Бесік тербете білген әйел әлемді де тербете алады

4 Наурыз 2023, 14:10 2514

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Құрмет» орденінің иегері, Журналистер Одағының лауреаты,  мәдениет қайраткері, «Сыр мен мұң», «Өмірдің өзі новелла» кітаптарының авторы, журналист, редактор Ләззат Мейрамханқызы Қапышевамен сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

- Ләззат апай, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін рахмет. Бүгінгі әңгімеміз 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында болып отырғаны жайдан-жай емес деп ойлаймын. Өзіңіз арқылы қазіргі қазақ әйелдерінің бүгінгі бет-бейесін көрсетуге талпыныс жасап көрмекпіз. Сұхбатымызды осы айтулы мерекеден бастайықшы.

- Біріншіден, баршаңызды көктем мерекесімен құттықтаймын! Мен қазір зейнеткермін. «Қазақстан» телерадиокорпорациясында 40 жыл еңбек етіп, 8 наурызда 65 жылдығы аталып өткелі отырған осы қарашаңырақта, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, Қазақ радиосында еңбек еттім. Әрине менің 25 жылға жуық уақытым қазақ теледидарында өтті. Сондықтан осы мерекемен бүкіл әріптестерімді, аға-апаларымды, бүкіл іні-сіңлілерімді құттықтаймын. Қадамдарыңыз қажымасын, барар жерлеріңізге аяқтарыңыз талмасын. Елдің өсіп-өркендеуін сіздер арқылы халқымыз біліп отырсын. Жалпы бұл журналист деген қолына қалам ұстаған халық ел мүддесін қолдайтын, ер мүддесін қорғайтын, билік пен халық арасындағы дәнекер ғой. Мереке құтты болсын, қаламдастар!

- Сіз газетте де, телевизия мен радиода да қызмет еттіңіз, қайсысы жүрегіңізге жақын?

- Менің барлық өмір жолым, шығармашылығым Қазақ теледидарымен байланысты десем артық болмас. Ол кезде Қазақ теледидарына қандай мықты болсаң да бірден жұмысқа алмайтын. Мен алғаш рет жұмысқа спорт редакциясының әкімшісі болып тұрдым. Ол кезде белгілі спорт комментаторы Рабат аға Жәнібековтер болды. Көптеген ағайлар болды, қазір көбінің атын ұмытып отырмын. Сол кісілер маған көмектесіп, телевизияның ішкі-сыртқы «кухнясын» үйретті. Одан кейін университетті жаңа бітіріп келген Мейрам Жанділдин деген жас жігіт болды. Сол бәріміз бір үйдің баласындай болып қызмет еттік. Өмір мектебі дейміз ғой, жалпы адам бәрін бірден іштен біліп тумайды, адам ортасынан үйренеді. Мен сондай жақсы ортаға тап болдым.

Ұлтты ұясы, халықтың қарашаңырағы, ел жаңалығының жаршысы - Қазақ теледидарында жұмыс істегеніме өзімді өте бақытты жанмын деп есептеймін.

- Жаныңызға жақын жобаның бірі, өзіңіз қайта түлеткен «Ақ тілек» бағдарламасын бір еске алып өтсеңіз.

- Мен алғаш телевизия саласынан бірден радиоға ауысқанда бұл жер бейтаныс әлем болып көрінді. Бала жасымыздан радионы тыңдап өскенімізбен оның қыр-сырын білмейді екенмін, тосырқап қалдым. Мен Қазақ радиосына келгенімде Жүрсін Ерман директор болатын. Қайдан, неден бастарымды білмей біраз қысылдым. Содан «Сіз бен Біз» деген хабарды жүргізе бастадым. Онда біздің керемет сазгер қызымыз Ақтоты Райымқұлованың анасымен, Ғафу Қайырбековтың жары Бәтес апаймен, Қалижан Бекқожинның жары Зария апа сынды адамдармен 10 минуттық сұхбат жүргізуден бастадым. Сөйтіп радионың ішкі қыр-сырын, онда қызмет ететін адамдардың мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен таныса келе басқа леппен хабарлар жасау керек деген ойға келдім.

Содан қандай жоба жасасам екен, қалай тыңдарманның көңілінен шығатын бағдарлама шығарсам екен деп жүргенде Жүрсін аға мынадай бір ұсыныс жасады: «Бізде «Ақ тілек» деген құттықтау бағдарламасы бар. Соны дұрыстап жолға қойшы. Оны жәй құттықтау бағдарламасы ғой деп, көбі дұрыс мән бермейді екен», - деді. Ол кезде жан-жақтан хат көп келетін. Бұрын хабарда он шақты адамның құттықтауын бірге оқып, бір ғана ән беретін. Ал мен «Ақ тілектің» форматын сәл өзгертіп, әрбір кейіпкерге жеке тоқталып, оның шыққан өңірінен де мәліметтер беріп, жеңіл-желпі құттықтау бағдарламасы емес, танымдық, ақпаратты-сазды бағдарлама ретінде жасадық. Хабарымыз содан кейін елдің ауызына іліне бастады.

- Қазіргі тілмен айтқанда хабар рейтингтің жоғары сатысына көтерілді дейсіз ғой?

- Иә. Бір күні сол кездегі Корпорацияның басшысы, марқұм, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы шақырып жатыр деген хабар алдым. «Ойбай не жазып қойдым» деп барсам, ол кісі «Ләззат саған рахмет айтайын деп едім. Мынау әкімдерден «Ақ тілекке» 50-60 жылдыққа құттықтау үшін ұсыныстар келіп жатыр» деді. Тапсырманы ала салысымен ол кейіпкерлердің өмірбаянымен, еңбектерімен танысып, олардың жақсы жақтарын, бала-шағасының өсіп-өнгенін, елге сіңірген еңбектерін үлгі ретінде көрсетіп, табиғатына сай әндермен беріп жүрдік. Аз уақытта хабарымызға сұраныс артып кетті. Содан бір күні Жүрсін Молдашұлы шақырып, «сұраған кабинетіңді, қалаған мамандарыңды берейін «Қайырлы таң, Қазақ елі!» хабарын жаңаша түрлендірші» деді. Оны да аз уақыттың ішінде форматын, берілу тәсілін өзгертіп эфирге бердік. Мен өзім көлікте, үйде, жұмыста болсын радионы қосып қойып тыңдап отыратынмын. Тыңдап отырып, жүргізушілер қай жерде қателесті, қай жерде жақсы шықты деп қадағалайтынмын.

Арада біраз уақыт өткенде Жүрсін Молдашұлының бұйрығымен Қазақ радиосы бас редакторының орынбасары болдым. Радиодан өтетін барлық хабарларға басшылық жасадым. «Сырласу», «Біз екеуіміз» сынды бірнеше хабарларды жасадық, олар да халықтың көңілінен жақсы орын алды. Оған сол кездегі корпорацияның төрағасы Сағат Әшімбаевтың сіңірген еңбегі мол болды.

- Жалпы шығармашылық жолыңызда ерекше оқиғалар болды ма?

- Мен газет-журналдарды көп оқыдым, әсіресе «Қазақстан әйелдері» журналын көп оқыдым, мол мағлұмат алып отырдым. Содан жасыратыны жоқ, әріптестеріме мәлім, мен Жауғаштыдағы әйелдерді еңбекпен түзеу колониясына барып, солардың өмірін жатып-тұрып зерттедім. Тіпті, Алматы қаласының М. Мәметова көшесіндегі Әйелдерді уақытша тергеу-ұстау изоляторында да жатып зерттедім. Қылмыскер әйелдер сияқты таңертеңнен кешке дейін отырып, солар жайлы хабарлар жасадым. Қазақ теледидарында жүргенде «Жат жанарға жаутаңдап» деген жетім балалар жайлы хабарлар жасадым. Айта берсек көп енді. Мұның бәрін мен не үшін жасадым, халыққа берер ақпаратымыз шынайы болсыншы дедім.

- Сіз Америкада болған екенсіз, барған сапарыңыз жайлы қысқаша айта кетсеңіз?

