28.07.2025
13:41
723
Байлық пен батылдық: өз күшімен миллиардер атанған әйелдер

Байлық пен батылдық: өз күшімен миллиардер атанған әйелдер

Бүгінгі таңда әлемнің әр түкпіріндегі әйелдер түрлі салада көш бастап келеді. Көмір өндіру, коллаген өнімдері, ІТ, тіпті соя соусы өндірісі сияқты бағыттарда олар ерлермен терезесі тең бәсекеге түсіп, талай тосқауылдарды еңсеріп жатыр. Статистика көрсеткендей, дәл қазір – әйелдер үшін бизнес бастауға ең тиімді кезең, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазіргі таңда әлем бойынша 658 миллионға жуық әйел кәсіпорын иесі немесе негізін қалаушы ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш ерлермен салыстырғанда (772 миллион) аз болғанымен, маңызды айырмашылық бар: әйелдердің шамамен үштен екісі – бизнесін жаңадан бастағандар. Ал ерлер арасында мұндай үлес жартысына да жетпейді. Бұл туралы Global Entrepreneurship Monitor (GEM) баяндамасында нақты көрсетілген.

Әйелдер кәсіпкерлігі – денсаулық сақтау мен білім берудегі теңсіздікті азайтудың ең тиімді жолы. Әйелдер басқаратын компаниялар адамдарға қолайлы орта қалыптастырады. Ал дәл осындай ортада ірі корпорациялар бизнестерін өркендетуге ниетті болады. Қазір халықаралық даму саласында мұны түсіну жаңа серпін алып отыр, – дейді GEM-нің әйелдер кәсіпкерлігіне арналған жинақтың авторы Аманда Элам.

Әлемдік бизнес сахнасында әйелдердің рөлі артып келеді. Мұны Forbes алғаш рет жариялаған ең бай 50 өз қолымен байыған әйелдің рейтингі де айқын дәлелдейді. Бұл әйелдер көмір мен биотехнологиядан бастап, бөлшек сауда мен ІТ-ге дейінгі түрлі салада жетістікке жеткен. Олар 13 ел мен төрт құрлықты қамтиды, дегенмен Африка мен Оңтүстік Америка елдерінен бұл тізімде ешкім жоқ. Жалпы жиынтық байлық – 276 миллиард доллар, яғни бір әйелге орта есеппен 5,5 миллиард. 2021 жылғы рекордтық деңгейден 10 миллиардқа аз болса да, 2017 жылмен салыстырғанда 158 миллиард долларға көп. Айта кетейік, дәл сол жылы Forbes алғаш рет осындай масштабта әйел миллиардерлерді есепке алған еді.

Кәсіпкер әйелдердің барлығы 13 елден шыққан. АҚШ пен Қытай көш бастап тұр.

  • АҚШ (United States) – 18 әйел
  • Қытай / Гонконг (China/Hong Kong) – 18 әйел
  • Канада (Canada) – 2 әйел
  • Үндістан (India) – 2 әйел
  • Индонезия (Indonesia) – 2 әйел
  • Ұлыбритания (United Kingdom) – 2 әйел
  • Аустралия (Australia) – 1 әйел
  • Грекия (Greece) – 1 әйел
  • Италия (Italy) – 1 әйел
  • Ресей (Russia) – 1 әйел
  • Вьетнам (Vietnam) – 1 әйел

Тізімдегі әрбір төрт кәсіпкер әйелдің біреуі – Азия-Тынық мұхиты өңірінен. Нақтырақ айтсақ, мұнда 24 өкіл бар. Ең жасы – 38 жастағы Мелани Перкинс. Австралиялық кәсіпкер Canva дизайн платформасын құрып, бүкіл әлемге танылды. Ал тізімдегі келесі жас буын өкілі – ресейлік Татьяна Ким, жасы 49-да. Кәсіпкерлікке дейін ағылшын тілінің мұғалімі болған ол бүгінде Ресейдің ірі онлайн-маркеті – Wildberries-тің негізін қалаушы.

Рейтингке енген әйелдер 14 түрлі салада табысқа жеткен. Бірақ олардың ішінде ең көп байлық әкелген бағыт – технология. Бұл салада 14 әйел миллиардер атанған. Солардың ішіндегі ең байы – Чжоу Цюньфэй. Байлығы – 10 миллиард доллар. Ол сенсорлы экран шығаратын Lens Technology компаниясының негізін қалаған. Қазір оның клиенттерінің қатарында Apple, Samsung және Tesla сияқты алыптар бар. Чжоу Цюньфэй алғашында қарапайым мигрант жұмысшысы болған. 1993 жылы өз компаниясын ашып, бүгінде 136 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Lens Technology жыл сайын 9,5 миллиард доллар табыс табады.

Технологиядан кейінгі ең кең таралған сала – бөлшек сауда. Бұл бағытта рейтингке бес әйел енген. Олардың екеуі – жаһандық fast fashion нарығын жаулап алған Shein брендінің негізін қалаушылар.

Әлемдегі ең бай кәсіпкер әйел – швейцариялық кеме тасымалы бойынша магнат Рафаэла Апонт-Диамант. Оның байлығы бүгінде 38,8 миллиард долларды құрайды. Рафаэла күйеуі Джанлуиджи Апонтемен бірге дүниежүзіндегі ең ірі жүк тасымалдаушы компаниялардың бірі – Mediterranean Shipping Company (MSC) негізін қалаған. Қазіргі таңда MSC құрамында 136 мыңнан астам қызметкер, 900 кеме және 675 кеңсе бар. Бұл бизнес небәрі 200 000 доллар несиеге алғашқы кемені сатып алудан басталған. Бар болғаны 9 жыл ішінде олардың флотында 17 кеме болған. Қазір 80 жасқа келген Рафаэла компания кемелерінің ішкі дизайнымен айналысады әрі MSC қайырымдылық қорының директорлар кеңесінде қызмет етеді.

Фото: AFP

Рейтингтегі екінші орынды – АҚШ-тағы ең бай кәсіпкер әйелдердің бірі Дайан Хендрикс иеленді. Оның байлығы – 22,3 миллиард доллар. Ол құрылыс материалдарын жеткізумен айналысатын ABC Supply компаниясының негізін қалаған. Жалпы тізімдегі 50 әйелдің 18-і - америкалық. Олардың қатарында әлемге әйгілі медиамагнат Опра Уинфри мен Meta компаниясындағы бұрынғы жоғары лауазымды топ-менеджер Шерил Сандберг те бар.

Фото: Leon Neal / Getty Images

Бұл элиталық рейтингке кіру үшін ең төменгі талап – кемінде 2,1 миллиард долларлық байлыққа ие болу. Осы межеге жете алмағандықтан, әзірге SpaceX президенті Гвинн Шотуэлл, Spanx негізін қалаушы Сара Блейкли, сондай-ақ шоу-бизнес жұлдыздары Ким Кардашьян мен Тейлор Свифт бұл тізімнен тыс қалды.

Қытай (Гонконгпен бірге) рейтингте 18 өкілмен көш бастап тұр. Солардың ішіндегі ең байы – Чжун Хуицзюань. Бұрын химия пәнінің мұғалімі болған ол 1995 жылы Hansoh Pharmaceuticals фармацевтикалық компаниясын құрған. 1999 жылы өкпе обырына қарсы Gainuo препараты арқылы үлкен табысқа жетіп, компанияның бағытын айқындап берді. Бүгінде Hansoh жыл сайын 1,7 миллиард доллар табыс табады. Негізгі қызмет бағыты – онкологиялық, инфекциялық және аутоиммунды ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек өндіру.

Фото: Getty Images

2020 жылы Вирджиния университетінің профессоры Мин-Жер Чен Қытай қоғамындағы әйел рөліне тоқталып: 

Қытай мәдениетінде әйелдер ежелден-ақ ықпал мен билікке ие болған. Тіпті қытай тілінде «жұбай» мен «тең» сөздері «ци» деп бірдей айтылады, - деп жазған еді.

Бай әйелдердің тізіміне төртінші болып жайғасқан - Чжоу Цюньфэй. Ол табандылық пен еңбекқорлықтың нағыз символы. Бүгінде ол — Lens Technology компаниясының негізін қалаушы әрі басқарма төрайымы. Компания сенсорлы экрандар шығарады және Apple, Samsung, Huawei, Tesla мен BYD секілді әлемдік техноалыптарға өнім жеткізеді.

Бірақ оның жолы бірден биіктен басталған жоқ. Жас кезінде Чжоу қарапайым мигрант жұмысшысы болды. Алайда 1993 жылы ол туыстарымен бірге Шэньчжэньдегі шағын пәтерде сағат бөлшектерін шығаратын цех ашып, алғашқы қадамын жасады. Бұл цех кейін Lens Technology компаниясына айналды. Тура 22 жылдан кейін, 2015 жылы Чжоудың компаниясы Шэньчжэнь қор биржасына шықты.

Бүгінде Чжоу Цюньфэй — жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып отырған, жаһандық нарықта орны бар алпауыт компанияның тізгінін ұстаған бірегей кәсіпкер. Ол — әлемдегі ең бай өз қолымен байыған әйелдердің бірі.

Фото: VCG

Байлығы бойынша бесіншгі орында тұрған - Дениз Коутс. Ол әлемдегі ең ірі онлайн құмар ойын платформаларының бірі Bet365 компаниясының тең бас директоры. Ол бұл бизнесті туған бауыры, миллиардер Джон Коутспен бірге басқарады.

Коутс бастапқыда бухгалтер мамандығы бойынша білім алып, кейін әкесінің иелігіндегі букмекерлік дүкендерді басқарған. Біраз уақыттан соң оларды Coral компаниясына сатып, онлайн кеңістікке бет бұрды. 2000 жылы ол Bet365.com доменін сатып алып, келесі жылы сайтты іске қосты.

Бүгінде Дениз Коутс Bet365 компаниясының шамамен жартысына иелік етеді. Жекеменшік компания жыл сайын 65 миллиард доллардан астам мөлшерде бәс тігу операцияларын жүргізеді.

Фото: Bet365/PA

Джуди Фолкнер — Forbes рейтингінде алтыншы орында тұр. Ол - әлемдегі медициналық технология саласындағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі. 1979 жылы Висконсин штатында үйдің жертөлесінде Epic Systems компаниясының негізін қалаған. Бүгінде компанияның CEO қызметін атқаратын Фолкнер — кәсіби бағдарламашы, әрі компанияның шамамен 43%-ына иелік етеді.

Epic Systems — медициналық жазбаларға арналған бағдарламалық жасақтама әзірлейтін ірі провайдер. Компания шешімдері 250 миллионнан астам пациенттің медициналық деректерін қамтиды. Epic платформасын бүгінде Johns Hopkins, Mayo Clinic сынды жетекші медицина орталықтары пайдаланады.

Айта кетерлігі, Epic сырттан инвестиция тартпаған, ешқандай компанияны сатып алмаған — барлық өнімді өз ішінде, дербес әзірлейді.

Фолкнер 2015 жылы Giving Pledge-ке қол қойып, өз байлығының 99%-ын қайырымдылыққа беруге уәде етті. 2024 жылы Forbes-қа берген сұхбатында ол жыл сайын шамамен 100 миллион долларлық Epic акциясын компанияға кері сатып, бұл қаражатты Roots & Wings атты жеке қайырымдылық қорына бағыттап отырғанын айтты.

Фото: Jamel Toppin for Forbes

Ван Лайчун — электроника өнеркәсібіндегі ықпалды кәсіпкер, бүгінде Luxshare Precision Industry компаниясының басқарма төрайымы. Бұл компания электроникаға арналған коннекторлар мен компоненттер шығарады және оның негізгі тұтынушыларының бірі — Apple.

Wang кәсіби жолын Тайвань миллиардері Терри Гоудың әйгілі Hon Hai Precision Industry (Foxconn) компаниясында бастап, он жыл бойы еңбек етті. 1997 жылы ол бұл компаниядан кетіп, 2004 жылы туған бауыры Wang Laisheng-пен бірге Luxshare компаниясын құрды. Қазіргі таңда бауыры компанияның вице-төрағасы қызметін атқарады.

Wang Laichun — Бейжіңдегі Цинхуа университетінің EMBA дәрежесіне ие. Ол халықаралық ортада Grace Wang атымен де танымал.

 

Мэриан Иллич — америкалық кәсіпкер, Little Caesars Pizza желісінің негізін қалаушылардың бірі. Ол бұл бизнесті 1959 жылы жұбайы Майк Илличпен бірге бастаған. Қазір жылдық айналымы 5 миллиард доллардан асатын пицца империясы толықтай Мэрианның иелігінде.

Кәсіпкердің активтері тек аспаздықпен шектелмейді. Ол Detroit Red Wings хоккей клубының және MotorCity Casino Hotel-дің иесі. Ал әйгілі Detroit Tigers бейсбол клубы Илличтер отбасының сенімгерлік қоры арқылы басқарылады.

Бүгінде Мэриан Иллич Детройт қаласында құны 1,4 миллиард доллар болатын спорт және ойын-сауық ауданының құрылысына инвестиция салып отыр. Жаңа штаб-пәтер ғимараты ерекше — оның терезелері пицца тілімі пішінінде жасалған. Бизнесінің алғашқы жылдарында Мэриан жұбайы Майкты пиццаны тегін тарата бермей, шығынға батпауға көндіруге тырысқан.

Фото: detroitnews.com

Лин Тан — AppLovin компаниясының IPO-ға дейінгі ірі инвесторларының бірі. Бұл маркетингтік бағдарламалық жасақтама және мобильді ойындар әзірлеумен айналысатын компания 2021 жылы биржаға алғаш шыққанда, бағалануы 25 миллиард долларға жеткен болатын.

Лин Тан Angel Pride Holdings Ltd. арқылы AppLovin-нің 5 пайыздық үлесіне иелік етеді. Ол компаниядан шыққан сегіз миллиардердің бірі саналады. Биржаға шыққаннан кейін AppLovin-нің нарықтық құны үш еседен астам өсті.

Тан туралы ақпарат өте аз. Алайда құнды қағаздар жөніндегі ресми құжаттарда оның бизнес мекенжайы Гонконгтағы Hao Tang есімді тағы бір жұмбақ AppLovin инвесторымен бір көшеде орналасқан деп көрсетілген.

Линда Ресник пен жұбайы Стюарт ауыл шаруашылығынан миллиардтаған табыс тапқан жұптардың бірі. Олар Калифорнияда бадам мен апельсин, ал Техаста дәнсіз лимон өсіріп, жаңғақ пен цитрус өнімдері бойынша әлемдік көшбасшыларға айналған.

Екеуі бірге The Wonderful Company компаниясын құрған. Бұл — АҚШ-тағы ең ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Қазір олардың ортақ байлығы шамамен 12,6 миллиард долларды құрайды.

Линда колледжді 19 жасында тастап, өз жарнама агенттігін ашқан. Сол кезде Стюарт оған маркетингтік көмек сұрап келеді. Осылайша олар танысып, кейін бір-біріне өмірлік серік қана емес, іскерлік серіктес те болады.

Қазір Линда қайырымдылықпен белсенді айналысады. Ресниктер түрлі игі бастамаларға, соның ішінде климаттың өзгеруіне қатысты зерттеулерге 2 миллиард доллардан астам қаржы бөлуге уәде еткен. 

Айта кету керек, Линда Ресник Forbes рейтингіндегі ең бай әйелдер ондығын түйіндейді.

Фото: Getty Images for VIOLET GREY

Әйел кәсіпкерлер тарихтағы ең қарқынды кезеңін бастан кешіп жатқанымен, гендерлік теңдік мәселесі әлі де шешілген жоқ. Мәселен, Forbes тізіміндегі ең бай 50 әйелдің жиынтық байлығы – 276 миллиард доллар. Ал дәл сондай санаттағы ер адамдардың жиынтық капиталы – 3,8 триллион. Айырмашылық – он төрт есеге жуық. Бұл тек статистика ғана емес, ұзақ уақыт бойы қалыптасқан құрылымдық кедергілер мен мүмкіндіктер теңсіздігінің нақты көрінісі.

Әйелдердің кәсіпкерлік жетістігі жайлы айтқанда, үлкен суретті назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгінде әлем бойынша миллиардер атанған 1 920 ер адам бар – бұл әйелдер санына қарағанда 18 есе көп. Ал өз еңбегімен байығандардың жалпы байлығы 11,2 триллион доллар болса, соның 96 пайызы ерлерге тиесілі. Әйелдерге қалғаны – бар болғаны 4 пайыз. Гендерлік теңдік туралы көп айтылады, бірақ жаһандық капиталдың нақты бөлінісі бұл теңдіктің әлі де қағаз жүзінде екенін көрсетіп тұр.

Қазіргі таңда өз күшімен байыған әйелдер әлемдегі барлық миллиардерлердің 3,5 пайызын құрап отыр. Иә, бұл әлі де мардымсыз үлес, бірақ 2017 жылмен салыстырғанда 50 пайыздық өсім бар. Яғни, баяу болса да алға жылжу бар. Бұл – өзгеріс жолындағы алғашқы нақты нәтижелердің бірі.