Белсенді жастар Қызылорда облысының киелі жерлерін аралап көрді

27 Тамыз 2019, 19:36 3100

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділерінің слеты шеңберінде «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. 

Жастар тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасап, орта ғасырлық қалалар, музейлер, сондай-ақ археологиялық ескерткіштер мен кесенелер тарихымен танысу арқылы осы заманға келіп жеткен этнографиялық мұраларды насихаттауға мүмкіндік алды. 


Тарихи-танымдық экспедициясы Түркістан облысының батысынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Сауран қалашығынана басталды. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болған. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұналарының қалдықтарының ауданы 500-880 м дөңгелек алаңды құрайды. Экспедиция мүшелері қаланың ішіне қақпа арқылы кіріп, қоршаған дуалдың сырт жағындағы көптеген каналдардың ізін көріп, жеті қатар қорғаныс қабырғаларын зерделеді.

Экспедициясының келесі аялдамасы Сыр өңіріндегі тарихи ескерткіштердің бірегейі Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар көне қала – Сығанақ болды. Сығанақ қаласының орны қазіргі «Сунақата» елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан бес бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр.

Одан әрі Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінде болған жастар рухани жәдігерлерден сусындап, күріш өсіру шаруашылығы тарихымен танысты. Сондай-ақ ауданда дүниеге келіп, бүкіл Кеңес одағына танымал болған тұлғалар өмірінен ақпарат алды.

Бөлісу: