Бектенов Үкімет отырысында бірқатар тапсырма берді

17 Желтоқсан, 18:02 327

Премьер-министр Олжас Бектенов 2024 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралған Үкімет отырысында бірқатар тапсырма берді,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бізде инвестициялық дамудың айқын бағыты бар. Бірақ инвестиция тарту – міндеттің жартысы ғана. Маңызды міндет – жобаларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді шешу мен олардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Сыртқы істер және Ұлттық экономика министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын күшейту міндетін қойды.

Олжас Бектенов әкімдіктерге қордаланған мәселелерді жүйелі түрде өңірлік Инвестициялық штабтарда қарап отыруды тапсырды. 

Инвестиция мен қосымша құны жоғары өндірістерді тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Әкімдіктер тарапынан қажетті қаржыландыруға жеткілікті көңіл бөлінбейді, осыған байланысты өңірлер бюджетті қалыптастыру кезінде өнеркәсіптік алаңдардың инфрақұрылымын салуға қаражат бөлінуін ескеруі тапсырылды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: