15.07.2025
10:20
2577
Бектенов экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар берді

Бектенов экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар берді

Үкімет отырысында премьер-министр экономика өсімінің оң динамикасын сақтау және оны одан әрі тұрақты дамыту үшін бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялар мен тікелей шетелдік инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету керектігі атап өтілді.

Осыған байланысты өңірлік инвестициялық штабтардың алаңын белсенді пайдалану міндеті қойылды. Жоғары технологиялық өнім шығару саласында экспортқа бағдарланған жобаларға баса назар аудару тапсырылды. Салалық ведомстволарға өңдеуші өнеркәсіп секторын дамуын қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктелді.

Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі үшін ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ете отырып, отандық кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыру керек. Мүдделі мемлекеттік органдар өңдеуге арналған шикізатты әкелу мәселелерін жан-жақты пысықтауға тиіс. Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда тиісті инженерлік, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет. Осы бағытта халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын неғұрлым белсенді тарту керек, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысының жолдарды қайта реконструкциялау және өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру 2028 жылға қарай жүк тасымалын екі есеге арттырады.

Үкіметте еліміздің 2025 жылғы қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылау кезінде ондағы транзиттік-көлік саласының зор үлесі аталып өтті.

Еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай резервтер бар. Осы ретте көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру шараларын жеделдетуді тапсырамын.
Оның ішінде алдағы жылдары 3 мың шақырымнан астам автокөлік жолын күрделі жөндеу, өткізу бекеттерін жаңғырту, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізі аясында жаңа жобаларды іске асыру, халықаралық авиахабтар құру жұмыстары басты назарда болуға тиіс.
Бұл шаралар 2028 жылға қарай әуе көлігімен жүктерді тасымалдау көлемін, сондай-ақ 2027 жылға қарай теміржол транзитін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса егін орағы мен жылыту маусымына дер кезінде дайындалу үшін ішкі тасымал көлемін ұлғайту қажет, - деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысы кезінде.

Олжас Бектенов газ өңдеу зауыттарының құрылысын жеделдетуді және Теңіз кен орнындағы негізгі мұнай-газ жобаларын аяқтауды тапсырды.

Мұнай-газ саласында Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасын және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын толық іске қосуды аяқтау қажет. Сонымен қатар газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын іске асыруды жеделдетуді тапсырамын, - деп атап өтті Олжас Бектенов.