- Шетелге кеткен қазақтың жетім балаларын іздеп Америкаға бардым. Мұхит асып. Ол жаққа бару маған оңай болған жоқ. Мен үш министрлікпен жұмыс істедім. Білім, Әділет және Сыртқы істер министрліктері. Ол кезде маған сенатор Жандар Кәрібаев бастаған бірнеше адам көмекке келді. Жетім балаларды асырап алатын шетелдік мыңдаған ұйымдар бар. Олар қазақстандық балаларға ерекше қызығушылық танытады екен. Себебі қазақтың балалары сүйкімді, алғыр әрі ақылды болып келеді. Соларды іздеп бардым. АҚШ-та 50 штат бар, ондағы балалар жан-жаққа таралып кеткен екен. Әр түрлі штаттарға. Олардың бәрін іздеу оңай болған жоқ. Америкалықтар: «Осындай балаларды тастап кеткен қандай тасбауыр адамдар, қандай ата-аналар?» дегенде кірерге тесік таппадым. Бір жақсысы онда тәртіп күшті, әр баланың тарихы жазылып тұрады екен. Содан ол жақтан іздегенімді тауып, елге келген соң «Қазақстан» ұлттық арнасынан тұңғыш рет «Жанарынан үзілген балапан жас» атты хабар жасадым. Үнемі осындай оқиғалардың басы-қасында болып, көзбен көргеннен кейін болар, «Журналистика – өзіңнің емес, өзгенің дертін, мұңын арқалау» дегім келеді. Өзге құрлыққа тағдырдың жазуымен кеткен қандастарымды іздеп, аналық һәм журналистік міндетімді адал атқардым деп ойлаймын.

- Өзіңіздің жеке шығармашылығыңыз туралы да айта кетсеңіз.

- Қазақ радиосы менің соңғы істеген жерім ғой, сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Менің «Сыр мен мұң», «Өмірдің өзі новелла» атты кітаптарым жарыққа шыққан. «Өмірдің өзі новелла» деген хабар жүргізгенмін, кітап соның желісімен жазылған. Ол кітаптың шығуына радионың директоры Ғалымжан Мелдешов көп еңбек сіңіргенін айта кету парызым. Бұл кітабым 12.12.2012 жылы жарық көрді. Алматыдан Астанаға қоныс аударып жатқан кезіміз. Сол кезде кітаптың таныстырылымы керемет өтті. Оған сол кездегі Қазақ радиосының директоры Махат Садықтың еңбегі көп болды. Сонымен қатар өзім қызмет еткен жылдарда корпорацияның басшысы Нұржан Жалауқызы Мұхамеджанова сынды көзі тірісі бар, өмірден өтіп кеткені бар, барлық басшыларыма алғыс айтамын, бірге қызмет еткен әріптестеріме ерекше алғыс айтамын!

- 40 жылға таяу астам жұмыс өтілі бар журналист ретінде айтыңызшы, әйелдерге арналған қазіргі отандық телерадио хабарлар көңіліңізден шыға ма?

- Біз қазір жақсылықты емес, жамандықты жарнамалап кеткен сияқтымыз. Халқымыздың дүниетанымына қайшы келетін небір дүниелерді, адам ойына келмейтін азғындықты рейтинг қуалап ашық көрсететін болдық. Одан ұлтқа қандай пайда бар? Екінші айтайын дегенім, ақпараттық сайттар болсын, әлеуметтік желілер болсын күнделікті оқып жүрміз. Солардағы жазбаларға қарап қарның ашады.

Әншілерімізді жарық жұлдызымыз деу журналистер үшін қаншалықты қажет болды?! Ән айтқанның бәрі жарық жұлдыз емес. Жарық жұлдыз аспанда ғана болады ғой. Тақырып қоюды білмейді. «Масқара!» немесе «Сұмдық!» деп жамандықты өзіміз шақырып жатқандаймыз. Қарасаң біздің қыздар бір жерде өзінен жасы кіші жігітке, енді бір жерде әкесіндей адамға тұрмысқа шығып жатыр. Осының бәрін естисің де күйінесің. Аналық, әкелік, аталық қасиет қайда қалды? Біздің болашағымыз қалай болады деп ойлаймын.

- Қазір елімізде бойжеткендеріміздің тәрбиесі кемшін түсіп жатқандай. Бұл пікіріме не дер едіңіз?

- Қазіргі қыздарымызға қарасаң көбісі шаштарын түрлі түске бояп алған. Қазақтың жас қыздары ешқашан шашын боямаған. Қап-қара қос бұрымдарын өріп жүрген. Келіндеріміз жаулық тартқан. Үлкендеріміз кимешек киген. Қазір жыртық киім кию мода дейді. Мен мұны осыдан 23 жыл бұрын Америкада жүргенде көрген едім. Сол бізге 23 жылдан соң жетіп отыр. Ал біз енді жиырма үш жылдан соң не боламыз? Жыртық киімді кезінде біздің қазақ жоқшылықтан киді емес пе? Ал біз оны барлықтан есіріп киіп жүрміз.

Біздің Қыз Жібек қайда? Біздің Баян сұлу қайда? Қайда біздің қыздарымыздың асыл қасиеттері? Жоқ! Шолпы қайда? Шолпыны не үшін таққан? Кезінде шолпы таққан қыздар, келіндер келе жатса киіз үйдің ішінде отырған үлкендер егерде бір-біріне дөрекі сөйлеп отырған болса шолпының дыбысын естіген сәтте сөздерін тия қойған. Біздің тәрбие беретін ырым-тиымдарымыз қайда? Біздің ұлттық салт-дәстүр, қадір-қасиетіміз қайда? Жоқ! Бізде әр өңірде Аналар кеңесі бар дейді. Олар дұрыс жұмыс істеп жатса нәтижесі қайда? Көңіл түсіретін көп мәселе мені күндіз-түні толғандырады.

- Оқырмандарымыз бұл кісі қай жақтың тумасы болды екен деп ойлап отырған шығар. Өзіңіз туралы да қысқаша айта кетсеңіз. Балалық-жастық шағыңыз қалай өтті?

- Мен Қостанай облысы (бұрынғы Торғай облысы) Амангелді ауданының қызымын. Әкем сол аудандағы халық театрының тұңғыш режиссері болған. Сол жақта еңбек еткен әкемнің де әу бастағы арманы журналист болу екен. Алайда, сол кездегі Партия комитеті оның өнерге де жақын екенін біліп, мәдениет саласына тартқан. Өйткені, ол «Қара жорға» биінің шебері еді. Бойындағы талантының арқасында Мәскеуде өткен Дүниежүзі жастары мен студенттерінің фестиваліне қатысқан.

Мен басында аудандық «Тың шұғыласы» газетінде істедім. Бірақ мен негізгі қызметімді газет тілшісі емес, радио журналисі ретінде бастадым. Ол кезде аудандық газеттердің қасында радио торабы болатын. Сол арқылы газетте жұмыс істеп жүріп, кешке радио торабы арқылы қандай жаңалықтар болып жатыр, соны тарататынбыз.

Мен бала кезімнен Бибігүл Төлегенованың қолынан алма жеп өскен адаммын деп сұхбаттарымда жиі айтамын. Ол кезде «пазик» деген кішкене автобуспен бір қора әншілер келетін, қонақ үй жоқ, бәрі біздің үйге қонатын. Білмеймін анам сол кезде бәріне қалай тамақ істеп үлгерген деп. Қой да сойылып, таба нан да, бауырсақ та пісіріліп, салат та дайындалып жататын. Келген қонақтардың барлығы соған мәз-мейрам болатын. Ал қазіргі әншілер пәлен мың гонорар алады. Автобусың не пойызбен де жүрмейді, люкс салонды ұшақпен ұшпаса, барған қонақ үйі бес жұлдызды болмаса қабағынан қар жауып, шақырған жеріңе бармай қоюы мүмкін. Екі аяқты адамның бәрі бір Алланың пендесі. Соны ұмытпау керек деп ойлаймын. Тым астамшылдыққа бармайық дегім келеді. Бұл барлық жастарға айтылған базынам.

- Қазіргі әйелдер қауымы неге көңіл бөлгені жөн деп ойлайсыз?

- Жалпы алғанда біздегі әйелдердің жанашырлығы мен мейірімділігі қашанда ғажап болған. Айша Бибі, Домалақ ана мен Қарашаш аналарымыздың ақылдылығын айтпағанда, бізде аналарымыздың ақыл-парасаты еріне серік болған, халқына көрік берген. Керемет болған ғой. Ал қазіргі әйел, ана, әже атанғандардың ең басты мақсаты елдің тілеуі болуы керек. Бала-шағаның, елдің-жердің тілеуін тілеп отыруы керек. Себебі ананың тілегі қашанда қабыл болған. Әйел қазір бесік тербетуі керек. Бесік тербете білген әйел әлемді де тербете алады.

- El.kz арқылы елге айтар мерекелік тілегіңіз болса, жеткізейік!

- Алдымызда 8 наурыз, одан кейін ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы келе жатыр. Осы мерекелердің барлығында халқымызға бейбітшілік, тыныштық, ел қабырғасы сөгілмесін дегім келеді. El.kz-тің оқырмандары көбейіп, әр оқыған сайын өздеріне тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар, ең бастысы өздеріне керектілерін алса деймін. Оқырмандарыңыз көп болсын демекпін!

- Жүрекжарды сұхбатыңыз үшін Сізге көп рахмет!

Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: