Бектенов Алматы әкімінен үлгі алуға шақырды

6 Қараша, 11:39 432

Премьер-министр әлеуметтік қызметтерге мүгедектігі бар адамдардың мәселелерін шешуде жеке көзқарас қалыптастыруды тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекеттік органдарға мүгедектігі бар адамдардан 16 мыңнан астам өтініш түсті. Премьер-министр шағымдардың негізгі бөлігі сараптамаға, қайта куәландыруға, оңалтуға және жұмысқа орналасуға тиесілі екенін атап өтті.

Олжас Бектенов мүгедектігі бар адамдарға қатысты әрбір мәселені шешуде жеке көзқарастың қажеттілігін атап өтіп, әлеуметтік қызметтер жұмысын жандандыруды тапсырды. Үкімет басшысы мүгедектігі бар жандармен өзара іс-қимылды неғұрлым сапалы әрі тиімді құруға мүмкіндік беретін шешімдерді мысалға алды.

Мәселен, Еңбек министрі мен Алматы қаласының әкімі мүгедектігі бар штаттан тыс кеңесшімен жұмыс істейді, ол осы санаттағы азаматтардың проблемаларын шешуге көмектеседі. Бұл тәжірибені барлық өңірлер мен мүдделі мемлекеттік органдар пайдалануға тиіс. Әлеуметтік саясаттың жаңа стандарттарын жасау мен ілгерілету жұмысын жалғастыру қажет. Инновациялық технологияларды әзірлеу және оларды әлеуметтік қамсыздандыру мен қорғау жүйесіне енгізу – өте өзекті мәселе. Оның барлығы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдамада көрініс табуға тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Еңбек министрлігіне Тұжырымдама жобасын Үкіметке 15 қарашаға дейін енгізуді тапсырды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: