Олжас Бектенов трансшекаралық хабтарды базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді және олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Олжас Бектенов трансшекаралық хабтарды қалыптастыру барысында жоспарлы нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық ресурстарды жұмылдыру қажеттігіне назар аударды.
Өзбекстанмен шекарадағы «Орталық Азия» хабы жобасының өзі теміржолдың өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Ақтау портында контейнерлік хаб құру жүкті ауыстырып-тиеу көлемін жылына 92 мыңнан 300 мың контейнерге дейін ұлғайтуға жағдай жасайды.
Жалпы, хабтар жүйесі біздің сауда серіктестерімізбен біртұтас сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруы тиіс. Бұл – мемлекеттер арасындағы тауар айналымын айтарлықтай арттырып, көршілес елдермен стратегиялық қарым-қатынасты нығайта түседі, – деп атап өтті премьер-министр.
Осыған байланысты Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді:
Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктері әкімдіктермен бірге әрбір хаб үшін Әлеуетті шетелдік инвесторлардың пулын құрып, олардың жобаларға қатысуын пысықтасын. Хабтарды басқаратын компаниялардың жұмыс жағдайларын айқындасын;
Өнеркәсіп министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, трансшекаралық хабтарды дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтарды құру және кеңейту жөніндегі қажетті шараларды бір айдың ішінде қабылдасын;
Әкімдіктер хабтардың барлығын базалық инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясымен, сумен, көлік жолдарымен және коммуникациялармен қамтамасыз етуі қажет;
Энергетика министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігі Индустриялық сауда-логистика кешенін электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Қордай ауданында қосалқы станса салу мәселелерін барынша қысқа мерзімде қамтамасыз етсін;
Сауда және интеграция министрлігіне трансшекаралық хабтар құру мен дамыту жөніндегі процеске қатысушылардың барлығын тиімді үйлестіруді қамтамасыз етсін.