Бестөбе шахтасында тағы бір адамның мәйіті табылды
19 Тамыз 2022, 04:36
1377
Айыртау ауданының 23 жастағы тұрғыны екенін анықтады.
Бестөбе кенішіндегі жұмыс істемейтін шахтада Солтүстік Қазақстан облысынан келген ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды El.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 17 тамызда Степногорск қалалық полиция басқармасына Бестөбе кентіндегі "Западная" шахтасының аймағында жас жігіттің өлі денесі жатқаны туралы хабарлама түсті. Полицейлер марқұмның Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының 23 жастағы тұрғыны екенін анықтады.
"Алдын ала болжамға сәйкес, ер адам шахтаға заңсыз кіремін дегенде қатты жарақат алған. Содан қайтыс болды", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 269-бабы, 1-бөлігі (Күзетілетін объектіге заңсыз кіру) бойынша тергеу шаралары басталды.
Айта кетері, 22 шілдеде Бестөбе шахтасында заңсыз алтын іздеушінің мәйіті табылған болатын. Ал үш күннен кейін тағы бір ер адамның өлі денесі табылды. Бұдан бөлек, ауыр жарақат алған екі адам табылды. Олар заңсыз жарылыс жасау кезінде тастың астында қалып қойды.