Бестеректегі жол апаты: зардап шеккен екі бала ауруханадан шығарылады

Бестеректегі жол апаты: зардап шеккен екі бала ауруханадан шығарылады

Дәрігерлер Бестеректе болған жол-көлік апатынан зардап шеккен екі баланың жағдайын «қанағаттанарлық» деп бағалады. Санавиация арқылы Астанаға жеткізілген балалар ауруханадан шығарылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.

Қажетті емдеу-диагностикалық шаралардың барлығы жүргізілді. Жалпы жағдайлары қалыпты, тәбеті жақсы, белсенді. 2025 жылғы 4 қыркүйекте ауруханадан шығарылады, – делінген басқарма хабарламасында.

Семейдегі ауруханаға жатқызылған қыз баланың жағдайы әлі де өте ауыр. Науқас комада. Дегенмен ведомство барлық қажетті емдеу және диагностикалық шаралардың жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, 19 тамыз күні Бестерек ауылында Toyota көлігінің жүргізушісі үй қақпасының жанында, жолдан небәрі 10 метр қашықтықта тұрған балалар тобын қағып кеткен.

Оқиға салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмды, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Үш бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Қайтыс болған балалардың жасы 2 мен 7 жас аралығында болса, жарақат алғандары 6-дан 9 жасқа дейінгі балалар екені хабарланды.