Бес сағатқа созылған «Біз біргеміз!» телемарафоны қалай өтті

30 Сәуір, 22:33 2656

«Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафон 10 республикалық арнадан көрсетілді. Телемарафонда ресми орган өкілдері өңірлердегі апат салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары мен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды қалпына келтіру, материалдық шығындарды өтеу жөніндегі мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы есеп берді, деп хабрлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үш мыңға жуық малға өтемақы төленді

«Біз біргеміз!» телемарафонына арнайы шақырылған спикер ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ілиясов тікелей эфирде 3 мыңға жуық малға өтемақы төленгенін айтты.

Ал су тасқыны салдарынан елімізде 8 мыңнан астам мал қырылды. Дегенмен суға кеткен төрт түліктің шығыны өтеліп жатыр. Мәселен, Қарағанды облысы қырылған малдың өтемақысын толығымен төлеген. Атырау және Ақмола облыстарында өтініштер әлі де қабылданып жатыр.

Суға кеткен мал шығыны қалай есептеледі?

Өтемақы мөлшерін малдың қара базардағы құнына қарай есептейді. Қаражат қазынадан да, бюджеттен тыс көздерден де тартылады. Ол үшін мал иесі жергілікті әкімдіктер құрған комиссияларға өтініш беруге тиіс. Ресми тіркелмеген не өлексесі табылмаған түлікке де өтемақы төленеді. Ол үшін өтініш жазарда малдың болғанын растайтын үш куәгерді ұсыну қажет.

Аталған алгоритмге сәйкес, су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының барлық иелері өтемақы алуға құқылы, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин.

Алматы қаласынан қанша волонтер жұмылдырылды?

AlmatyTV студиясында қонақта болған Алматы қаласы волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Бағдат Анарбаева тасқын басталғалы 200-ден астам волонтер, 100-ге жуық курсант күнделікті демалыссыз және үзіліссіз жұмыс істегенін айтты.

Осы уақыт ішінде волонтерлеріміз күн-түн демей жұмыс істеген болатын. Олар күнделікті таңғы сағат 10-нан кешкі сағат 19:00-ге дейін гуманитарлық көмекті қабылдап, кешкі уақытта оны сараптаумен және тасымалдаумен айналысты. Одан бөлек, волонтерлердің бір бөлігі сол гуманитарлық көмекті зардап шеккен өңірлерге жеткізді. Сонымен қатар сол өңірлерде су тасқынымен күресу бойынша көмек көрсетті. Бұған дейін БҚО, Орал қаласы, Атырау облысынан волонтерлерімізді жіберген болатынбыз. Қазір де көптеген жастар сол жақта көмек көрсетіп жатыр, – дейді Бағдат Анарбаева.

Тасқыннан зардап шеккен 5 мың отбасына АЕК тағайындалды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев «Біз біргеміз!» телемарафонында су басқан өңірлерде 15 мыңнан астам тұрғынға әлеуметтік қолдау көрсетілгенін, оның ішінде төтенше жағдай жарияланған өңірлерде 5 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын мәлім етті.

Су басқан өңірлерде 15 мыңнан астам тұрғынға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде төтенше жағдай жарияланған өңірлерде 5 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Олар мемлекеттік органдарға жүгінген жоқ, көмек автоматты түрде тағайындалды, - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев.

Су тасқынынан Жайық бойындағы 84 елді мекен аман қалды

Ал ТЖМ министрі Шыңғыс Әрінов «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонында тасқын судан Жайық бойындағы 84 елді мекен аман қалғанын айтты.

Су деңгейінің шыңы Батыс Қазақстан өңірінен Атырау өңіріне өтіп жатыр. Бірақ Жайық бойындағы 84 елді мекен аман қалды деп айтуға толық негіз бар. Оның себебі дер кезінде істелінген дайындық жұмыстары, бөгет салу. Өздеріңіз көрдіңіздер, қанша шақырым бөгет салынды. Бүкіл ел болып, бүкіл өңірлерден арнайы техника, күш-құралдар келіп жатыр, - деді министр.

Елімізде 524 үйді жөндеу үшін 670 милионнан астам теңге бөлінді

Елдегі зардап шеккен өңірлерде 3956 тұрғын үй тексеріліп, 2649 нысан бағаланған. Нәтижесінде 524 үйді жөндеу жүргізуге 670 миллионнан астам теңге бөлінген. Ал Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында 49 отбасына су басқан баспанасының орнына үй мен пәтер берілді. Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында үйлерін су басқан 49 отбасына баспанасының орнына үй мен пәтер берілді. Шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал Ақтөбе облысында 595 үй анықталып, соған байланысты 21 компания бекітіліп, 87 үйге құрылыс-монтаждау жұмыстарын басталды. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мәлім етті.

Тасқын су бірқатар әлеуметтік нысанға нұқсан келтірді

6 сәуір күні  Қостанай облысындағы Алтынсарин атындағы мектепке 30 см-дей су кірді. Мектеп  2 жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен, жиһаздары да жаңа. Мұғалімдер мектеп жиһаздары мен жеке қазандықтың ауыр жабдықтарын да жоғарыға көтеріп жеткізген.

Ұстаздардың ұйымшылдығы мен ширақ іс-қимылының арқасында бұл мектеп қатты зардап шекпеді. Судың беті қайтысымен бірден оқуды жалғастырды.

Ерлік жасағандар

Зейнеткер Ақтөбені су тасқынынан құтқаруға көмектесті. Су мөлшері сағат сайын артып жатты, ал кран қосылар емес. Сол кезде қоймада 36 жыл жұмыс істеп, былтыр ғана зейнетке шыққан Шыңғыстау Әбдиевке өтініш айтады. Шыңғыстау Қибашұлы бірден келіп, жарты сағаттың ішінде мәселені шешті. Кранға өзі отырып, екінші шлюзді ашқан.

Қостанай мен Тобылды байланыстырып тұрған көпірді тасқын бұза алмады. Бұл жұмысқа құтқарушылармен қатар тұрғындар мен еріктілер көмектескен.

ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Нұрхан Қабыкен су тасқыны басталғалы Қостанайда құрылған жедел штабта қызмет етіп жатыр. Құтқарушының жақындарын көрмегеніне бір айға жуықтады. Олар мұнда судың ағысын бұрумен әуре. Орталық көпірді тасқын бұза алмауының да себебі сонда.

Шыны керек, бұл жердегі барлық қызметкерлер отбасы болсын, ата-анасы, балаларын болсын тәуліктеп көрмеген. Ал аудандарға көмектесуге кеткен құтқарушылар жарты айлап отбасын көрмеген, - деді ол.

Солтүстік қазақстандық тәртіп сақшылары екі адамды ажалдан арашалап қалды.

Оқиға Петропавл қаласының шетіндегі Былғары зауыты ауданында болған. Есіл өзені арнасынан асып, айналаға жайылған кезде мұздай суға құлап, жағаға жете алмай жатқан ағайынды екеуді полиция байқап, жол талғамайтын көлікпен дереу жеткен.

Ағыстың жылдамдығы қатты болды. Оқиға орнына жеткен кезде бір адам тіпті құлап, тұншығып жатты. Еш ойланбастан мұздай суға секіріп, оларды сыртқа алып шықтық, - деді қалалық полиция басқармасының бастығы Мұрат Жұмалиев.

11 жасар кентаулық  қыз жыл бойы жинаған қаражатын Құлсарыға көмек ретінде берді. Бүгін Гауһар Шәймерден «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонына қатысып бұл жөнінде айтып берді.

Ақтөбелік құтқарушы басын қатерге тігіп, 200-дей адамды қайықпен құтқарған. 17 жылдық жұмыс тәжірибиесінде 100-ден астам адамды өлімнен арашалап қалған құтқарушы Ерсайын Нұржановтың бұл қызметке келуіне әкесі себеп болған.

26 наурызда сағат таңғы 05:00-те қоңырау түсті. Қобда ауылына бағыттама берілді. Кейін жете сала халықты эвакуациялап, құтқаруға кірістік. Қауіпті деген аймақтарда қалып қойған тұрғындарды қайықпен көшірдік. Барлығы 200-ден аса тұрғынды құтқардық, - дейді құтқарушы.

Құлсарыда қоғамдық штабқа 3 мыңға жуық адам жүгінген

Қоғамдық штабта ауданның белсенділері, қоғамдық кеңес мүшелері, халыққа қызмет көрсету орталығы, адвокат, нотариус, сот орындаушылар және банк қызметкерлері көмек көрсетіп жатыр. Бүгінге дейін 3 мыңнан астам адам штабқа келіп, кеңес алған. Ол үшін 16 маман қызмет атқарады.

Азаматтар несие мен ипотека төлемдерін кейінге шегеру, тұрғын үй үшін өтемақы алу, бір реттік материалдық көмек, үйлерді жөндеу, қалпына келтіру және басқа мәселелер бойынша кеңес алып жатыр.

«Жүректен жүрекке» акциясы аясында 800 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді

Бұл туралы қоғамдық штаб өкілі, Ұлттық құрылтай мүшесі Әскер Пириев мәлімдеді. 

Бұл акция дер кезінде жүректен-жүрекке орын тауып, жалғасып жатыр. Су тасқыны болған 6-7 өңірдің бәрінде қоғамдық штаб құрылды. Бірінші күннен жұмысын атқарып, жергілікті халық пен билік арасындағы үйлестіру жұмыстарын атқарды. Басқа да өңірлерден жиналған гуманитарлық көмекті жеткізіп, халыққа тарату жұмыстарын жасап отыр. Жастардан 12 мың ерікті осы жұмыстарды істеді. Жалпы 1500 тонна гуманитарлық көмекті 81 көлікпен жеткізіп, 800 миллион теңге құраған көмек жеткізілді, - қоғамдық штаб өкілі Әскер Пириев. 

Қазақстандағы тасқын жаһандық жылыну әсерінен болды

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонда айтты. 

Қазір әлемде климаттық өзгерістер болып жатыр. Елімізде болған су тасқыны жаһандық жылынудың әсерінен болды. Қыс мезгілінің жылы болуы мұның бір көрсеткіші, - деді Нұрлан Абаев.

Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Біз біргеміз» ұлттық телемарафоны алғаш рет 10 республикалық телеарнадан тікелей эфирден көрсетілді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: