Қазақстанның жастар құрамасы (U21) Еуро-2027 іріктеу кезеңінде жеңіліс тапты. Ұлттық құраманың резерві Ақтөбеде Англиядан ұтылды – 0:2 (Нванери 18, Беллингем 23), деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
«Реалдың» 22 жастағы жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем Чемпиондар лигасындағы матч үшін Алматыға жолға жиналып жатса, оның інісі Джоб Беллингем Қазақстанға алғашқылардың бірі болып келді. 19 жастағы «Боруссия Дортмунд» хавбекі ағылшын жастар құрамасының капитаны саналады. Кеше ғана «футболдың отанынан» шыққан жас толқын Еуро-2027 іріктеуін бастап кетті.
Қонақтар сапында ағылшын футболының алып клубтарының өкілдері алаңға шықты: «Челси», «Арсенал», «Манчестер Сити», «Тоттенхэм», «Эвертон», «Бирмингем», «Сток Сити». Сондай-ақ Италияның «Дженоа» клубында өнер көрсететін 21 жастағы қорғаушы Брук Нортон-Каффи де негізгі құрамда болды.
Қазақтар сапында да шетелдік клуб өкілі бар еді. Данияның «Кеге» клубының қақпашысы, 20 жастағы Дулат Талыспаев алғашқы минуттардан алаңға шықты. Онымен бірге «Қайраттың» үш ойыншысы – Александр Мрынский, Рамазан Бағдат және Олжас Байбек те негізгі құрамнан орын алды. Айтпақшы, іріктеудің алғашқы турында Андорраны жеңіп берген жалғыз голды дәл осы Байбек соққан еді.
Алайда жеңісті жолды жалғай алмадық. Тіпті тең есепке де қол жеткізе алмадық. Үзілістен кейін бірнеше жақсы сәт болғанымен, оны пайдалана алмадық.
Ағылшындардың деңгейі анық сезілді. 18-минутта «Арсеналдың» жартылай қорғаушысы Итан Нванери айып алаңынан дәл соққы жасап, Талыспаевты қапы қалдырды. Ал бес минуттан соң кіші Беллингем айып алаңынан қақпамызды дәл көздеді.
Қазіргі таңда F тобында небәрі бес матч өтті. Әзірге бес командада бір-бір жеңістен бар. Қазақстан, Молдова мен Словакия Андорраны жеңсе, Ирландия – Молдованы, Англия Қазақстанды тізе бүктірді.
Келесі ойынды Қазақстан жастар құрамасы 9 қазанда Андоррада өткізеді. 13 қарашада Словакияға (13 қараша) қонаққа барып, 17 қарашада өз алаңында Молдованы қабылдайды.
Еуро-2027 финалдық кезеңін жазда Албания мен Сербия қабылдайды.