Бектенов: Отандық тауар өндірушіні қолдау саясаты өз нәтижесін беруде

24 Қазан, 20:28 421

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және тау-кен секторларында жиынтық сомасы 28,8 трлн теңгеге 44 ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы есебі тыңдалды. 

23 жоба бойынша ЕРС-келісімшарттар немесе құрылыс-монтаждау жұмыстарына келісімшарттар жасалды, оның ішінде 15 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қалғандары іске асырудың түрлі кезеңдерінде.

Мәселен, Алматы ЖЭО-2, ЖЭО-3 үшін газ инфрақұрылымын салу жобасы шеңберінде биылғы қыркүйек айында «Алматы – Байсерке – Талғар» магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылды. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Батыс Қазақстанның энергожүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру» және «№3 және №4 энергия блоктарын орната отырып, Екібастұз ГРЭС-2 кеңейту» жобалары бойынша ЕРС-келісімшарттарға қол қойылды.

Сонымен қатар Атырау облысында полиэтилен өндіру және Көкшетау қаласында ЖЭО салу саласындағы ауқымды жобалар бойынша жұмыс басталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін мұнай-химия зауытын салу жобасы іске асырылып жатыр және еліміздің терең өңдеуді дамыту жөніндегі саясатына сай келеді. 

Жалпы құрылыс жұмыстарын бастау 2025 жылдың 1 тоқсанына жоспарланған. ЕРС-мердігер, Tecnicas Reunidas S.A. (Италия) және Sinopec Engineering Incorporated (ҚХР)   компанияларының консорциумы ұзақ дайындау циклінің жабдықтарына тапсырыстарды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізуде, инженерлік іздестіру жүргізу мақсатында алаңға қазақстандық қосалқы мердігер компания жұмылдырылды. Құрылыс кезеңінде 8 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Президенттің отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындауға ерекше көңіл бөлінеді. «Импортты алмастыру бағдарламасы» аясында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қор ұйымдары қазақстандық кәсіпорындармен 115 млрд теңгеге жуық сомаға 200-ден астам офтейк-келісімшарт жасасты, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 8 есе көп. 100 млрд теңге сомасына тағы 23 шарт қаралуда.

Отырыста жыл басынан бастап отандық өндірушілермен жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын 8 917 шарт жасалғаны баяндалды. Осылайша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда отандық өндірушілерден сатып алу көлемі екі еседен астамға артқан.

Премьер-министр Қордың отандық өндірілген тауарларды жұмыстар мен қызметтерді сатып алу жөніндегі міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.

Отандық тауар өндірушіні жан-жақты қолдау саясаты өз нәтижесін беруде. Біз бұл шараларды жалғастырып, қазақстандық қамту үлесін арттырамыз. Ішкі ресурстарымыздың есебінен импортты көбірек алмастыруға ұмтылуымыз керек, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелері, сондай-ақ Қордың әлеуметтік жауапкершілігі қаралды. «Самұрық-Қазына» қорының деректері бойынша жыл басынан бері 500 мыңнан астам қазақстандықты қолдау шараларына 43,6 млрд теңге бөлінген. 

Атап айтқанда, 11 спорт кешені, 9 инклюзияны қолдау кабинеті, Қызылорда қаласында үстел теннисі орталығы, Ақтөбе қаласында оңалту орталығы, Петропавлда креативті хаб және басқа да нысандар ашылды.

Директорлар кеңесінің отырысы шеңберінде жаңа тәуелсіз директор – Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының президенті Вонг Хэн Файн таныстырылды. Вонг Хэн Файн инфрақұрылымдық жобаларды басқару және стратегиялық жоспарлауда айтарлықтай халықаралық тәжірибеге ие, бұл Қор активтерін басқарудың ашықтығы мен тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Зарина Арман
Бөлісу: