Берлиндегі Димаш Құдайбергенге арналған сурет көрмесінің соңғы күні

Берлиндегі Димаш Құдайбергенге арналған сурет көрмесінің соңғы күні

Қарашаның 12-17 күндері Еуропада өтетін Димаш Құдайбергеннің жеке концерттер турына орай, Берлин қаласында әншіге арналған «JULDYZ» атты өнер көрмесі ашылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Көрме Erster Erster галереясында өтіп жатыр. Галерея 14 қарашада Димаштың «Stranger» шоуы өткен Макс-Шмелинг-Галле аренасының жанында орналасқан.

Экспозиция авторы - суретші Пунктгеляут. Ол майлы бояу және қарындаш техникасын қолданып, Димаштың өнер жолындағы әртүрлі сәттерін бейнелейтін жұмыстарын көпшілік назарына ұсынып отыр.

dimashnews.com

Көрмеде тек Димаштың портреттері ғана емес, Раушан Құдайберген мен Расул Усмановтың ерекше атмосфера тудыратын бейнелері де көрсетілген.

Автордың айтуынша, бұл туындылар Димаштың тек музыкалық феномен ретіндегі емес, сонымен қатар қоғамдық мәселелерге үн қосатын тұлға ретіндегі болмысын ашуға бағытталған.

Әнші әлемдік гастрольдерімен қатар, бейбітшілік пен білімді қолдауға үлес қосып, жас дарындарға қолдау көрсетіп келеді. Ол Қазақстанның атын халықаралық аренада танытып жүрген азаматтардың бірі.

dimashnews.com

Көрмеге кіру тегін. Ал сатылған картиналардан түскен қаражаттың жартысы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын қолдауға бағытталған, Қалған жартысы қазақстандағы білім мен экология бағытында жұмыс істейтін «Сәби» қайырымдылық қорына аударылады.