Бесағашта тау баурайынан түскен топырақ көшкінінен 2 үй зақымданды

23 Наурыз, 14:10 1590

Алматы облысының Талғар ауданында топырақтың өздігінен құлау жағдайы тіркелді. Бұл туралы 23 наурызда сағат 00:20-да Алматы облыстық ТЖД кезекші бөліміне хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық ТЖМ мәліметінше, Талғар ауданының Бесағаш ауылындағы «Бурабай» коттедж қалашығында ауа райының тұрақсыздығына байланысты 21-23 наурыз аралығында жаңбыр мен қарлы жауын-шашын жауып, салдарынан топырақ батпақтанған. Тау баурайынан екі жеке тұрғын үйдің аумағына топырақ көшкіні өздігінен түскен.

Топырақ аяқталмаған қорғаныс қоршауының шетінен өтіп (биіктігі 4 м бетон тіреу қабырғасы), үйдегі терезені сындырып, зақым келтірген. Сонымен қатар жеке тұрғын үйдің аумағындағы уақытша тұрған құрылысты (үй шаруашылығын) ішінара зақымдаған. Түскен топырақтың болжамды көлемі 500 текше метрді құрайды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Екі үйде 9 адам тұрады.

Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД 15 қызметкері мен 4 техникасы, ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ 1 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 10 қызметкері мен 2 техникасы, 2 жедел медициналық жәрдем бригадасы шықты. ТЖ бөлімінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері екі көшені аралау жұмыстарын ұйымдастырды. Тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстары жүргізілді,-делінген ТЖД мәліметінде.

Еске салсақ, бұған дейін "Қазселденқорғау" қызметкерлері ескерту хабарламасын тұрғындарға жіберген.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: