Баян Есентаеваның қоры тағы бір сериалмен толықты

26 Қараша 2014, 12:54

6-қазан күні «Хабар» арнасында «Махаббатым жүрегімде» сериалының премьерасы өтті. 12 сериядан тұратын бұл жобаны жасаған – шоу-бизнес әлемінің жарқын өкілі Баян Есентаева.

6-қазан күні «Хабар» арнасында «Махаббатым жүрегімде» сериалының премьерасы өтті. 12 сериядан тұратын бұл жобаны жасаған – шоу-бизнес әлемінің жарқын өкілі Баян Есентаева.

«Махаббатым жүрегімде» - аты айтып тұрғандай, махаббат туралы және әке мен бала арасындағы дәстүрлі келіспеушілік жайлы мелодрама. Сценарий желісі Қазақ Британ Техникалық Университетінде білім алатын екі студенттің бір-біріне деген сезімі аясында жазылған. Олардың  бірі – Дастан, екіншісі – Кәмшат.

Сериалдың драмаға толы болу себебі сол, бұл екеуі екі түрлі отбасыдан шыққан, сәйкесінше екеуінің оңай қосылуына көп кедергілер бар.

Дастан бақуатты жанұядан шыққан  және көп адамның қолы жете бермейтін Кембридж университетінің түлегі. Ата-анасының оған деген үміті зор. Олар тіпті өз ұлына қыз айттырып қояды.  Алайда, Дастан өзге бір қызға, ауылдан шыққан қарапайым қыз Кәмшатқа ғашық болып қалады.

Кәмшат, ауылдан шыққанына қарамастан, өте білімді қыз. Оның шетелдің үздік білімін алып келген адамды тығырыққа тіреуі осының айқын көрінісі. Кәмшат түсінігі терең, тәрбиелі қыз ретінде өз ата-анасына салмақ салмай, оқудан бөлек жалданып жұмыс істеп үлгереді.

Сериалдағы негізгі мораль: егер махаббат сезімдері шынайы болса, оларға ешкім және ешнәрсе кедергі бола алмайды.

Бір қызығы, негізгі кейіпкерлер кәсіби емес, әуесқой актерлар. Дастанның рөлін негізгі білімі бойынша инженер-механик Тәуекел Муслим сомдаса, Кәмшаттың рөлінде «Қазақ аруы – 2014» ұлттық байқауының жеңімпазы Гүлназ Жоланова ойнаған.

Негізгі кейіпкерлердің әуесқой болуына қарамастан, телехикаяда біршама танымал актерлар да кездеседі. Солардың бірі жоба жетекшісі Баян Есентаеваның өзі де бар.

Сценарийін Тимур Жақсылықов пен Айдар Еспенбетов жазған бұл телехикаяны отандық коммерциялық жобаларға өте белсенді араласатын Асқар Ұзабаев түсірді.

«Махаббатым жүрегімде» сериалын түсіруге 3 ай кетті.

Авторлық пікір

Көп сериалы картинадағы көтерілген тақырып бүгінгі қоғам үшін өте өзекті. Бай мен кедей, білім, еңбекқорлық, ата-анаға салмақ салмау – осының бәрі біз үшін қажет-ақ. Кәсіби көзқараспен қарасақ, туындыда кемшіліктер жоқ емес: динамиканың аз болуы, сценарийдегі примитивті дүниелер. Дегенмен, мұндай отандық телехикаялардың болуын әрдайым қолдау қажет, өйткені ондағы актерлар да, идея да, оқиға да біздің қоғамға арналған.

Телехикаяны «Хабар» арнасынан күнделікті 21.30 уақытында көре аласыз.



Дәурен Омаров

Бөлісу: