Бес жүздем астам кәсіпорын Қазақстан колледждеріне қолдау көрсетеді

24 Маусым, 03:30 584

Елімізде 410 колледжге 500-ден астам қазақстандық кәсіпорын қолдау көрсетеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. 

Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын 410 колледжге қамқорлық жасап, қамқоршылық кеңестер мен салалық кеңестер арқылы колледждерді басқаруға қатысып келеді.

104 мыңнан астам студент кәсіби практикадан, 4 мыңнан астам педагог кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтті. Колледждер қамқорлық көрсететін кәсіпорындардың қатысуымен 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын жаңартты. Биыл мақсатты тапсырыс бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен тағы 10 мың студент қабылданады, - дейді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Сонымен қатар, дуальды оқытуды өңірлерде тарату жалғасуда. Биыл еліміздегі 9 мың кәсіпорында дуальды оқыту аясында 91 мыңнан астам колледж студенті өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. 

Перизат Саденова
Бөлісу: