Базарларды жаңғырту неліктен кәсіпкерлердің есебінен жүргізіледі?

16 Тамыз 2023, 15:35 11364

Бүгінде «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға байланысты базарларды жаңғырту жұмыстары басталып кеткен. Бірақ барлығы шенеуніктер ойлағандай болып жатпағаны белгілі. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев шапқылап жүрген базарларды модернизациялау жұмыстары қалай жүріп жатқанына тоқталмақшымыз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2015 жылы Алматыдағы Барахолка базары төңірегінде дау-дамай көбейіп кетті. Біраз  ескі базарлар сүрілді. Алып базармен бірге жабайы сауданың бүтіндей бір кезеңі келмеске кетті. Сосын «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес  2020 жылға қарай шыны және бетоннан жасалған ғимараттарға жаңғыртуды міндеттейтін өзгертулер енгізілді. Осылайша, базарларда сауда жасауға дағдыланған отандастарымыз тек жабық сауда орталықтарында жасауға мәжбүр болар еді. Контейнер иелерінің көпшілігі нарықтан кетуі ғажап емес еді. Өйткені оларда мұндай «модернизацияға» ақша жоқ.

Мемлекет ірі сауда орталықтарының иелеріне қолдау көрсететіні бар. 7 пайызбен несие береді.

Осылайша үкімет 2020 жылға қарай Барахолкадағы ашық базарларды түп тамырымен жоймақшы болған. Бірақ девальвация басталды. Одан пандемияға ұласты. Сөйтіп, бұл модернизация 2024 жылға шегерілді.

Ал былтыр «Қаңтар оқиғасы», «Ресей мен Украина» соғыс болды. Елде азық-түлік бағасы шарықтап, жағдай ушығып кетті. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев Мәжілістегі үкімет сағатында былай деді:

Жалпы, сауда туралы заң талаптарына сәйкес Алматы, Астана, Шымкент үш қаланың базарлары жыл соңына дейін толықтай жаңартылуы тиіс. Жол картасы аяқталды, орындалуын қадағалап отырмыз. Талапқа сай келмейтін базарлар жойылады, - деді Шаққалиев.

Сосын бұл модернизация бағалардың өсуіне әсер етпейтінін жеткізді. Негізгі мақсат елге ыңғайлы болу керек деп отыр. Модернизациялау ең алдымен, тұтынушы мен саудагерлерге тиімді болады. Жағдай жасалады. Кассалық аппараттардың жұмысы, жалға алу келісімінің тұрақтылығы, одан бөлек, көлік тұрағы мәселесі де шешіледі деп айтты.

Халық базарға барғанда батпақты көшеге тап болмауы керек. Жабық ғимарат болуы қажет. Оған қоса тұтынушылар шекті үстеме баға туралы заңға сәйкес тауарды тиісті бағаға сатып алуы керек. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті үстеме бағасы – 15%. Бізде түрлі дерек бар. Сарапшылардың мәліметінше, тұтыну тауарларына жыл сайын 21 млрд доллар жұмсалады, - деді вице-министр.

Министрліктің жоспары бойынша, 2025 жылдың соңына дейін елімізде 103 базар модернизациялануы тиіс. Соның ішінде биыл 38-і жаңартылуы керек.

Алматыдағы «Кенжехан» базары құрылтайшыларының бірі Жасұлан Ахметов orda.kz тілшісіне берген сұхбатында сауда базарларын жаңғырту талабы заманауи ірі сауда орталықтары иелерінің мүддесі үшін жасалып жатыр деп есептейді.

Тұтынушы және кез келген азамат сауда орталығына немесе базарға баруды өзі шешуге құқылы. Базардағы жалға алу әлдеқайда арзан, сол себепті табысы төмен адамдар сонда барғанды жөн көреді. Бұл жақта баға арзан және оған қажетті заттарды сатып алу процесінде жағдай жасалған. Меніңше, базарларды жаңғырту саудагерлер мен тұтынушылардың мүддесі үшін қолға алынып жатқан жоқ, - деді Жасұлан Ахметов.

Ол әмбебап сауда базарларын жаңғырту оларды жаңа форматтарға көшіруді көздейді, шын мәнінде базар сауда орталығына айналуы тиіс. Бірақ бұл үлкен қаржылық инвестицияларды қажет етеді. Әзірленген мемлекеттік жаңғырту бағдарламалары сауда нысандарын қаржыландыруды көздемейді, бұл нарық иелерінің өздеріне жүктелген, соның ішінде инвестиция іздеу деп отыр.

Шілде айының соңында Алматының «Кенжехан» базарының саудагерлері қала әкімі Ерболат Досаевқа базар қожайындарына қатысты шағым айтты.

Базар жұмысшылары «Кенжехан» базарының қожайындары базарды модернизациялау үшін саудагерлерден қаржы жинап жатқанын жеткізді.

Саудагерлердің айтуынша базар иелері әр нүктеден 5 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен. Халық базар басшыларының бұл шешіміне наразы, себебі базарды қайта жабдықтау бастапқыда саудагерлер емес, қожайындардың есебінен жүзеге асырылады деп сендірген.

Қысым мен бопсалау нәтижесінде ол адамдар қазір ақша алып жатыр. Неге олардың бізді алдауына жол бересіз? Бұл ақша ел бюджетіне түссе бір жөн, бірақ миллиондаған қаражат бір адамның қалтасына түсіп жатыр. Базардағы бопсалау қашан тоқтайды? Бізге қашан араша түсесіздер? деп сұрады алматылық кәсіпкер Досаевтан.

Қала басшысы прокуратураның қазір «Кенжехан» базарын тексеріп жатқанын, жақын күндері ол бойынша шешім шығарылатынын айтты.

Алматыда жыл болған тағы бір базар – «Алтын орда». Бес мыңнан сауда нүктесі бар базарға күніне 50 мыңнан астам келіп, сауда жасайды. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көкөніс, ет өнімдері мен жемістердің көтерме саудасының 40%-ын және бөлшек саудасының 70%-ына дейін қамтиды.

«Алтын орда» базарына деген жұрттың назары «Қаңтар оқиғасынан» кейін тіптен ерекше артты. 2022 жылдың ақпан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев базарға тәртіп орнатуды тапсырды. Содан кейін ол «бұл жер алыпсатарлардың ыңғайлы ортасына айналғанын» айтты.

1 маусымда Бас прокуратура «Алтын Орда» базарының қызметінде Қазақстанның 300-ден астам заңнамасын бұзу фактісін анықтады.

10 маусымда «Алтын Орда» базарын үкіметтік топ тәулік бойы тексеріп жатқаны белгілі болды. Кейін Сауда министрлігінің байланыс орталықтары мен Telegram чаттарына «Алтын Орда» базарының жұмысына қатысты 200-ден астам шағым түскені хабарланды.

«Алтын Орда» базарының өкілі Александр Недогарконың айтуынша, жағдай реттеліп келеді екен. Бүгінде базар павильондарында кондиционерлер орнатылған. Тұрақты жоғары жылдамдықты интернет қамтамасыз етілген, тамыз айының соңына дейін автомобиль қозғалысын ретке келтіру және кептелістермен күресу үшін аялдау және көлік тұрақтары белгіленетін болады. Жақын арада нарықтың барлық аумағында бейнебақылау камералары орнатылады.

Алмас Абылай
Бөлісу: