын сапардан көңілне не түйді, соның анық-қанығын өз аузынан естігіміз келді.

– Досеке, Сізді ұстау өте қиын. Қолыңыз қалт етсе аңға шығып кетесіз.  Болмаса жаяулап жалпылап дала кезесіз.  Әріге бармай-ақ қояиын,  жуықта ғана  Аралдың табанын кесіп өткеніңізді білеміз, Бетпақдаланы жаяу аралап шыққаныңызды БАҚ беттерінен оқыдық. Бұл не Досеке, хобби ма, атақ шығару ма? Саясаткерге  осындай жанкештілік  не үшін керек? Әлде елдің назарында жүргенді ұнатасыз ба?

– Жоқ, жоқ. Мен бұл ісімнің халыққа жайылғанын қаламаймын. Өз қалауым ғой.  Мен жаяу жүргенді, дала кезгенді,  шөлдегенді жақсы көремін. Бұл менің ермегім, хоббиім. Жеке қызығым. Рахатым.  Одан алатын ләззатым ерекше. Демаламын, өз-өзімді сауықтырамын.  

– Бетпақ даланы кешіп өткендегі ең қиналған кезіңіз бен ең қуанған кезіңізді еске түсіріңізші?

– Бетпақ даланы кесіп өткенде қатты қинала қойған жоқпын. Жері жақсы екен. Кедергі болатын, аяқты ауыртатын қиыршық тас жоқ.  Мен секілді жаяу жүретін адамға бұл да үлкен көмек.  Оның алдында Аралды кесіп өткенде сәл қиналдым.  56 градус ыстық. Қапырық.  Жалын өкпеңді қуырады. Бетпақдала да  35 градустай ыстықтар кездесті. Ол дегеніңіз  56 градустың қасында жай ғана нәрсе ғой. Сондықтан Бетпақдаланы қатты қиналмай кесіп өттім. Қуанышым мәреге аман-есен  жеткен күнім.

– Күніне қанша шақырым жүресіз сонда?

– Күніне  40 шақырым жүріп отырдым. Межем сол еді.  Не артық, не кем емес. 67 жастағы адамға бұл аз емес деп ойлаймын.

– Білуімізше жалғыз жортады екенсіз? Қорықпайсыз ба? Артыңыздан ерген, азығыңызды дайындап жүрген тірі жан жоқ.  (Беті аулақ) бір жерде құлап қалып, жазым болам-ау деген ой келмей ме? Дамыған елдерде жианкездік – табыс көзі.  Әр адымын бақылап отырады. Дәрігер, жедел жәрдем ілесіп отырады. Сізге осы жүрістен қандай пайда бар? Тарихта қалғыңыз келе ме, әлде?

– Маған бұл жүрісімнен ешқандай пайда жоқ. Табыс жоқ.  Жоғарыда айттым ғой, өзім қызығам. Жаным қалайды.  Сосын айналысам.  Жалғыз сапарға шыққан қауіпті екені рас. Бірақ  бұл сапарымда қатты қиналыс болған жоқ.  Күнігі жүрген кездерде шаршаған шығармын. Бірақ тез тынығып, күш жинап алып отырдым. Сұрағыңа орай айтарым, бұл сапарымда соншалықты қауіпті ештеңе кездеспеді. Шынымды айтайын Бетпақдала маған ұнады. Бас ауырып балтыр сыздаған жоқ.   Керемет. Ауасы қандай саф.  Ашылмаған сыры көп өлке. 

– Бетпақдалада неше күн жүрдіңіз?  Қанша шақырым, қанша келі салмақ тастадыңыз?

– Бетпақдаланы жеті жарым күнде кесіп өттім. 276 шақырым аумағы. Бір қызығы 86 келі  салмақпен барып, сол салмақпен оралдым. 

– Қызық екен расында. Ас-ауқатыңыз жақсы болған-ау шамасы?

– Шынымды айтайын кешке таман бір-ақ рет тамақтанам. Сол жетеді. Азықты арнайы бір фирмадан алдырамын. Суы сығылған, қуаты күшті, жеңіл азық.  45-ақ  грамм. Оған су қосқанда көбейе түседі. Үлкен тамаққа айналады.  Құнарлы.

– Бұл жетістікке қалай жеттіңіз?

– Бұл бір жыл бойғы дайындығымның нәтижесі ғой.  Мен күніне 10 кейде 20 шақырым жүремін. Организмімді соған дайындаймын, өзімді шыңдаймын.  Жақсы дайындық болса кез келген адам жүре алады бұл жолдарды.

– Су мәселесін қалай шешесіз?

– Мысалы Аралдан өткенде суды өзім арқалап өттім. Бетпақдаладан өткенде  алдымда машина жүріп отырды. Жол көрсету үшін. Себебі мен ол жаққа карта таба алмадым. Қызылоранының ғана картасын таптым.  Бетбақдала төрт облыс аумағында жатыр ғой. Сондықтан жол білетін Алмас деген жігітті жалдадым. Шу деген ауылдың тұрғыны.  Ол мені 40 шақырым жүріп барып тосып алады. Судың бәрі соның ішінде жүреді.  

– Жеті жарым күнде қанша литр су іштіңіз?

– Мен күніне екі литрдей ғана су ішемін.  Соны жеті жарым күнге көбейте салаңыз?

– Өзіңіз аралап шыққан  Қарақұм, Қызылқұм, Бетпақдала жайлы не айтасыз?

– Қарақұм – қара жамылып тұрған, кейде жолыңда бір қылтанақ шөп кездеспейтін, қатып қалған мұхит толқындары сияқты құм төбелерден тұратын тылсым күш болса, Қызылқұм – сексеуіл мен жыңғылды шағылдардан, ондаған шақырымға созылып жатқан тақырлардан, кейде сортаңдар мен жалаң құмдардың арасынан суы тоқтамайтын скважиналардың маңындағы шағын көлдерден тұратын «әдемі» шөл болса, Бетпақдала – шөлден гөрі далаға ұқсайтын, баялыш пен жусаны аралас жазық дала. Қазақ даласы. Әрине, «бетпақтығы» да жоқ емес. Жан-жақтағы ірі елді мекендердің арасын қосатын жолдар көбейген сайын Бетпақдала құлази бастаған сияқты. Сондықтан бұл далаға дайындықсыз аяқ басқан немесе тәуекелге сүйенген жанның қайта шығуы екіталай деп ойлаймын.

– Жаңа бір сөзіңізде бұл дайындық деп қалғандай болдыңыз? Алда үлкен жоспарыңыз бар ма?

– Иә, үлкен жоспарым бар. Алдыма үш мәселе қойып едім. Біріншісі: Аралды кесіп өту. Ол мақсатқа былтыр жеттім. Екінші Бетпақдаланы кесіп өту. Оған биыл қол жеткіздім. Енді алдымда Үстіртті кесіп өту тұр.  Ол амандық болса келесі жылдың еншісінде.  Үстіртті басып өту үшін 300-400 шақырым жүру керек.

– Уақытыңызды бөліп, аңшылығыңызды доғарып сұхбат бергеніңізге рахмет!

Нағашыбай Қабылбек
Бөлісу: