Жауынгерлік өнер – бұл тек жұдырық пен аяқтың қақтығысы емес, бұл мінездің мінсіз майданы. Спортшының темір қоршауға шыққандағы жүрек соғысы мен рухтың сын сағаты қатар сыналатын сұрапыл аймақ. Бүгінгі кейіпкеріміз Бекжан Әбілқасым дәл осы сәт пен сынды еңсерген сабаз жігіт. Қарашаның соңында, Алматы қаласында өткен Naiza 78 турнирінде супер жеңіл салмақтың су жаңа чемпионы атанды.
Бұған дейін қарсылас шақ келтірмей, шетінен жайпап келе жатқан тәжікстандық Бежан Хочалиевті бірінші раундта сұлатып түсірді. Бекжанның беліне алтын белбеу тағылғанда ғана, қарапайым базарда жұмыс істейтін бозбаланы айналасы мойындай бастады. Әлем чемпионы атанған жауынгер әлі де базардағы кәсібін жалғастырып жатыр.
Бала арманы мүлде бөлек еді
Әңгіме барысында чемпионның бала күніндегі арманы бізді қатты таңғалдырды.
Шымкентте жүргенде футболмен кәсіби түрде айналыстым. Тіпті жергілікті «Ордабасының» жасөспірімдер құрамында болдым. Сол кездегі футболға деген қызығушылығым өте жоғары еді. Астанға көшіп келгенде де аладопты жаныма серік еттім. Бірақ Шымкенттен кеше келген маған, командадағы балалармен орыс тілінде сөйлесу қиындық тудырды. Оның үстіне мені көре алмай, жаттығудан кейін жабылып соққыға жықандары бар. Осы оқиғадан кейін ағаммен бірге Джиу-джитсу Комбатқа бардым. Осылайша футболшы болам деген арманым алыстай бастады.
Базардағы кәсібі бала кезден келе жатқан дағды
Әлеуметтік желілерде Бекжанның базарда жұмыс істейтініне күмәнмен қарап, мұның барлығы "қара пиар" деп сынағандар да болды.
Өзім жастайымнан саудаға иекемді болдым. Шынымды айтсам, төртінші сыныптан бастап жарапазан айтып азын-аулақ ақша тауып бастадым. Еркек адам болғаннан кейін, үйде қол қусырып отыру мен үшін мүмкін емес нәрсе. Үйге наным мен азығымды маңдай теріммен әкелсем болды деген түсінікпен өстім. Қазір елордадағы базарда телефон сататын шағын дүңгіршегім бар. Сол жерде адал несібемді тауып жатырмын.
Мақсаты мен ниеті жоқ адам ғана сылтау ойлап табады
Жаттығу мен сауданы қатар алып жүру Бекжан үшін үйреншікті болып кеткен.
Барлығының таңғалып сұрайтыны осы сауал. Басқаларды білмеймін, өзім үшін ешқашан жұмысым мен жаттығуым бір-біріне кедергі келтіріп көрген емес. Турнирден орала сала жаттығу жұмыстарын бастап кеттік. Адам әрқашан бабында болу үшін, аптасына 3-4 жаттығу жасап тұру қажет.
Ең бастысы – өзіңді салқынқанды ұстау екенін түсіндім
Жекпе-жекке дейін бойында үлкен үрей мен қобалжу болғанын жасырмады.
Naiza 78 кешіне дайындық үш ай бойы жүрді. Титулдық кездесу болғаннан кейін, Бежан Хочалиевпен оңай жекпе-жек болмайтынын білдік. Менде қобалжу болды, шынымды айтсам екі ойлы болып жүрдім. Түнде де ұйықтай алмайсың, әр нені ойлап, әр түрлі жоспар құрдым.
Тордың ішінде қорқынышым түгелдей сейілді
Түрлі түсініксіз сезімдер мен үрейлі үмітке жолы айқасты тағы бір еске алды.
Жекпе-жек бастала салысымен ол маған жүгіре берді, кезекті бір қимылында қылқындырып алдым. Бұл қарсыласты жеңге болатынын, әлім келетінін сол кезде түсіндім. Бірақ бірінші раундта құлатып тастау деген мүлдем ойымда болған жоқ. Кездесу 5 раундтқа жоспарланған, сондықтан алғашқы сәттерде қарсыласты зерттеу деген тактика ұстандым. Дегенмен, дайындықтағыдай соққыға дөп түсті. Сол кезде ғана осы күнге дейін төккен тер мен, еткен еңбегімнің ақталғанын ұқтым.
Қарсыласым ең бірінші қарапайымдылықтан жеңілді
Қандай қарсыласпен кездессең де, сыйластық пен қарпайымдылық бірінші орында болу керек дейді.
Хочалиевтің мені менсінбей жүргенін бірден сездім, оны біздің команданың барлық мүшесі сезді. Негізі шамадан тыс сенімділікті бапкері берген шығар деп ойлаймын. Кездесуге дейінгі көз түйістіру рәсімінде де күліп, мысқылдап жүрді. Бәлкім бұл әрекеті оған өмір сабақ болған шығар деген үміттемін. Жалпы, менің ғана емес, қазір әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген еліміздің барлық бапкерлері шәкірттеріне қарапайымдылық пен сыйластықты үйретеді. Содан да болар, біздің кез-келген спортшы өте салмақты және тәрбиесі тектілігін бірден көрсетіп тұрады. Қарсыласым ең бірінші қарапайымдылықтан жеңілді деп ойлаймын.
Ендігі меже – UFC-ді бағындыру
Кейіпкерімізге жанкүйерлер тарапынан келіп жатқан ең көп сауалдардың бірі – UFC-ге қашан барады деген сұрақты қойып көрдік.
Әрине, кез-келген жауынгердің үлкен арманы - UFC-де өнер көрсету. Өз басым әзірге сәл ерте деп санаймын. Оған дейін әлі әлемдік 2-3 титул алу керек болып тұр. Ол жаққан барғанда да жәй жүрмей, чемпиондық белдік алсам деймін. Бірақ түптің түбінде арманым - UFC-ді бағындыру - деп түйіндеді Бекжан Әбілқасым.