30.09.2025
09:41
369
Bentley жаңа электромобилінің суреттері жарияланды

Bentley жаңа электромобилінің суреттері жарияланды

АҚШ-тағы The Drive басылымы Bentley компаниясының жаңа электромобиліне қатысты тыңшылық суреттерді жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жол сынақтары кезінде түсірілген көлік камуфляждық жапқышпен толықтай қапталған. Сондықтан оның оптикасы шынайы ма, әлде маскировканың бір бөлігі ме – ажырату қиын.

Силуэтіне қарағанда, модель Bentley Bentayga мен Flying Spur үлгілеріне ұқсайды. Дегенмен мұқият зер салғанда бірқатар айырмашылық байқалады. Ең алдымен тік алдыңғы бөлігі, төменгі тұстағы кең ауа қабылдағыш және ортасында орналасқан үлкен радар датчигі көзге түседі. Артқы дөңгелек доғалары ғана Bentayga-ны еске салады.

2025 жылдың шілдесінде Bentley EXP 15 электрокөлік концептін таныстырған болатын. Әзірге оның ерекшеліктері сериялық нұсқада қаншалықты сақталатыны белгісіз, алайда тік алдыңғы бөлігі мен кең ауа қабылдағыштары кейбір шешімдердің өндірістік үлгіге ену ықтималдығын көрсетеді.

The Drive дерегінше, жаңа Bentley электрокроссовері 2026 жылы жарыққа шығатын Porsche Cayenne Electric-пен бір платформада жасалады. Бұл жағдайда көлік 800 вольттық қуатты электр архитектурасына, шамамен 113 кВт/сағ сыйымдылықтағы аккумуляторға және жеке қозғалтқыштары бар қос моторлы қондырғыға ие болады. Сондай-ақ сымсыз қуаттау жүйесі стандартты немесе қосымша опция ретінде ұсынылуы мүмкін.

Bentley алғашқы электромобилін 2026 жылдың соңында шығарады деп жоспарлаған еді. Алайда жаңа суреттер оның тұсаукесері бұдан ертерек өтуі мүмкін екенін меңзейді.