Бесбармақ па бешбармақ па?

24 Шілде 2017, 15:50 3598

Асылған етті «АСАТА» атасақ...

Бүгінде өзге ұлт өкілдеріне еріп, өзінің ұлттық ет тағамын «бешбармак», «бесбармак», «бесбармақ» деп жүрген қазақтар көп. Сонда, сол шіркіндердің бармақтары бесеу ме екен?! Бәрінің мутант болғаны ғой?!

Исі қазақта бір бармақ пен төрт саусақтың жалпылай «бес саусақ» делінетінін шал-кемпірлерге шейін тәптіштеп беріп отырғанның өзі ұят! Ол аздай, бұлардың біразы бақай мен башпайларды «аяғымның саусақтары» дейді-ей!..

Кешіріңіз, саусақты «бармақ», бақай, башпайды «саусақ» деп, дене мүшесіне ден қоя алмай жүрген ұлт – «топас мемлекет» құраушылар болып шығады сосын!.. (Сырт көз алдында, әрине).

Бірде «Жас Қазақ» газетінде біреудің «Бешбармак» емес, «Бесбармак» деп білгішсінген мақаласы шықты. Құдды, малдың етін емес, адамдардың бармағын кесіп алып, асып жегендей! Оған тағы біреуі «Бешбармак» та, «Бесбармак» та емес, дұрысы – Ас!» деген жауап жазды. Ал керек болса!

Оу, ас – жалпы ұғым! Картоп жеп отырсаң да, тілек білдіруші саған «Ас болсын!» дейді. «Картоп болсын!» демейді. Шәй ішіп отырсаң да, «Ас болсын!» дейді. «Шәй болсын!» демейді. Қытай кеспесі де – ас! «Асың дәмді болсын!», «Асың сіңімді болсын!» деп күнде айтылатын сөз – күнде ет асып жеп отырған мешкейге арналмаған. Өмірде ондай адам да жоқ!

«Ас – адамның арқауы» деп етті ғана айтпаған. «Бәленшенің бәлен жылдығына ас берілді» деген сөз – бабасының құрметіне тек ет асты дегенді меңзей алмайды ғой!

Сонда, біздің қасиетті ұлттық тағамымызды қалай атауымыз керек? Бұл сұрақтың нақты жауабын белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғалидан алған сияқтымыз. Қысқартып айтқанда, былай...

Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы:

-Иә, бүгінде қазақ, қырғыз, башқұрттың басты ет тағамы «бешбармак» аталып жүр. Мұны біреулер орыстарға дұрыс аудармаған тілмаштардан көрсе, енді біреулер өзіңіз сияқты кімнен көрерін білмей намыстанумен ғана келеді. Бірақ, бүгінге дейінгі қазақша ет тағамының ресмиленген тарихын әзірге таба қоймадық. Қырғыз, башқұрт бауырлар болса, соңғы 3-4 ғасыр бойы қазақпен қоңсылас болғандықтан және тарихи араластықтан да «бешбармактың» тағдырын бірге бөлісіп келеді. Қалай болғанда да, қазақтың бұл тағамының мойындалуы мен ресми әйгіленуі ХХ ғасырдағы жерімізге орыстардың сыналай келіп, олардың ішкі тұрмысымызға кіріге бастауымен тығыз байланыста.

Қазақтағы ет жеу дәстүрі ең алдымен тағамды емес, құрбандықты паш еткен үрдіс болатын. Сондықтан құрбан малдың еті өз алдына тағам ретінде қарастырылмаған, атау берілмей келген. Малсадақа шарасы ауызекі тілде «ет жеу» деп айтылды да, малсадақа  акциясының бір шарасы ретінде «қазақы етке» атау қалыптастырылмай келді. Ал, Кеңес өкіметі тұсында «қазақша ет» (мясо по-казахски) ретіндегі сөз тіркесімен аталғанмен, ол тұрақтамады. Сондықтан «бешбармаққа» намыстану арқылы жауап беру әлі күнге дейін өз нәтижесін берер емес. Әсіресе, «бес бармақ» тіркесінің қазақта жоқ екендігімен «бешбармактан» құтыла алмасымыз белгілі. Бұл жерде мән беретін тарихи бір көрініс: құрбандық пен садақаның мәні Көктен алақан жайып тілеу мен сұрау болса, бүгінгі «бешбармақ» асымыз Көктен алақанға (бармақ пен саусаққа емес) түскен сол сыбаға мен несібенің көрінісі болып табылады. Ендеше «бешбармақ» – жай ғана ас емес, атаны (аруақты) құрмет тұтар ас! Бүгінгі қалыптасқан «бешбармақ» қазақтың танымына сәйкес үш түспен танылатын дәмді біріктірген: қызыл – ет, ақ – нан, көк – көкөніс. Бұған сорпаға қосылатын сүттік тағам – құртты қосыңыз. Аталық танымды бойына сыйғызған атамыздың асы ретінде барынша құрметтеуге лайық тағамды бес саусақпен әспеттеу қисынға сыйымсыз. Қазақы ет атауын лайықты түрде қалыптастыру үшін, оған әуелі барынша ғылыми логикалық негіздеме керек. Жоғарыда келтірілген аз-кем дәйек соның басы деуге болар. Бұл негіздеме әуелі әр жаққа тартатын қазақтардың, түркілердің пікірін бір жолға түсірмек. Аталмыш дәйек ет тағамының «астың атасы» мен «атаның асы» екенін білдіретініне көз жеткізеді. Одан әрі бар болғаны еттің басты маңызын білдіретін «асата» сөзін қалыптастыру ғана қалады. Бұл сөз аталған тіркестердің сығындысы ғана: ас – ата. Ал, «ата» сөзі – адамның шығу тегін ғана білдірмейді. Ол – барлық жоғарғы танымдар мен дәстүрлердің тоғысын білдіретін ұғым. Сондықтан «асата» сөзін сол күйінде кез келген тілде өзгеріссіз жазып, айтуға болады. Лингвистикалық жасау жолына тоқталсақ, ол «атамекен», «атажұрт» секілді аталы сөздердің ізімен, қос зат есімнің кірігуі арқылы жасалып тұр. Мәселен, ол сөздер сәйкес түрде «атаның мекені», «ханның шатыры» деген қарабайыр ұғымнан барынша терең «аталық мәртебелі мекен», «аталық маңызды орын»,  «хандық дәрежелі шатыр» деген мазмұнды береді ғой?!. Сол секілді «асата» да «астың атасы» дегеннен гөрі, «астың тегі, мәртебесі» деген ұғымды меңзейді.

Енді атақты асымыздың сипатына келсек,бұл тағамға асты қолмен жеу ғана тән емес. Керек десеңіз, Еуразия даласынан бастап, сонау Үнді түбегіне дейінгі аумақтағы жұрттың барлығы дерлік қою тамақты қолмен қылғытады. Тіпті, үнділер де асты қолмен жейді. Айтпақшы, олардың негізгі асы да шелпек секілді нан екенін кинодан көріп жүрміз. Ал, қасиетті асты құралмен емес, қолмен жеу адамзаттың бәріне ортақ деуге болады. Орыстар да садақа асы жайылған дастарқанға шанышқы жолатпайды.

Енді, еніп кеткен «бешбармактан» қалай құтыламыз десек, әуелі «бешбармакты» жақшалап, ал сыртына «асатаны» жазу арқылы және оны барлық отандық мейрамханаларды қоғамдық түрде бақылаумен қалыптастыруға әбден болады. Оның үстіне, тарихы мен мағынасын ашып жазып тарату арқылы, уикипедия секілді ашық энциклопедияға түзету енгізіп, башқұрт, қырғыз бауырлармен келісу шаралары керек-ақ.

Ерлан Оспан
Бөлісу: