Белгілі жазушы екі тілді араластырып, шұбарлап сөйлейтін телеарналарды сынады

8 Қаңтар, 12:24 6571

Жазушы Роза Мұқанова соңғы жылдары телеарналар екі тілді араластырып, міз бақпай шұбарлап сөйлеуді дәстүрге айналдырғанын айтып сынға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жазушы бұл туралы өзінің Facebook желісінде жазды.

Телеарналар  кейінгі екі жылда екі тілді араластырып отырып, міз бақпай шұбарлап сөйлеуді дәстүрге айналдырып алды. Бұл не? Кеңестік заманда да эфирде шұбарлап сөйлеуге рұқсат етпейтін. Қазір телехабар жүргізушілер тілі жетпесе, орыс тілінде ойын жеткізіп отыра береді. Бұған жол беруге болмайды, бұл эфир мәдениетіне де үлкен сын. Жүргізуші қазақ тілінде сөз саптап әуелі үйренсін, тәжірибеден өтсін. Эфир ошақ басы емес, халықтың сауаттылығы мен мәдениетін қалыптастырады. Осылай араластырып, әркім білгеніне салса, жалпы сөйлеу, қарым- қатынас мәдениетінен де біржола айырыламыз. "Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан" түңілсін. Біз өзімізді қадірлей алмай отырмыз. Бесігіңді түзеу – эфиріңді де түзе деген сөз, – деп жазды Роза Мұқанова.

Жазушы қылжақтап, ыржақтап, ырбақтап, ана тілінде не айтып, не қойып отырғанын білмейтін жүргізушілерді шектеу керегін айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: