Белсенді жастар әр әкімнің бұйрығымен сабылып жүр – Нартай Аралбайұлы

27 Қыркүйек 2023, 16:32 1637

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы еліміздегі Жастар ресурстық орталығында қызмет ететін жастардың проблемаларын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Депутаттың айтуынша, еліміздегі  232 Жастар ресурстық орталығында қызмет ететін 3 мыңнан астам белсенді жас әр әкімнің бұйрығымен таң атысы кеш батысы сабылып жүр.

Бүгінгі депутаттық сауалым еліміздің ертеңі үшін жанын салып қызмет қылып, түкке жетпейтін там-тұм айлықты қанағат тұтып,  тұрмыстық тауқімет тартса да тартынып қалмайтын жастардың мұң-мұқтажы туралы. Қазақта: «Жақсы жастан шығады, Темір тастан шығады» деген аталы сөз бар. Бірақ біз сол жастардың қадіріне жете алмай келеміз. Жастардың басын біріктірген бір ұйым бар бізде, Жастар ресурстық орталығы деген. Аты дардай болғанмен заты сондай болмай тұр. Қайсы өңірге барсақ та алдымыздан шыққан жастар жұмыста жүйе жоқ екенін, өздерін жергілікті билік өкілдері білгенінше жұмсап, негізгі жұмыстарына жолатпайтынын айтады, - дейді мәжілісмен.

Жастар ресурстық орталығы - жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесетін, жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін орталық  ретінде құрылған болатын.

Жастар ресурстық орталығындағы замандастарымыз тізіп берген мәселелердің бірқатарын айтайын. Біріншіден, жергілікті әкімдіктердің барып кел, шауып кел дейтін  бұйрықтары бітер емес. Оның ішінде Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерін жастарға қатысы жоқ сансыз мерекелік шараларды ұйымдастыруға, аулаларды аралап мониторинг жасауға, әкімдіктің күнделікті  бітпейтін бұйрықтарын атқаруға міндеттейді екен. Әкім қаралардың  тапсырмасымен шауып жүрген жандар қашан жастардың мәселесімен айналысады?, - дейді Нартай Аралбайұлы.

Екіншіден, Жастар ресурстық орталығының ғимараты жоқ. Олар әкімдіктің ішіндегі әр кабинетті паналауға мәжбүр. Сәйкесінше жергілікті билік қалағанынша жұмсайды жастарды.

Үшіншіден, жалақының төмендігі. Жастар ресурстық орталығындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 90 мың теңге. Бұдан әлдеқайда төмен айлық алатын жастар жеткілікті. Бұл қазіргі қымбатшылықта түкке жетпейді. Аталған айлыққа білімді, білікті жастарды қызметке әкеліп, «елдің ертеңі үшін жұмыс жаса, жастарға қызмет ет» деп үндеу керек. Әрине оған білімді әрі белсенді жастар келіспейді. Сәйкесінше Жастар ресурстық орталығында үнемі кадр ауыса береді. Қазақ: «Су ағады, тас қалады, Кәрі кетеді, жас қалады» дейді. Бүйте берсек ертең жастармен жұмыста кім қалады?, - дейді депутат.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын бекіту туралы 2022 жылғы 25 сәуірдегі  №241 қаулысымен Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынылған. Алайда бұл шешім тек Астана, Шымкент қалаларымен Қарағанды, Ақмола облыстарында орындалды, қалған облыстар ақша жоқ деп қысқа қайырған.

Төртінші мәселе, Жастар ресурстық орталығындағы штаттық бірліктің жетіспеушілігі. Еліміз бойынша орталықтың 1 қызметкеткері орта есеппен 2 мың жас азаматпен жұмыс істейді. Бірақ кей өңірлерде бұл стандарт жайына қалған. Мәселен Алматы қаласында Жастар ресурстық орталығының бір қызметкері 32 мың жас азаматқа қызмет көрсетеді, Астанада 1 қызметкерге 17 мың адамнан келеді. 

Бесінші мәселе қаржыландыру тетігінің нақты болмауы. Нақты нормативтің жоқтығы. Белсенді замандастарымыз Жастар ресурстық орталығын Мәдениет және ақпарат министрлігіне бекітіп берсе деген ұсыныс жолдады. Әйтпесе әр әкімнің тапсырмасын орындаумен жүргенде негізгі жұмыс жайына қалады, салдарынан қоғам тарапынан сын көп.  Ол ол ма, 2024 жылы республика бойынша Жастар ресурстық орталығына бөлінетін қаржыны қысқарту жоспарланған. Бұл онсызда кадрдің қадіріне жетпей жатқан саланы құлдыратып жібермей ме? Еске саламын, бұл 3 мыңнан астам белсенді, білімді жас азаматтың тағдыры, - дейді Нартай Аралбайұлы.

Аталған мәселерді ескеріп, ұсыныстарды назарға алып заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша жауап күтемін.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: