07.08.2025
12:30
574
Берденов ісі және қоғамда қайталанатын қылмыстар

Берденов ісі және қоғамда қайталанатын қылмыстар

Қазір Шымкентте болып жатқан Берденов ісі қоғамның назарын аударып, әлеуметтік желілер мен жаңалықтар алаңдарының басты тақырыбына айналып тұр. Бұл жай ғана шенеунікке жасалған қастандық емес. Қылмыстың артында қызғаныш, намыс, адамның ішкі күйзелісі мен кек жатыр. Және бұл Қазақстанда алғаш рет тіркеліп отырған оқиға емес.

Берденовке оқ атылған күн

21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әкімдік ғимаратының алдында оқ атылғаны туралы ақпарат қоғамды дүр сілкіндірді. Көп ұзамай күдіктінің «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің басшысы Ернар Жиембай екені анықталды. Ал Ернар Жиембай деген кім? Ол неге қала әкімінің орынбасарына оқ атып жүр? Оны сот барысында күдіктінің өзі айтты.

Себептердің бірі - қызғаныш. Бір күні әйелімнің телефонына «Сен сұлусың» деген хабарлама келді. Ол хабарламаны Берденов жіберіпті. Кейін суретіне лайк қойғанын да көрдім, - депті Ернар Жиембай соттағы жауабында.

Айтуынша екеуінің арасында атысқа дейін де айтыс-тартыс болғанға ұқсайды.

Ол [Берденов] «әйелің жезөкше болады. Балаң жетім болады» деген сөздер [айтты]. Одан кейін жеке басыма қатысты, «шашың неге түсіп қалған? Мұрын боқ, менімен төбелескің келіп тұр ма?» деген сөз менің жүйке жүйемді үзді деп айтсам болады, – деді Ернар Жиенбаев сот барысында.

Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Бұл іс бойынша нақты шешімді сот шығарады. Бірақ оқиғаның астарында қоғамда жиі көрініс тауып жүрген қызғаныштың уы бар.

Әліби ісі

2015 жылы бүкіл Қазақстанды дүрліктірген атышулы «Әліби ісі» әлі күнге дейін ел есінде болар.

Елорда тұрғыны Нұрлан Жұмағұлов әлеуметтік желі арқылы ұлы Әлібидің соққыға жығылғанын хабарлап, жұрттан көмек сұрады. Сол жазбадан кейін желі шулап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Кейін белгілі болғандай, Әлібиді сабаған танымал кәсіпкер Қайрат Жамалиев болып шықты. Ол өзінің азаматтық некедегі жас әрі сұлу тоқалы Айнұр Исинаны Әлібиден қызғанып, «екеуінің арасында қарым-қатынас бар» деген күдікпен жас жігітті аяусыз ұрып-соғып, тіпті сексуалдық зорлық көрсеткен. Үтік басқан, құлағын кескен деген де ақпарат айтылды.

Астана қалалық соты Қайрат Жамалиевті бірден бірнеше бап бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырып, барлық мүлкін тәркілеген еді. Кейін жаза мерзімі 7 жылға қысқартылды. Бұл да қызғаныштан туған қылмыс еді.

Тырнағы жұлынған құрбан

2017 жылы елордада болған тағы бір сұмдық оқиға қызғаныштың ең шектен шыққан түрін көрсетті. Бірақ бұл оқиға көпшілікке тек бірнеше жылдан кейін ғана белгілі болды.

Астана қаласында тұратын 32 жастағы азамат өзбекстандық азаматтық некедегі әйелін әріптесімен көңілдес болды деп күдіктеніп, өз досын азаптап қинаған.

Сот деректеріне сүйенсек, күдікті екеуін кездестіріп, «қатынасыңды мойында» деп жәбірленушіні құрылыс алаңында ұстап, темір сыммен байлап ұрып-соққан. Артынша тырнақтарын тістеуішпен жұлған, тіпті сексуалдық зорлық көрсеткен. Ақыры әйелі мен ер адамды беттестіріп, ешқандай қатынастары болмағанына көзі жеткен.

Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы бойынша кінәлі деп тауып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырды.

Жоғарыда айтылған әрбір оқиға бір адамның жеке сезімін жеңе алмауының салдары. Рас, қазақ қоғамында әйел отбасының діңгегі, ер адамның намысы.  Бірақ дәл осы «намыс» деген ұғым кейде заңды белден басуға, адам өміріне қауіп төндіруге алып келеді.