2000-жылдары жарық көрген «Сен» және «Ханшайым» әндері тыңдарман арасында хитке айналды. «Бәйтерек» тобының бұл туындылары әсерлі әуенімен, сөзімен ерекшеленіп, елдің ғана емес, шетелдік тыңдармандардың да ықыласына бөленді. El.kz интернет порталы аталған әндердің тарихын білу үшін топ мүшесі Ерлан Малаевпен сұхбаттасқан еді.
«Бәйтерек» тобы қалай танылды?
Еліміздің эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған «Бәйтерек» тобы алғаш рет 2004-2005 жылдары құрылды. Топтың негізін қалаушылар – Ерлан Малаев, Нұркен Өтеуілов және Сайлау Қамиев. Үшеуі де сол жылдары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында жұмыс істеген. Өнер ордасынан түлеп ұшқан жігіттер тек актерлік шеберлікпен шектелмей, ән әлемін де бағындыруға бел буған.
Сурет: kzmp3.kz
Алғашында өзіміз ән жаза бастадық, кейін демеуші іздедік. Сөйтіп, Сайлау Қамиевтің аға-жеңгесі – Боранбай аға мен Ғалия әпке бізге демеуші болатын болды. Осылайша «Бәйтерек» деген атаумен топты ресми түрде құрып, жұмысымызды бастап кеттік, – деп еске алады Ерлан Малаев.
Топтың алғашқы репертуарында сол кезеңдегі ретро бағыттағы туындылар болды. Бірінші жазған әні – «Алматы түні» деп аталды. Одан бөлек, топ мүшелері авторлармен шығармашылық байланыс орнатып, өздерінің төл туындыларын жаза бастайды. Әнші Ерланның айтуынша, композитор Қайрат Баекеновпен бірлесе отырып, «Бал ғұмыр», «Арулар», «Аққуым, арман әнім» сияқты тың әндер жарық көрген. Бұл туындылардың сөзі Бақыт Беделхан мен Қанат Жүнісовке тиесілі.
Дегенмен, көпшіліктің жүрегіне жол тауып, «Бәйтерек» тобын сахна төріне біржола танытқан әндер – «Сен» және «Ханшайым» болды. Бұл қос туынды топтың репертуарындағы алтын қордың негізі деуге болады. Мәтіні де, әуені де тыңдарман жүрегінен орын тауып, әндері ел арасында хитке айналды.
«Сен» әні қалай жазылды?
«Бәйтерек» тобының репертуарындағы шоқтығы биік, тыңдарманды жаулап алған әндердің бірі – «Сен». Бұл туындының жарыққа шығуы да топтың шығармашылық жолында үлкен серпіліс әкелген сәттердің бірі болды.
Бұл әнді арнайы бір адамға арнап жаздық деп айта алмаймын. Басты мақсатымыз – сол кезеңдегі басқа топтарға ұқсамайтын, өзіндік стилі бар ерекше ән жаздыру еді. Сол ізденістің нәтижесінде «Сен» дүниеге келді, – дейді Ерлан Малаев.
Әннің сөзі белгілі ақын Қанат Жүнісовке, ал әуені композитор, әнші Қайрат Баекеновке тиесілі. «Бәйтерек» тобы бұл әнді жай ғана дайын күйінде сатып алмаған. Керісінше, тапсырыспен, өз талаптарына сай жаздырған.
Қайрат Баекеновке арнайы тапсырыс бердік. «Бізге бір ерекше ән керек» деп ойымызды ашық айттық. Қайрат алғашқы нұсқасын екі-үш аптаның ішінде шығарып берді. Содан кейін Қанат Жүнісов мәтінін жазды. Осылайша, Қайрат, Қанат және біз – «Бәйтерек» тобы бірігіп, «Сен» әнін шығардық, – деп бөлісті топ мүшесі.
«Сен» әні жазылып біткеннен кейін, топ мүшелері ең алдымен оны бірге жазған авторларға тыңдатқан. Композитор Қайрат Баекенов пен ақын Қанат Жүнісов жаңа туындыны алғашқылардың бірі болып бағалады.
Біз үшін бұл ән жай ғана туынды емес, жүрегімізден шыққан алғашқы шынайы дүние еді. Қайрат пен Қанат тыңдаған соң, сол кезде бізге көп көмегі тиген Оралхан ағамыз да тыңдады. Өкінішке қарай, ол кісі қазір арамызда жоқ. Ол жылдары Астанада шоу-бизнес енді-енді қалыптасып келе жатқан. Әнді үлкен аудиторияға бірден жеткізу оңай болмады, – дейді Ерлан Малаев.
Дегенмен, өнерге деген шынайы сүйіспеншілік пен еңбек еш кетпеді. Ол кезде әлеуметтік желі де, YouTube те кең таралмаған шақ еді. Бірақ шығармашылықты бағалай білетін жастар CD-дискі мен кассеталар арқылы әнді ел арасына таратып жіберді. Бұл да «Сен» әнінің табиғи жолмен хитке айналғанының дәлелі.
Шынымды айтсам, бұл ән дәл осындай танымал болады деп ойламадық. Бір кезде сатушы жігіттер әнімізді CD-дискімен сатып алды, солай елге таратты. Кейін біз Алматыда клип түсірдік. Клипке мен, Нұркен, Сайлау үшеуміз түстік. Осылайша «Сен» әні тыңдарман жүрегіне жол тартып, «Бәйтерек» тобын танымал ете түсті, – дейді топ мүшесі.
«Ханшайым» әні қалай жазылды?
«Бәйтерек» тобының репертуарындағы тағы бір жүрекке жеткен туынды – «Ханшайым». Тыңдарманның ықыласына бөленіп, топтың бойтұмарына айналған бұл ән де кездейсоқ жазыла салған дүние емес. Оның артында заманның ықпалы, музыкалық ізденіс жатыр.
Сол кездерде шоу-бизнесте шығыс стиліндегі әндер алдыңғы қатарға шықты. Түркиядан Таркан, Мустафа Сандал сияқты әншілер танылып жатты. Елімізде де сол бағытта ән айтатын топтар көбейді. Біз де сол толқыннан қалмай, шығыстық сарынмен ән жазу керек деген шешімге келдік. Осылайша «Ханшайым» дүниеге келді, – деп еске алады Ерлан Малаев.
Әннің сөзі – Қанат Жүнісовтікі, ал әуені – Қайрат Баекеновке тиесілі. «Сен» сияқты, «Ханшайым» да белгілі бір адамға арналып жазылмаған.
Біз ешқашан нақты бір адамға арнап ән жаздыртқан емеспіз. Біз үшін ең маңыздысы – заман талабына сай, халыққа өтімді ән шығару. «Ханшайым» да сол мақсатпен жазылды. Бірақ дәл осылай ел арасына кең тарап, тыңдарман жүрегін жаулап алады деп ойламадық, – дейді әнші.
Кез келген әннің жарыққа шығуы – ұзақ әрі күрделі процесс. «Ханшайым» да сол жолдан өтті. Ән бір күнде дайын бола қойған жоқ. Дыбыстың дәлдігі, дауыс ырғағы, әннің эмоциясын сезіну – барлығы маңызды.
Студияда қиындық болмай қоймайды. Кейде дауысымыз тембр жағынан үйлеспей жатады, кейде әнді келтіру қиын болады. Бірден жазыла салатын әндер де бар, кейбірін бірнеше күн, тіпті апта бойы жазуға тура келеді. «Ханшайым» сол қатардағы әндердің бірі болды, – дейді әнші.
Нәтижесінде, бұл туынды да көп ұзамай халық арасында танымалдылыққа ие болды. Еліміздің түкпір-түкпірінде орындалып, тыңдарманның шынайы ықыласына бөленді.
Шынымды айтсам, бұл ән дәл осылай халық жүрегіне жол табады деп ойламадық. Ән алдымен танымал болып кетті, бірақ оны кім орындайтынын ешкім біле қоймады. Жарнамалармен бердік, сөйтіп әуен тез таралды. Содан кейін қызық жағдайлар бола бастады. «Бұл әнді айтып жүрген жігіттер кім өзі? Қазақстандықтар ма?» деген әңгіме тарады. Тіпті бір кезде «Моңғолиядан келген үш жігіт айтады екен» деген қауесет шықты, – деп күліп еске алады Ерлан Малаев.
Әнге деген халықтың махаббаты ерекше болды. Әсіресе, қыздар қауымы ерекше ықылас танытты. Топ мүшелері үшін бұл күтпеген, бірақ жағымды жағдай еді. Әншілерге деген сүйіспеншілік тек сахнада ғана емес, сахна сыртында да көрініс тапты.
Ол кезде біз 25 жаста едік. Әндеріміз хит болып, концертке сұраныс көбейді. Қазақстанды түгел аралап, ауыл-аудандарға дейін бардық. Шетелдерден де шақырулар түсе бастады. Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай тарапынан да қызығушылық артты. Сол кезде кейбір қыздар да сезімін білдіріп жатты. Суреттерімізді төсектің басына қойып, жастап жататындар да болды. Бұл – әр әншінің бастан өткеретін шағы деп ойлаймын, – дейді Ерлан Малаев.
Бүгінде «Сен» мен «Ханшайым» әндері «Бәйтерек» тобының бойтұмарына айналған.
Бұл әндер бізді сахнаға алып шықты, халықпен табыстырды. Олардың әр нотасында біздің жастық шағымыз, ізденісіміз, еңбегіміз жатыр, – дейді Ерлан Малаев.
«Бәйтерек» тобы сахнаға қайта оралды
2000-жылдары қазақ эстрадасында жарқ етіп шыққан «Бәйтерек» тобы 2013-2014 жылдары шығармашылық үзіліске кеткен болатын. Әрбір өнер иесінің жолында тоқырау мен жаңа бағыт іздейтін сәттері кездесетіні заңдылық.
Сол жылдары топтың шығармашылық қарқыны бәсеңдей бастады. Сайлау Қамиев режиссерлікке бет бұрып, кәсіби жолын жалғастырды. Қазір Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры, әрі Қазақ Ұлттық өнер университетінде профессор болып қызмет атқарады. Ал Нұркен Өтеуілов екеуміз театрда қалдық, – дейді Ерлан Малаев.
Алайда халықтың сұранысы мен сағынышы «Бәйтерек» атауының қайта оралуына себепші болды. Ерлан сахнада жеке әнші ретінде өнер көрсетіп жүрген кезінде тыңдармандардан «Бәйтерек қашан қайта шығады?», «Жігіттер, неге жиналмайсыңдар?» дегенді жиі еститін. Сөйтіп, топты қайта құру туралы шешім қабылдайды.
Жігіттерге айттым. Олар енді ән айтпаймыз деген соң, рұқсаттарын сұрап, «Бәйтерек» тобын жаңа құраммен жалғастыруды ұйғардым. Жас, талантты жігіттерді іздеп, топқа жаңа леп беруді мақсат еттім, – деп бөліседі топ мүшесі.
Жаңа құрамды жасақтау – оңай шаруа емес. Ерлан Малаев бұл іске кәсіби тұрғыда, үлкен жауапкершілікпен қараған. Ол ел ішіндегі талантты жастарды іздеп, кастинг өткізді. Дауысы, келбеті, сахнадағы харизмасы – бәрін саралай келе, Дархан Дәулетияр мен Нұрдәулет Шияп есімді жігіттерді таңдаған.
Бірнеше үміткерді тыңдап, ішінен осы екеуіне тоқталдым. Екеуі де талантты, еңбекқор. Қазір менімен бірге сахнада ән салып, ел аралап жүр, – дейді топ жетекшісі.
«Бәйтерек» атауын қайта жаңғырту оңай шешім болмаған. Халық бұрынғы құрамға үйреніп қалған. Ерлан да алғашқыда қобалжығанын жасырмайды.
Басында расымен қорықтым. Жаңа құрамды тыңдарман қабылдай ма, жоқ па деген күдік болды. Бірақ біз «Сен», «Ханшайым» секілді бұрынғы танымал әндерді жаңа аранжировкамен қайта жазып, жаңа дауысқа бейімдедік. Тыңдарманның көңілінен шығуға тырыстық. Басында жұрт Нұркен мен Сайлауды сұрады. Мен барған жерде халыққа жаңа жігіттерді таныстырып, неге топ құрамын жаңартқанымды түсіндірдім. Бүгінде Дархан мен Нұрдәулетпен бірге Қазақстан бойынша концерт беріп жүрміз, – дейді Ерлан Малаев.
Айта кетейік, бұған дейін шетел әндерін қазақша орындап жүрген журналист туралы жазған едік.