Берік Әбдіғалиұлы әкім болғаннан кейін Ұлытау облысында орыс тілді мектептер жабылды

15 Тамыз 2023, 12:21 4479

Ұлытау облысында таза орыс тілінде сабақ жүргізетін бірде-бір мектеп қалған жоқ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Егемен Қазақстан"  газетінің тілшісі  Ұлытау облысында барлығы 88 мектеп бар екенін жазды. 2022-2023 оқу жылында бар­­лығы 39 601 оқушы оқыған. Со­ның 19 153-і – қазақ, 18 795-і – аралас, 1 653-і орыс мектептерінде білім алған.

Облыстағы аралас мектептер не­гі­зі­нен Жезқазған және Сәт­баев қалаларына орналасқан. Былтырғы жылдың есебі бойынша, Жезқазғанда – 12, Сәтбаевта 6 ара­­лас мектеп бар. Ал мұндай мектептер саны Қаражалда – 3, Жаңаарқа ауданын­­­­­да – 2, Ұлытау ауданында – 3. 

Биылдан бастап облыста таза орыс тілінде сабақ жүргізетін бірде-бір мектеп қалған жоқ. Облыста бұған дейін бар-жоғы үш қана орыс мектебі, атап айтқанда, Сәтбаев қаласында – 2, Қаражал қаласында 1 мектеп болған екен. Биыл бұл мектептерде алғаш рет қазақ сыныптары ашылатын болды, - делінген ақпаратта.

Яғни облысқа Берік Әбдіғалиұлы әкім болған соң, таза орыс тілді мектептер жабылған.

Таза орыс мектептерінің жойылуы – об­лыста былтырдан бері басталған үр­діс. Жезқазғандағы №26 мектепте алғаш рет қазақ сыныптары пайда болып, 1-сыныпқа оқушылар қабылданып жатыр.

Сондай-ақ облыспен аттас­ Ұлытау ауданында аралас мек­теп­тердегі орыс сыныптарына құ­жат қабылдау мүлдем тоқ­та­тыл­ды.

Айта кетейік, биыл облыс бо­йынша 4 342 бала мектеп табал­ды­рығын аттағалы тұр. Осы балалардың 81,3 пайызы, яғни, 3 519-ы қазақ сыныптарына таң­дау жасапты. Ал қазақ сыныбын таңдау өткен оқу жылында 1-сыныпқа барғандардың арасында 67 пайызды құраған еді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: