Бектенов: Орталық Азия елдері мен Жапония ынтымақтастықты кеңейтуде зор әлеуетке ие

9 Тамыз, 17:04 1992

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов «Орталық Азия + Жапония» диалогы бизнес-форумына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Форум алаңында Орталық Азия аймағы елдері мен Жапония делегацияларының 450-ден астам өкілі жиналды. Жапонияның іскер топтарынан Toyota Tsusho Corporation, Mitsubishi Heavy Industries EMEA, Ltd., Mitsui & Co., Ltd ірі компанияларының басшылары мен менеджерлері, сарапшылар қауымдастығынан салалық жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері қатысты.

Экономикалық байланыстарды нығайту және цифрландыру, көлік-логистика саласы, АӨК, ауыр өнеркәсіп секторы және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов өзінің алғы сөзінде көпжақты ынтымақтастықты арттырудың негізгі бағыттарын атап өтті. 

Жапония жаһандық ауқымдағы экономикалық және технологиялық көшбасшылардың бірі саналады. Жапон компанияларының өнімдері өзінің сапасы, сенімділігі және инновациялық жаңашылдығымен танымал. Бүкіл әлемдегі адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға баға жетпес үлес қосып, прогрестің алдыңғы қатарына шыққан мемлекет. Өз кезегінде Орталық Азия – бұл қарқынды дамып келе жатқан аймақ, оның даму қарқыны жоғары және жан-жақты ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасалған. Біздің аймағымыздағы елдер мен Жапония ынтымақтастықты үдемелі кеңейту үшін зор әлеуетке ие деп санаймын. Жапондық инвесторлардың қатысуымен трансұлттық жобаларды жүзеге асыру аймақтың экономикалық өзара байланысының деңгейін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінгі нәтижелі келіссөздер біздің көпжоспарлы әріптестігімізді сапалы жаңа деңгейге шығаруға бағытталған, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Орталық Азия мен Жапонияның озық технологиялар трансферті және қосылған құны жоғары өнімдер өндіру саласындағы өзара іс-қимылына назар аударды. Бұл бағытта бірлескен инновациялық кластерлер, технопарктер мен инкубаторлар құру мүмкіндігі атап өтілді.

Бүгінде Орталық Азия өңірінде мемлекеттік басқару секторын, финтех индустриясын және электронды коммерцияны айтарлықтай жаңғыртуға мүмкіндік беретін бірегей ІТ экожүйе құрылуда. Осыған байланысты ОА елдерінің Жапониямен жасанды интеллект технологияларын енгізу, дата-орталықтар салу, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі ынтымақтастығы барлық тарап үшін жемісті болуы мүмкін, деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов. Жапонияда қолданылатын ЖИ, робототехника және ғылымның басқа да озық жетістіктеріне негізделген агротехнологиялар да қызығушылық тудыруда.

Қаржы секторындағы өзара іс-қимылды арттыру және аймақаралық әріптестікті тереңдетуге Астана халықаралық қаржы орталығы мен Токио қор биржасы арасындағы әлеуетті ынтымақтастық елеулі үлес қоса алады.

Сирек жер металды кен орындарын игерудегі әріптестікті кеңейтуге және көлік-логистика саласында бірлескен жобаларды іске асыруға назар аударылды. Орталық Азияның солтүстікке, оңтүстікке, шығыс пен батысқа шығатын транзиттік әлеуеті жапон экспорты мен импортына үлкен мүмкіндіктер ашады.

Бизнес-форумда «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев, Marubeni Corporation Директорлар кеңесінің төрағасы Фумия Кокубу және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.

«Орталық Азия + Жапония» диалогы аясындағы бизнес-форумның нәтижесінде көпжоспарлы әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға арналған бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі құжаттарға қол қойылады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: