Бокстан Астанада өткен әлем кубогынан кейін маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетовтің рейтингтегі көрсеткіші жақсарды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Boxrec.com сайты әуесқой бокс бойынша шығарған рейтингте жерлесіміз 85 келіге дейін салмақ дәрежесінде бірінші сатыға жайғасып отыр. Одан кейінгі орында ресейлік Дмитрий Карманов тұрса, үштікке тағы бір ресейлік спортшы Шарабутдин Атаев енген. Бұл тізімде қазақстандық Дәулет Төлемісов алтыншы орынға тұрақтаса, отандасымыз Ибрагим Бектаев 25-ші орынға табан тіреді.
Естеріңізде болса, 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанада өткен әлем кубогының кезеңдік турнирінде Бекзат Нұрдәулетов үздік шыққан еді. Ол жарыс барысында үш жекпе-жек өткізіп, ширек финалда Ұлыбритания өкілі Лачлан Лаусоны, жартылай финалда түркиялық Самет Ерсойдан 5:0 нәтижелерімен басым түсті. Ал финалда үндістандық Жугно Жугномен жұдырықтасып, шешуші жекпе-жекте 5:0 есебімен Әлем кубогының үздігі атанды.
Естеріңізге сала кетейік, Бекзат Нұрдәулетов 2019 жылы әлем чемпионатында топ жарған. Ал 2024 жылдың соңында Таиландта өткен Азия біріншілігінде чемпион болды.