Байжанов Бишімбаев пен Нүкенованың киімдерін Гастро-орталыққа әкеп беруімді сұрады – куәгер

1 Сәуір, 11:38 1538

Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сот отырысында куәгер Әбіл Нұрқайдар прокурордың сұрағына жауап берді.

Айта кетейік, куәгер оқиға болған күнгі жағдайды 29 наурыз күнгі сот отырысында айтып берді.

Кәугер Әбіл Нұрқайдар Бишімбаевтың үйіндегі жөндеу жұмыстарын бақылау басшысы болып жұмыс істеген. Сонымен қатар ол Байжановпен де таныс болған және оны инженер ретінде жұмысқа алуды жоспарлаған.  Оның сөзінше, Бишімбаевтың анасының жүргізушісі болып та жұмыс істеген.

Оның айтуынша, екінші сотталушы Бақытжан Байжанов оқиға болған күні одан марқұм Салтанат Нүкенованың телефонын Гастро-орталықтан Бишімбаевтың пәтеріне апаруды сұраған.

Байжанов маған хабарласып, үлгермей жатқанын айтып, Салтанаттың телефонын алып, оның үйіндегі бөлмесіне немесе кабинетіне апарып қоюды сұрады. Сөйтіп Тұран мен Қорғалжын тас жолының қиылысында кездестік. Ол әрі қарай кетіп қалды, - деді куәгер.

Содан кейін Бақытжан Байжанов Әбіл Нұрқайдарға хабарласып Салтанат Нүкенованың киімдерін Гастро-орталыққа әкеліп беруді сұраған. Бірақ ол қателесіп, Бишімбаевтың киімдерін жинап апарған. Жарты жолда қандай киімдерді әкелу керек екенін нақтылап сұраған. Сол кезде Байжанов Нүкенованың жылы киімдерін әкелу керегін айтқан. Ол үйге оралып, Бишімбаевтың киімдерін қалдырып, Нүкенованың киімдерін пакетке салып әкелген.

Гастро-орталыққа барып, үшінші қабаттағы кеңсеге көтерілгенде Байжанов болмады. Оған хабарласып сұрағанымда, ол киімдерді сол жерде қалдыруымды сұрады. Кейін Байжанов баласын шахматқа апаруды тапсырды. Баласын шахматқа, одан кейін үйіне апарып, Бишімбаевтың үйіне қайта келдім, - деді куәгер.

Осы сәтте Бишімбаевтың үйінде жөндеу жұмыстары жүріп жатты.

Кешкі уақытта Байжанов оған қайта хабарласып, Бишімбаевтың жылы киімдерін Гастро-орталыққа әкеп беруін сұраған.

Орталыққа келгенімде полиция қызметкерлерін көріп, есік алдында 15 минут күттім. Себебі ішке ешкімді кіргізбеді. Бишімбаевтың киімдерін Байжановтың жанында тұрған бір әйелге қалдырып кеттім. Ол жерде 2 сағат шамасындай тұрып, әлеуметтік желіде Бишімбаевтың әйелі қайтыс болғаны жөнінде хабарды естідім. Бірақ нақты өлім себебін білмедім, - деді куәгер.

Миражан Махан
Бөлісу: