Байланыс қызметтерінің бағасы жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалады

8 Желтоқсан, 06:18 389

Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен талқылау нәтижесінде байланыс қызметтерінің қолданыстағы тарифтерін 2024 жылдың соңына дейін сақтап қалу туралы келісімге келгенін хабарлайды, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің бұл бастамасы азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған, себебі байланыс құнының тұрақтылығы цифрлық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды шарттардың бірі болып табылады. Байланыс операторлары мемлекет бастамасына қолдау көрсетіп, экономикалық қиындықтарға қарамастан, қолданыстағы тарифтерді сақтап қалуға дайын екендіктерін білдірді.

Байланыс – күнделікті өмірдің, жұмыстың және оқудың негізі. Байланыс қызметтерінің тарифтерін тұрақты деңгейде сақтау – азаматтардың мүдделерін қорғауға және әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдауға деген ұстанымымыздың айқын дәлелі, – деп атап өтті министрлікте.

Министрлік міндеттемелердің орындалуын қадағалауды жалғастырып, елдің телекоммуникациялық инфрақұрылымын одан әрі дамыту бойынша шаралар қабылдайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: